Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Өсім көздері қауқарлы болуы керек

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ жиында электронды сауданы дамыту мәселелері қаралды.

Биылғы қаңтар-сәуір айла­рындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін баяндаған ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің айтуынша, осы мерзімде ІЖӨ өсімі 4%-ке жетті. Бұл көрсеткішке өңдеу өнеркәсібіндегі, қыз­меттер саласындағы жеделдеу, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы тұрақты қар­қын арқылы қол жеткізілген. Аталған негізгі салаларда инвестициялар айтарлықтай өсіп, өткен сәуірде халықаралық қорлар $86 млрд құрады. «Өңдеу өнеркәсібінде өсуге бағытталған тренд сақталып, 4 айда шығарылым 3,5%-ке дейін ұлғайды. Өңдеу қарқынының артуына мұнайды қайта өңдеудегі, машина жасаудағы, сусындар өндірудегі өсудің үдеуі, сондай-ақ фармацевтиканың плюстік аймаққа шығуы әсер етті», – деді экономика министрі. Құрылыс саласындағы серпін тұрақты, онымен байланысты жұмыстар көлемі 8,4%-ке ұлғайды. Ауыл шаруашылығы қалыпты өсу қарқынын ұстап, өндіріс көлемі 3,6%-ке артты. Есепті кезеңде көрсетілетін қызметтер саласы 4,2% өсім көрсетті. Бұл сегментте сауда – өсудің алдыңғы қатарында, яғни ондағы өсім 7,3% деңгейінде тіркелді. Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автобөлшектерді, мұнай өнімдерін және жанар-жағар май сатуды ұлғайтумен байланысты. Сонымен бірге көлік саласында 4,8%-ке дейін үдеу тіркелді: әуе көлігінің жүк айналымы 1,9 есеге, автомобиль көлігінің жүк айналымы 9,7%-ке өсті. Осы жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы $20,4 млрд құрағанын айта кеткен жөн. Экспорт көлемі $13,3 млрд құрады. Мұнай мен металдарды қоспағанда, экспорттық жеткізілімдердің өсуі екі таңбалы санға – 19,8%-ке жетті.
Үкімет басшысы Ұлттық банк төрағасының, ұлттық экономика, қаржы, индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлерінің, өңір әкімдерінің баяндамаларын тың­да­ғаннан кейін, осы қарқынды сақтап қана қоймай, экономиканы одан әрі дамыту бойынша шараларды қабылдау қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдерін арттыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Ағымдағы жылдың 4 айындағы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы ми­нистрі Ә.Смайылов баяндады. Осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке кірістер – 2,1 трлн теңгені, өсім қарқыны 119,4%-ті құрады. Есепті кезеңде республикалық бюджетті игеру 98,3%-ті құрады. Үкімет басшысы бағдарламалардың бірқатар әкімшілерінде бақыланған бюджеттің толық орындалмауына байланысты жұмысты күшейтіп, бюджет қаражатын уақытылы игеруді қамтамасыз етуді тапсырды. «Қолда бар қорларды тиімді пайдалану, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық да­му бағдарламаларын және басқа да салалық мемлекеттік бағдар­ламалардың сапалы әрі толық іске асырылуын қамтамасыз ету қажет», – дей келе, А.Мамин аталған бағдарламаларды іске асыру экономиканы дамытуға елеулі серпін беретінін атап айтты. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға экономиканы дамыту қарқынын жеделдету үшін барлық күш жігерді жұмсау тапсырылды.
Отырыс барысында елімізде электронды сауданы дамыту бой­ынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстар туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев, «Қазпошта» АҚ бас­қарма төрағасы С.Сәрсенов баяндады.
Бүгінгі таңда аталмыш және іргелес салаларда 33 мың адам жұмыспен қамтылған, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 314 мың адамға дейін жеткізу көзделген. Болжам бойынша сол жылға қарай қазақстандық интернет алаңдардағы сатып алу көлемі 153 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсіп, бөлшек сауданың 25%-ін құрайтын болады. Электронды коммерция аясында логистикалық компаниялардың транзиттен күтілетін кірісі 1270 млрд теңгеге дейін өседі.
Үкімет басшысы электронды сауданы экономика өсуінің қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Дамыған инфра­құрылымды ескерумен электронды сауда көлемін арттыру жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Премьер-министр электрондық сауда арқы­лы отандық ауыл шаруашылығы өн­дірісінің және басқа да өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін шетелдерге, оның ішінде Қытай нарығына өткізу әлеуетін атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығы тауарлары мен тамақ өнімдерін электронды сауда-саттық арқылы өткізу жыл сайын 20%-ке өсетін болады. «Қазіргі кезде әлемде ірі сауда желілерінің жабылып, олардың электронды коммерция қоймалары ретінде пайдаланылуын ескерсек, алдағы уақытта логистикалық орталықтар нарықтың негізгі бағытына айналуы мүмкін», – деді А.Мамин.
Осыған байланысты еліміздің барлық ірі қалаларында көлік-логистикалық орталықтарды іске қосу бойынша жұмыстарды жал­ғастыру, бұл жұмысқа отандық және шетелдік инвесторларды, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдану арқылы тарту керектігіне назар аударылды. Сонымен қатар Қорғаста қазір жұмыс істеп тұр­ған инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігін қарастырған жөн. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр 2025 жылға дейінгі электронды коммерцияны дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру