Валюта бағамы: $ 384.87 432.52 6.11 ¥ 55.95

Теңге бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда

Сәуірде айлық инфляция 0,5 пайызды құрады. Жылдық инфляция биылға межеленген 4-6% нысаналы дәліздің орта шамасында тұрақтанып, өткен айдың қорытындысы бойынша 4,9% деңгейде қалыптасты. Бұл туралы сейсенбідегі үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтып өткен Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев жалпы ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты деп бағалады.

Инфляция деңгейінің төмендеуі­не жылдық шамада алғанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы өсуінің 6%-ға дейін және ақылы қызметтерге тарифтердің 1,2%-ға дейін баяулауы ықпал еткен. Осы ретте Ұлттық банк басшысы инфляцияны орта мерзімді кезеңде нысаналы дәлізде сақтау үшін жылдық көрсетуде 7,1%-ға өскен азық-түлік сегментіндегі бағаны тұрақтандыру бағытында үкіметтің жүйелі шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. «Инфляцияның ағымдағы деңгейін және инфляциялық күтулерді ескере отырып, базалық мөлшерлеме 9,00%-ға дейін төмендетілді және дәліз +/-1 пайыз­дық тармақ шегінде сақталды. Инфляцияның тұрақтануы және қаржы-несие саясатының жұмсаруы кредиттердің қолжетімділігінің артуын қамтамасыз етеді. Биыл наурызда бизнеске арналған теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме өткен жылғы наурыздағы 12,8 пайызбен салыстырғанда 12,0%-ға дейін төмендеді, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 12,1%, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 11,5%», – деді Е.Досаев.
Қаржы реттеушісінің басшысы банк секторында қалыпқа келтіру үдерісі аяқталуға жақындап қалғанын айтты. «Банктер жұмыс істемейтін қарыздарды тануды, сондай-ақ әлеуетті кредиттік шығындарға провизияларды ұлғайтуды жалғасты­руда. Жұмыс істемейтін қарыздар биыл жылдың басындағы несие қоржынының 7,4%-нан наурыздың қорытындысы бойынша 8,6%-ға дейін өсті. Қалыптасқан провизиялар 2,3 трлн теңгеге дейін немесе несие қоржынының 17,9%-на дейін өсті», – деді бас банкир.
Кредиттеу нарығы белсенді түрде қалпына келуде. Биылғы қаңтар-наурызда 2,9 трлн теңге сомаға жаңа кредиттер беріліп, өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Ұлттық банк төрағасы кредиттеудің өсуіне қорландыру базасының сапалы жақсаруы ықпал етіп отырғанын атап өтті. Ұлттық валютадағы салымдар биыл жылдың басынан бері 5,1%-ға өсіп, шетел валютасындағы салымдар 20,4%-ға төмендеген. Осының салдарынан депозиттерді долларландыру соңғы 5 жылда ең аз мәнге жетіп, 41,5%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық банк басшысы хабар­лағандай, ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Бағам белгілеу сұраныс пен ұсыныстың, яғни нарықтық факторлардың негізінде орын алып отыр. Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 384,2 теңгеден 379,43 теңгеге дейін нығайды. Теңге бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Мәселен, мұнайдың әлемдік бағасы жыл басынан бергі кезеңде бір баррель үшін 54 доллардан $70-ке дейін жетіп, 31,3%-ға өсті. Мұнай баға­сының өсуі, сондай-ақ шетелдік қоржындық инвестициялардың келуі аясында жыл басынан бері Ресей рублі бір АҚШ доллары үшін 65,23 рубльге дейін, 6,1%-ға нығайды. АҚШ федералдық резервтер жүйесінің пайыздық саясатқа қатысты ұстанған бағытының жұмсаруы да ақша ағындарының дамушы нарықтарға қайта бет алуына және қазақстандық активтерге деген сұранысқа ықпал етеді. Алайда АҚШ пен Қытай арасындағы орын алған сауда шиеленісіне қатысты түйіннің қашан, қалай шешілетіні белгісіз болып тұрған жағдайда барлық дамушы елдердің валюталарына қысым сақталатын болмақ.
Төлем теңгерімінің ахуалы жақсару үстінде. Алдын ала бағалауға сәйкес, биыл бірінші тоқсанда ағымдағы операциялар шоты 0,8 млрд АҚШ долларына тең профицитпен қалыптасты. Ағымдағы шоттың профициті қатарынан екі тоқсан бойында теңгенің нығаюы­на алғышарттар жасайды. «Бұл жақ­саруға сауда теңгерімінің оң сальдосының 14,4%-ға, яғни 7,1 млрд АҚШ долларына дейін өсуі себеп болды. Тауарлар экспорты 14,9 млрд АҚШ долларына дейін жетіп, 9,9%-ға, тауарлар импорты 7,8 млрд АҚШ доллары көлемінде болып, 6,1%-ға ұлғайды», – деді Е.Досаев.
Ұлттық банк басшысы сәуір айының соңында жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құрағанын атап өтті. Ұлттық қордың активтері жылдың басынан бері 58 млрд АҚШ долларынан 59,3 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері сәуірде 0,2%-ға ұлғайып, 1 мамырда 27,1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі соманы құрады. Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, жалпы халықаралық резервтер сәуірде 0,4%-ға өсті.
Еліміз Ұлттық банкінің жалпы халықаралық резервтерінің көлемі сыртқы борышқа және тауарлар мен қызметтер импортына қызмет көрсе­ту бойынша макроэкономикалық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады. Жыл басынан бергі кезеңде резервтер көлемінің төмендеуі сыртқы міндеттемелерге, оның ішінде Үкіметтің сыртқы борышы мен квазимемлекеттік секторға қызмет көрсету, сондай-ақ салымдарды долларсыздандырудың жалғасуына байланысты екінші деңгейдегі банк­тердің корреспонденттік шоттарынан қаражаттың әкетілуінің салдары болып табылады.
Осы ретте Ұлттық банк жекелеген сарапшылардың арандатушылық бақылауына және болжамдарына ермеуді және тәуекелді алыпсатар­лық операциялардан абай болуды ескер­теді. Ұлттық банк валюта­лық нарықтағы жағдайды тұрақты негізде зерттеп, зерделеп отырады, қажет болған жағдайда қаржылық тұрақ­тылықтың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында тиісті шараларды жүзеге асыратын болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру