Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Кәсіпорындар – қуатты даму жолында

Павлодар облысы – минералды және көмірсутегі шикізатын игерумен айналысатын дәстүрлі салалық өндірістер мен кәсіпорындар оңтайлы үйлесім тауып, аумақтық өндірістік кешен қалыптасқан бірегей өңір. Еліміздің өнеркәсіптік тірегі саналатын аймақтағы бірқатар кәсіпорындардың тынысын салалық министрлік басшысы Роман Скляр бақылап қайтты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі алдымен мыс кенін өндіру мен байыту жөніндегі ұзақмерзімді стратегиялық жоба – «Kaz Minerals Bozshakol» серіктестігінің Бозшакөл кен-байыту комбинатына барып, мыс концентраты өндірісінің технологиялық процесімен және тау-кен жұмыстарының даму барысымен танысты.

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бұл жоба – Қазақстанда заманауи, азшығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағыт­талған, өсу әлеуеті зор мыс өнді­руші компания арқылы мыс пен алтынның тұрақты экспортын жолға салу көзделуде. Ағымдағы жылдың І-тоқсанында Kaz Minerals тобы 70 мың тоннаға жуық мыс өндіріп, бұл өткен жылғы ұқсас мерзім көрсеткішіне қарағанда 4% артық болды. Бұл бағытта жыл аяғына дейін Бозшакөл­дегі мыс құрамының жоғары болуы, сондай-ақ Николаев кен байыту фабрикасындағы өңдеу көлемі мен Бозшакөл кен байыту фабрикасында као­линизацияланған руданы өңдеу көлемінің артуы есебінен өндіріс өсімі күтіледі. Бозшакөл мен Ақтоғай сульфидті кендерін өңдеу фабрикалары І-тоқсанда өткізу қабілеттілігінің жобалық деңгейіне қол жеткізді. Қазіргі уақытта компания 300 мың тонна көлемінде мыс өндіру бойынша 2019 жылғы жоспарды жүзеге асыру жолында.
Өңірге жұмыс сапары кезінде Роман Скляр сондай-ақ ең көне және ірі көмір кеніштерінің бірі – «Богатырь Көмір» ЖШС жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда «Богатырь» және «Солтүстік» екі разрезі Қазақстандағы көмір өндірісінің жалпы көлемінің 44%-ін құрайды. Толық қуатымен жұмыс істейтін компанияда былтыр шамамен 45 миллион тонна көмір өндірілді. Сонымен қатар ол – 6,5 мың­нан астам адам жұмыспен қам­тыл­ған аймақтағы ең ірі жұмыс беруші кәсіпорындардың бірі.
Импортты алмастыру шең­берінде ауыр өнеркәсіп кәсіп­орындары белсенді түрде дамып келеді. Теміржол кластерін «Проммашкомплект» ЖШС жергілікті өндіріс орындары тетіктермен қамтамасыз етуде. «Проммашкомплект» ЖШС 2006 жылдан бағыттамалық бұрма, крестовина, жөндеу жи­нақ­тары, қатты диаметрлі темір жол доңғалақтарын өндірумен айналысады. Кәсіп­орын­ның қызметі теміржол кластерін дамыту шеңберінде жобаны іске асыру үшін жоғары технологиялық импорт алмастырушы өндірісті құруға бағытталған. «Қазақстан вагон құрылысы компаниясы» ЖШС жүк вагондарын шығаруда. Тапсырылған мерзімде кәсіпорын жылына 2000 жартылай вагондар және 500 жабық вагондар немесе 500 платформа шы­ғара алады.
– Бұрынырақ ресейліктер қатты доңғалақтар шығаруға арналған осындай зауытты салуды жоспарлаған еді, бірақ бұл идеядан бас тартты, өйткені олардың жеткілікті саны Екі­бастұзда шығарылады. Біз әріп­тестермен нақты қандай өнім өндіру қажеттігін пысықтап отырамыз. Бұл ЕАЭО аясындағы келісілген өнеркәсіптік саясаттың жарқын мысалы. Қазақстан вагон құрылысы компаниясының өнімдері өз елімізбен қатар, шет­елде де сұранысқа ие. Өндірісті тоқтату проблемалары бол­ды. Бірақ компания өкілдерінің түсін­діруінше, бұл Ресейден компо­ненттерді жеткізуді тоқтатуға бай­ланысты орын алды. Әрине, ҚВК бас­шылығы бойынша мәселелер бар. Менің ойымша, компания өндірісті реттеп, қалыпты режимге көшуі керек, – деді Р.Скляр.
Министр кәсіпорын басшылы­ғымен, жеткізушілермен және тап­сырыс берушілермен мұндағы мәсе­лелердің шешімін табу жол­дарын талқылады.
Биыл облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеудің барлық түрлеріне республикалық бюджеттен 200 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде республика бойынша 10 мың шақырым авто­жолдар жөндеуден өткізілмек. Бү­гінгі таңда Павлодар облысында 210 км автомобиль жолдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ең ауқымды жоба – Нұр-Сұлтан-Павлодар автобаны. Министр Екібастұзға сапары барысында жолай Шідерті кентіндегі Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының қалпына келтіру учаскесіне барды. Р.Скляр Ші­дерті кентінің маңындағы жол учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен және ондағы жасалған жол жиынтығымен танысты. Мұнда «Қазавтожол» басшылығы жол құрылысының барысы туралы ақпарат берді. Ақмола облысында орналасқан трассаның соңғы бөлігі биылғы қаңтарда пайдалануға берілген. Автомагистраль салу құрылысын аяқтау үшін Павлодар облысында орналасқан бірнеше учаскелер­дегі жұмыстарды аяқтау қажет. ИИДМ басшысы мердігерлік ұйымдарға құрылысты жылдам аяқтауды, жұмыстарды атқару кестесін қайта қарауды тапсырды. Құрылыс жұмыстарының сапасы бойынша жауапкершілік, түптеп келгенде, тапсырыс беруші, яғни министрліктің мойнын­да қалатынына ерекше назар аударды. Сонымен бірге ел тас жол­­дарындағы шектен тыс жүк тасымалын болдырмаудың маңыз­дылығын қадап айтты.
– Павлодар облысында шектен тыс жүк тасымалын болдырмау бойынша бақылауды күшейту жұмыстары пилоттық режим­де жүзеге асырылуда. 2017-18 жыл­дар аралығында облыстық көліктік инспекция айыппұлдар мен тексерістер санын 3,5 есе арттырған. Бір күні біздер 47 тонна қиыршық тас артып келе жатқан қытайлық жүк маши­насын тоқтаттық. Бұдан кейін жолдарымыздың қандай күйге түсетінін аңғара беріңіз, – деді ол.
Облыс әкімі Болат Бақауов та мердігер ұйым өкілдеріне күзгі суыққа қалып қоймай, құрылыс жұмыстарын неғұрылым ерте тәмамдау, жаз маусымын белсенді пайдалану қажеттігін нығыздады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру