Валюта бағамы: $ 383.98 430.63 6.11 ¥ 55.83

Жалдамалы жұмысшылар

Немесе еңбек даулары мен кикілжіңдері туындауының себебі неде?

Осы жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысындағы «KKS-SICIM» құрылыс компаниясының жұмысшылары еңбекақыны көтеру жөнінде талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Мұның себебі – жұмыс беруші дер кезінде іс-шара қолданбағандықтан әлеуметтік наразылыққа алып келген еді.

Ал, наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу Даби Плаза» құры­лыс алаңында еңбек шарты жа­сал­­май жұмыс істеген «Строй контракт» компаниясының 45 жұмыс­шысы ешқандай ескерту­сіз, екі айдың ай­лығын алмай жұ­мыстан шыға­рылды.
Мұндай жағдайлар күнделікті өмірде жиі орын алады. Оның себебі неде? Еңбек қатынаста­рына байланысты дау-дамай мен кикілжіңдерді болдырмаудың жолы қандай? Бұл ретте әлеуметтік әріптестердің қандай қам-қарекет жасауға қауқары бар?
Өткен жылы еңбек қатынас­та­рына байланысты жұмыс беру­шілер мен бір миллионға жуық жалдамалы жұмысшылар арасында шарт жасал­маған болып шықты.
Қазақстан Республикасы­ның Кә­сіподақтар федерациясы осындай келеңсіз жағдай­лар­ды болдырмау үшін әлеуметтік әріптестермен, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нис­трлігімен бірлесе отырып «Ең­бек шартын жаса!» республикалық акциясын өткізген. Оның барысында 37 мың жұмысшымен еңбек қатынастарына байланысты шарт жасалған.
Жұмыс берушілер мен жұ­мыс­­шылар арасындағы тиімді еңбек қарым-қатынасын қалып­тас­тырудың басты құралда­рының бірі – ұжымдық және жеке еңбек шарты.
Ұжымдық шарт – жұмыс бе­руші мен жұмысшылар өкілдері арасындағы жазбаша келісім. Онда қосымша еңбек жағдайлары, еңбекақы жүйесін ынталандыру, жұмысшыларды әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы ұжымдық еңбек шарты 16 пайызға артты. Үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін 98 167 ұжымдық шарт жасалған. Алайда бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ұйымдар­дың бар-жоғы 41 пайызын ғана қамтиды.
Тәжірибе көрсетіп отырғанын­дай, кәсіпорында кәсіподақ ұйымы болмаса ұжымдық шарт жасалмайды, осыдан келіп жұмысшылардың құқы қорғалмайды.
Еңбек шартының болмауы жұ­мыс­шыларды еңбек құқын қорғау мүмкіндігінен айырумен бірге оларды әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі жағдай­лардың барлығынан жұрдай етеді.
Бүгінгі таңда еңбек қарым-қа­тынасында кикілжіңдер мен әлеу­мет­тік наразылыққа әкеле­тін, шешімін таппаған күрделі мәселелер бар. Оның ішінде екі маңызды мәселені шешу қажет болып отыр. Біріншісі – жалдамалы еңбек, екіншісі – өндірісте адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залалдың орнын толтыру.

Рас, Қазақстанда соңғы жылдары жұмыспен қамтудың аутстаффинг түрі кең қолданыла бастады. Бір жағынан, құрылыс бизнесіндегілер үшін жалдамалы еңбек тиімді. Екін­ші жағынан, еңбекпен қамтудың мұндай түрі жұмысшылардың ең­бек құқықтарының бұзылуына алып келеді.
Жалдамалы жұмысшыларды пайдаланушылар еңбек заңдылығына байланысты екіжақты келісім жасаудан қашқақтайды. Өйткені, заң жүзінде олар жалдамалы адамдар үшін жұмыс беруші болып табылмайды. Бұл жерде жұмыс беруші – жалдамалы адамдарды әкелген компания.
Жалдамалы жұмысшылармен ұжымдық келісім-шарт жасалмайды. Өндірісте қайғылы жағдай бола қалса, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына келген зардаптың орнын толтыру мен олардың құқын қорғау мүмкін емес.
Бір сөзбен айтқанда, елімізде жалдамалы еңбекті реттеу бағытындағы заңның жоқтығы негізгі мәселе болып отыр. Парламент Мәжілісінің депутаттары осыған байланысты заң жобасын әзірлеуге бастама жасаған еді. Кәсіподақтар федерациясы оларды қолдау жөнінде Үкіметке ұсыныс жолдады. Нәтижесі қалай болатынын алдағы уақыт көрсетеді.
Ал еңбек дауларына келетін бол­сақ, Еңбек кодексінде жеке еңбек дау­ларын сотқа жеткізбей-ақ міндетті түрде кәсіпорындардағы келісім комиссияларында қарастыру көзделген. Бұл медиацияның бір тетігі деуге болады.
Жеке еңбек дауларын шешу­ге көмек көрсету мақсатында Кә­сіп­­­одақтар федерациясы 2018 жыл­дың басында Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Жоғарғы сотымен өз­ара ынтымақтастық туралы Ме­­мо­рандумға қол қойған болатын. Осы Меморандумға сәйкес еңбек, әлеуметтік және басқа да дау-дамай мен жанжалдарды шешу үшін өңірлердегі кәсіподақ орталықтарында 17 Татуласу орта­лығы құрылды. Онда судьялар мен кәсіподақ медиаторлары ойдағыдай жұмыс жүргізіп отыр.
Ұжымдық дау-дамайлардың алдын алу мақсатында 2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге әлеуметтік әріптестік шең­берінде бірлескен іс-қимыл жоспары жасалды. Осы құжат арқылы аймақтардағы әлеуметтік жағдайларға мониторинг жүргізуге, өзара жедел ақпарат алмасуға, еңбек дауы туындайтын кәсіпорынға барып, дау-дамайдың алдын алуға мүмкіндік бар. Мәселен, Қостанай облысындағы Тобыл жол станциясында, Маңғыстау облысындағы «Oil Services Company» компаниясында және басқа да мекемелерде еңбек даулары алғашқы сәтте-ақ бірлескен іс-қимыл жоспарының арқасында ойдағыдай шешімін тапты.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде ұжымдық еңбек даулары 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 2,5 есе азайған. Жалпы соңғы 5 жылда еңбек кикілжіңдері 14 есе төмендеген.
Сонымен бірге бұл бағыттағы жұ­мыс еңбек заңдылықтарындағы жетіл­­дірілмеген бірқатар нормаларды айқындап берді. Бұған дәлел – соңғы жылдары елімізде болған ереуілдердің барлығын сот заңсыз деп таныды. Өйткені, жұмысшылар өздерінің талаптарын жеткізудің процедуралық тәртібін сақтамаған. Бұл мәселені дұрыс шешу үшін Еңбек кодексінің тиісті бөліміне өзгерістер енгізу қажет.
Еңбек қарым-қатынасында кикіл­­жіңдер мен әлеуметтік наразылыққа әкелетін күрделі мәселелердің ішінде екі маңызды мәселені шешу қажет болып отыр. Біріншісі – жалдамалы еңбек, екіншісі – өндірісте адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залалдың орнын толтыру.
Жұмыс орнында зардап шеккендерге төлемді зейнет жасына дейін ғана төлеу үлкен наразылық тудырып отыр. Өйткені оларға зейнет демалысына шыққанда зейнетақы, не болмаса мүгедектігіне байланысты өтемақы төленеді дегенді алға тартады. Бұл Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің негізгі бөлігінің 937 тармағына қарама-қайшы.
Қазақстанда жыл сайын өндірістік жарақаттан 200-ден астам адам қайтыс болады. Жылдан-жылға өндірісте­гі өлімнің азаюы байқалғанымен. еліміз­дің көптеген кәсіпорындарында бұл мәселе әлі де өзекті. Өйткені, өлім-жі­тімнің 65 пайыздан астамы жұмыс берушілердің кінәсінен болады.
Өндірісте қайтыс болған бақыт­сыз жағдайлар Қарағанды, Түркіс­тан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында көбірек орын алған. Өлім жағдайлары құрылыс пен тау кен-металлургия кәсіпорындарында, теміржол және автомобиль саласында көп кездеседі.Жұмыс берушілер арасында ба­қытсыз жағдайларды жасыратындар да бар.
Кәсіподақтар федерациясы әлеу­меттік әріптестермен бірге ең­бек заңдылығын жетілдіру үшін кәсіп­орындарда еңбекті қорғау­ды басқару жүйесін ендіру, шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, еңбекті қорғау мен қауіп­сіздігіне байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту, өндірістегі бақытсыз жағдайлар мен сырқаттарды есепке алу мен бақылау жүргізудің бірыңғай ақпараттық жүйе­сін жасау жөнінде Үкіметке өз ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен бірге Кәсіподақтар феде­рациясы Үкіметке «Қауіпсіз ең­бек» мемлекеттік бағдарламасын қарастыру, өндірістік жарақаттарды азайту мен еңбекті қорғау жүйесін ендіруге байланысты кешенді жоспарды бекіту жөнінде де ұсыныс жасады.

Ғалым ОМАРХАН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру