Валюта бағамы: $ 384.87 432.52 6.11 ¥ 55.95

Суармалы егіншілік – сапалы өнім кепілі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

«Ауыл – ұлттың бесігі» деген қанатты сөз бар. Осы алтын бесігімізге деген мемлекеттік көзқарастың беті бері қарағанына да көп бола қойған жоқ. Ауылдық аумаққа, ауыл шаруашылығына қарай жасалып жатқан соны бетбұрыс ғалымдар мен мамандар, журналистер қауымы тарапынан ықыласпен қабыл алынуда. Өйткені, тобықтай түйін қылып айтқанда, ауыл шаруашылығы экономикасын ұйымдастыруға жаңаша көзқарас танытып, құрылымдық өзгерістерге негіз қалау арқылы болашақтағы ірілендірілген ауыл қожалығының іргетасы қаланатыны айқын.
Тусыраған тыңға түрен түспесе, миуалы бау-бақшаны, жайқалған егінді бағбан мен диқанның қамқор алақаны аяламаса, жазиралы өңір бас аяғы екі-үш жылда құлазыған қырға айналып шыға келетінін көзіміз көрді. Ұжым меншігі қолдан-қолға өткен кешегі жекешелендіру науқаны барысында ауыл шаруашылығына жарамды жер шегірен былғарыдай қуырылғанынан көзіқарақты жұрт жақсы хабардар. Шаруашылық айналымындағы жердің жалпы көлемі елу миллионнан астам гектарға, ал егістік жеті, шабындық пен жайылым отыз миллиондай гектарға қысқарды. Он сегіз миллион гектар егістік ауа және су эрозиясына ұшырап, барлық жайылымдық жердің үштен бірі азып-тозды. Ел аумағының жартысына жуығы шөл далаға айнала бастады. Тауарлы өндіріс көлемі күрт кеміп, соның салдарынан ауыл халқының әл-ауқаты төмендеді. Салыстырмалы бағамен есептегенде жалпы өнім көлемі науқан басталғаннан бері екі есеге, соның ішінде егін шаруашылығында біржарым есе, мал шаруашылығында төрт есе қысқарды. Халық тұтынатын ет пен оның өнімдері, сүт және оның өнімдері үштің біріндей, балық өнімдері үштің екісіндей, жұмыртқа жартыға жуық кеміді. Ғалымдардың есебі бойынша елімізде тағам өнімінің үштен бірі сырттан тасылады. Ал, тұтынылатын өнімнің 15 пайызының ғана импортпен келуі ішкі өндірісті тұралатыны белгілі. Сөйтіп, ел қауіпсіздігіне, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне орны толмас нұқсан келтірілді. Мұншама кері кету 220 миллион гектар ауыл шарушылығына жарамды жерге, соның ішінде 29,1 миллион гектар егістік пен 180 мил­лион гектардан астам жайылымға ие бай өл­ке­де орын алып отырғанына қайтіп қын­жылмас­сың.
Ойды ой қозғайды ғой. Еліміздегі суармалы егіншілікке қатысты түйткілдің де шешімі табылды деу қиын. Тіпті, уақыт өте қордаланып қалған да сияқты. Бұл, әсіресе ирригация мен мелиорация сияқты инженерлік байыпты тілейтін салаларға қатысты. Осы орайда айтайын дегенім мынау. Шығысты бетке алып, Ұлы Жібек жолы бойымен тоқтамай тартсаңыз, қос қапталыңызда шұбалған алып науалар жүздеген шақырым бойы көлікпен жарысып отырады. Жыландай ирелеңдеп, жотадан жонға ұласып жататын осынау «жасанды өзен» өткен ғасырдың жетпісінші жылдары білікті су мамандары Әбубәкір Тыныбаев пен Эрик Гукасовтың арқасында жобаланып, дүниеге келіп еді. Су шаруашылығы министрі болған Тыныбаев кезіндегі Талдықорған облысына бірінші басшылыққа келген соң сусыраған өңірге алып «Фрегаттар» орнатылып, тусыраған тыңнан миллиондаған тонна өнім жиналып еді-ау. Бұдан сәл ертеректе ойластырылған аграрлық реформа есептеріне үңілсек, жер жаннаты Жетісудың бүкіл Орталық Азия халқын ішіндіріп, киіндіруге қабілетті екендігін көреміз. Яғни, аз ғана қаржы жұмсап, ілекерлеп жөндеп жіберсе, Жетісудың нар бітімді науаларының бойымен су емес, алтын ағатынын айтып отыр бүгінде көнекөздер.
Осы жолдардың авторы Алматы облысында мемлекеттік қызметте болған жылдары сол бір нар науалардың тас-талқаны шыққанын, жазиралы суармалы жерлердің құлазыған қу тақырға айналғанын көзімен көріп, жүрегімен сезінген-тін.
Енді қаламгерлер «Өзендер өрнектеген өлке» деп еркелете атайтын жер жаннаты – Жетісудың өңірі ауыл шаруашылығының бүгінгі ахуалына оралайық. Әріптесім, белгілі журналист Қалмаханбет Мұхамедқалидың «Егемен Қазақстан» газетінде жуырда жарық көрген мақаласындағы көңіл көншітерлік деректерді өздеріңізбен бөліскім келіп отыр, құрметті оқырман. Ең басты жаңалық – суармалы жерлердің қайтадан айналымға қосыла бастауы. Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, Алматы облысы аумағындағы ирригациялық желілерді қалпына келтіру 2-3 жыл бұрын қолға алынған. Соның нәтижесінде биыл 25 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған, көктемгі егіс науқанында оған қол жеткізіліпті. Жалпы өңірдегі суару жүйелеріне толық түгендеу жүргізіліп, қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған, үш жыл ішінде осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінген. Ал 2022 жылға дейін бұрын айналымнан шығып қалған 126 мың гектар суармалы жер қайтадан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қаламгер мәліметіне сүйенсек, Жетісу өңірі – отандық ауыл шаруашылығы сала­сындағы өнімнің 20 пайызға жуығын беретін аграрлы аймақ. Өткен жылы ғана облыстағы жалпы егіс алқабы 953 мың гектарға жеткізілген. Суармалы жердің көлемі ұлғайып, 25 мың гектар суармалы алқап айналымға қосылған, оның ішінде өңірдің негізгі дақылы саналатын қант қызылшасы егістігін 14 мың гектарға, жүгері егісінің көлемін 26 мың гектарға жеткізу мақсаты қойылған.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру