Валюта бағамы: $ 383.98 430.63 6.11 ¥ 55.83

Қазақстанда тәуелсіз ішкі саясат жүргізу мүмкіндігі сақталған

Бүгінгі таңда мемлекет басшылығы әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының көлемін күрт ұлғайтып, көп балалы отбасылар мен табысы төмен отбасыларға төленетін жәрдемақылар сомасын біршама арттыру ісін қолға алып жатыр. Бұл шараның қоғам тарапынан мейлінше көп қолдау табатындай саяси қадам ретінде бағаланары айтпаса да түсінікті болар.

Әлеуметтік бағдарламалар­ға жұмсалуға тиіс қаражат респуб­ликалық бюджет шығыс бөлі­гінің 44 пайызын құрамақ. Ауыз сумен қамту, әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту, білім сапасын арттыру мен шағын несие аясын кеңейту сияқты қарапайым халықтың жағдайын жақсартуды мақсат ететін іс-жұмыстарға қо­мақты көлемде ақша бөлінеді деп күтілуде.
Қазір атқарушы биліктің басшылыққа алып отырған саясаты мен одан туындайтын саяси ұранының мағынасы мынадай: Бюджет кірістері ең алдымен елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалуы тиіс. Осы жерде бір нәрсені ескеру керек. Ол – экономикамыздың қаржы саласындағы жағдай­дың тұрақтылығы аталмыш жұ­мыстардың сәтті орында­луының шарты болып табылатыны. Онсыз істің бәрі бос десе де болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазанда жария етілген «Қазақстандықтар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қа­зақстан халқына Жолдауы­­ның бүтін бір тарауын осы мәсе­леге арнаған болатын. Ол тарау «Нақты экономиканы өркендету үшін қаржы секторының рөлін күшейтіп, ұзақ мерзімді макроэкономика­лық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет» деп аталады және онда мынадай сөздер айтылған: «Бағаның өсуі, қаржыландыруға қолжетімділік, банктердің орнықтылығы – міне, осы мәселелер көбіне қазір жұрттың қызығушылығын тудырып отыр. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, қар­жы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешенді саясат жүргізу мәселелерін жүйелі түрде шешуді бастауы керек. Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсіресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнесті несиелендіруді ұлғайту өте маңызды. Сондай-ақ, зейнетақы активтері мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ресурстарын басқару тиімділігін арттырып, баламалы қаржы құралдарын – құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек. Бизнесті шетел инвестициясымен, капиталға қолжетімділікпен қамтамасыз ету ісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз жеке сотты, қаржы реттеуішін, биржаны арнайы құрдық. Барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсенді пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек. Аталған шаралардың тиімді жүзеге асырылуы жалақының өсуі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебінен қазақстандықтардың табысын арттырады. Бұл үдерістер әрдайым Үкіметтің басты назарында болуға тиіс».
Елбасы сонымен қатар кезінде сөйлеген басқа бір сөзінде қазір­гі жағдайда мемлекет басшылы­ғы тарапынан ішкі және сыртқы конъюнктураның жіті қадағаланып, еш кідіріссіз табанды шаралардың қолға алынып жатқанын айтқан. Ондай шараларды шешуші және табысты түрде жүзеге асыруға деген сенімділік біздің еліміздегі барлық ақша көлемінің ішкі нарықта айналымда жүрген ақшалық массаның мөлшерімен ғана шектелмейтініне негізделген.

Өйткені сонымен қатар, Ұлт­тық банктің алтын-валю­та резервтері (соңғы мәлімет бойынша, 27,1 миллиард доллар) мен Ұлттық қор активтері (соңғы мәлімет бойынша, 59,3 миллиард доллар) бар. Олардың жиынтығы үстіміздегі жыл­ғы сәуір айының аяғында 86,4 мил­лиард долларды құраған. Бұл аз ақша емес. Соншама қосымша қаржылық қоры жоқ Украина эко­но­микалық тығырыққа тірлеліп, Ха­лықаралық қаржы қорынан қайта-қайта қарызға ақша сұрауға мәжбүр болды. Ал кредит сұраған соң, ондай құрылымдар өз шарттарын қояды. Мәселен, бюджеттегі жоғарыдағыдай әлеуметтік шы­ғын­дарды қысқартуды талап етеді. Яғни елдің ішкі эконо­микалық сая­сатына араласа бас­тайды.
Ал Қазақстан Республикасында әлгіндей қомақты қорлардың бар болуы арқасында мемлекетіміз­дің басшылығы мен үкіметі ішкі эконо­микалық саясатты өз бетінше жүргізе беру мүмкіндігін сақтап қалған. Осының бәрі Елбасының салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр.
Осыдан біраз жыл бұрын аталмыш қорларда жинақталған қаржы бүгінгіден көп аз болатын. Мәселен, 2006 жылдың тамыз айында ғана олардың жалпы көрсеткіші 24 миллиард доллар деңгейіне жеткен. Ал оның алдындағы жыл барысында ол екі есе төмен болатын. Яғни, бір сөзбен айтқанда, 2005 жылдың ортасынан 2007 жылдың басына дейінгі бір жарым жылдың ішінде бұл көрсеткіш 12 миллиард доллардан 34,4 миллиард долларға дейін немесе 3 есеге жуық ұлғайған. Осындай қысқа мерзім үшін бұл – өте қомақты нәтиже. Ал 2007 жылдың тамызында еліміздің қаржылық жүйесі үшін қиын кезең басталған. Сондай жағдай 2014 жылы және 2015 жылы қайталанды. Оның үстіне сол тұста мұнай бағасы төмендеп кетті. Сол сияқты қиындықтарға экономикамызды алдырмау мақсаттарын жүзеге асыру жолында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің көп көмегі тиіп жатыр.
Біраз ауыртпалық түсіріп отыр­ған нәрсе – сыртқы қарыз. Әрине, бұрындары айтылып жүргендей, біздің сыртқы қарыз­дың қомақты бөлігі шетелдік ірі компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бөлімшелік құрылымдарына борыш ретінде беретін қаржылық көмегінен тұрады.
Алайда, ана бір жылдар бары­сын­да оның жалпы көлемінің негі­зі­нен шетелдік банктерден алынатын кредиттердің есебінен күрт өсіп кет­кені де құпия емес.
Сондықтан қазір екінші дең­гейлік біраз қазақстандық банк қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Осындай жағдайда олардың бір­қатары өзара бірігу жолын таңдады. Дегенмен, мемлекет бұл банктерді бетінше қиындықта қалдырмақ емес. Ел басшылығы мен үкіметі тарапынан оларға барынша көмек көрсетіліп жатыр.
Өйткені отандық банк жүйесі экономикамыздың күре тамыры іспетті. Оларға қайтадан дұрыстап қан жүгірту арқылы ғана жалпы экономикалық жағдайдың ретке келтірілуі мүмкін.

Арай САЛЫҚЖАНОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру