Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Қазақстан үшін газды «ОПЕК» идеясы өзекті мәселе емес

Ақпан айында АҚШ пен Парсы шығанағы аймағында орналасқан Катар мемлекеті екеуі бірлесіп, газды «ОПЕК» құрғалы жатыр екен деген хабар тарады. Бұрындары осындай ұйымды әлгі араб елі Америкамен емес, Ресеймен құруға тиіс деп есептелетін және күтілетін. Бірақ бұндай әңгіме кезінде айтылуын айтылғанмен аяқсыз қалды. Ал қазіргі жағдай басқа. Бұрын Ресей, Иран және Катар ең ірі газ өндіруші елдер үштігін құрайтын.

Ал енді бұлардың үшеуін де кейін ысырып тастап, бірінші орынға АҚШ шықты. Бірақ бүгінгі таңда қалып­тасып отырған халықаралық саяси жағдайдың себебінен Американың (жылдық өнімі – 751,063 миллиард текшеметр) Ресеймен (642,242 миллиард текшеметр) немесе Иранмен (226,905 миллиард текшеметр) бірлесіп газды «ОПЕК» құруға талпынуы күмәнді көрінеді. Сондықтан бұндай ұйымды қалыптастыру үшін АҚШ енді тек Катармен (жылдық өнімі – 182,830 миллиард текшеметр) ғана бірлесе алады. Яғни газды «ОПЕК» осылай­ша құрылған күнде де, ол мұнай өндіру саласындағы нағыз ОПЕК сияқты қуатты бола алмайды. Өйткені Ресей мен Иранның оған қосыла қоюы өте күмәнді.
Нақты жағынан алып қараған­да, бұндай ұйымды құрудың екі жолы бар сияқты. Біріншісі – GECF (Gas Exporting Countries Forum) құры­лымын немесе Газ экспорттаушы елдер форумын қарастырылып отырған идеяға сай газ картеліне айналдыру. Оның кездесулері осы уақытқа дейін анда-санда өтікзіліп келеді. Бұл форум 2001 жылы құрылған еді. Оның құрамына Ресей, Иран, Катар, Алжир, Боливия, Бруней, Египет, Индонезия, Ливия, Малайзия, Нигерия, Норвегия (статусы – бақылаушы), Оман, Тринидад және Тобаго, Біріккен Араб Әмірліктері және Венесуэла кіреді. Олар әлемде шығарылатын бүкіл табиғи газдың 42 пайызын өндіреді екен. Бұл – өте қомақты үлес. Бірақ GECF құрылымына мүше елдердің барлығы бірдей газды «ОПЕК» құруға мүдделі емес. Ал олардың кейбіреулері бұндай идеяға тіпті қатты қарсы.
Газды «ОПЕК» құрудың екінші жолы басқаша схемаға сай көрінеді. Ол бойынша, бұл ұйымның құрыл­тайшылары қатарына әлемдегі ең ірі газ өндірушілер болып табылатын Ресей, Иран, Катар мен Алжир ғана емес, Қазақстан да кірмек екен. Алдында аталған соншама көп елді біріктіруден гөрі, соңғы айтылған айналдырған 5 мемлекеттің басын қосу оңайырақ болар.
Енді «Қазақстан үшін бұндай ұйымға кірген қолайлы ма, әлде жоқ па?» деген мәселеге келейік. Біздің елден экспортқа газ шығарудың дайын үш жолы бар. Біріншісі – Ресейдің үстімен өтетін «Газпромға» қарасты транспорттық жүйе. Екіншісі – 2006 жылы салынып біткен, сосын 2007 жылдың басында іске қосылған «Баку-Тбилиси-Эрзурум» газ құбыры. Үшіншісі – 2009 жылдың желтоқ­санында іске қосылған және содан бері мүмкіндігі біраз ұлғайтылған «Түрік­пенстан-Өзбекстан-Қазақ­стан-Қытай» магистралі.
Ресей бағытында «Газ­пром­ның» өзі – монополист. Сон­дықтан ол Қазақстан, жалпы Орталық Азия жақтан баратын газ көлемін өзінің экспорттық стратегиясына ыңғайлауға тырысатын болады.
Ал Баку-Тбилиси-Эрзурум ба­ғытына келетін болсақ, мынаны айтуға тиіспіз. Оның арғы шеті – Түркия жерінде. Ол елге баратын экспорттық газ құбырлары қазір онсыз да жетіп артылады. «Баку-Тбилиси-Эрзурум» құбыры да жылына 16 миллаирд текшеметр тасымалдауға шақталып салынған.
Құбыр көп болса, газды импорт­қа сатып алушы ел бағаға қатысты билік айту құқығына ие болады. Қазір Түркия сондай жағдайға жетіп отыр. Яғни Қазақстан үшін бұл екі бағыттың екеуі де сөзсіз тиімді деуге келмейді. Біз үшін ең пайдалысы – «Түрікпенстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» магистралі. Демек, жалпы газды «ОПЕК» идеясы біздің ел үшін өзекті мәселе болмаса керек.

Қайрат ӘМІРЕЕВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру