Валюта бағамы: $ 383.43 432.47 6.12 ¥ 55.78

Әлеуметтік бастамалар нақты іске айналды

Халықтың әл-ауқатының жақсаруы ең алдымен табыстың тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында осы ретте алда тұрған мақсат-міндеттер айқындалып, «Nur Otan» партиясының биыл ақпанда өткен XVIII съезінде әлеуметтік салада жүзеге асырылатын тың бастамалар өмірге жолдама алды.

Маңыздылығы жағынан бірі­нен бірі кем түспейтін әлеу­меттік бастамалар қатарында халықтың қалың бөлігі үшін баспананың қолжетімділігін арттыру мақ­са­тында бүгінгі күні қолға алынған істер бір төбе.
30 сәуірде Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заң­нама­лық актілеріне тұрғын үй қаты­настары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады. Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы аясындағы түзетулер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың көп балалы отбасыларын және жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Аталған заң аясында үкімет әкімдіктермен бірлесіп қысқа мерзім ішінде еліміздің барлық өңірлерінде көпбалалы отбасы­ларға пәтер беруді бастауға мүм­кіндік алды. Президент Әкім­шілігінің, Парламент пен Үкі­мет­тің үйлесімді жұмысының нә­тижесінде аз қамтылған отбасы­лардың тұрғын үй жағдайларын жақсартудың жүйелі шаралары қабылданды. Жалпы елімізде биылғы жылы көпбалалы алты мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болса, осы мамыр айында оның 1,2 мыңы баспаналы болады.
Осы реттегі игі шаралар мерекелі мамыр айының бірінен бастау алды. Тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі жаңа заңды іске асырудың алғашқы күні елордада және еліміздің өңірлерінде 249 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде алғашқы 24 пәтер Нұр-Сұлтан қаласында, 15-і Шымкент қаласында берілген. Сонымен қатар Павлодар облысында көпбалалы отбасыларға 76, Қарағанды облысында – 27, Ақтөбе облысында – 25, Алматы облысында – 20, Маңғыстау облысында – 18, Жамбыл облысында – 17, Шығыс Қазақстан облысында – 11, Батыс Қазақстан облысында – 10, Ақмола облысында – 6 пәтер берілді. Атырау облысындағы 50 көпбалалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету 15 мамырға жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, 32 мың көпбалалы отбасы баспана алуға кезекте тұр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұр­ғын үймен қамтамасыз ету бойынша алға қойылған міндеттердің іске асырылу барысы үкіметтің ерекше бақылауына алынған.
Елбасының «Әлеуметтік қамқор­лық» бастамалары аясындағы шаралар бойынша биылғы 1 сәуірден жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттар қабылдау басталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазіргі күні 80 мыңнан астам отбасы жалпы сомасы 9,4 миллиард теңге көлемінде жаңартыл­ған атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді. 2 мамырдағы жағдай бойынша «Е-Халық» жүйесі арқылы барлығы 148 649 өтінім (799 032 адам) қабылданған. Осы өтінімнің 100 566-сы бойынша оң шешім қабылданып, 41 647-і қаралу үстінде. Ең көп өтініш берушілер Түркістан облысында 30 382 отбасы (180 179 адам), Алматы облысында – 17 698 (93 399 адам) және Шымкент қаласында – 17 275 отбасы (88 478 адам) тіркелген. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап тағайындалады және өтініш беру күніне тәуелді емес.
Салалық ведомствоның дерек­теріне сәйкес, биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50%-нан 70%-ына дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құраған. Нәтижесінде жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өседі. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне 4 834 теңгеден болса, енді әр балаға 20 789 теңге төле­неді. Биылғы жылы атаулы әлеумет­тік көмекке барлығы 130 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделген.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру