Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Қытай One Belt One Road жобасын іске асырып жатыр

Қазіргі кезде бізге көрші ел Қытай «Бір белдеу – бір жол» бастамасын қолға алуда. Бұл жоба халықаралық деңгейде One Belt One Road немесе қысқаша OBOR деген атау алған.

Оны жүзеге асыру барысында өзге де мүдделі мемлекеттермен бірлесіп әрекет ету көзделеді. Осы мақсатта пікір алмасып, әріптестікті арттыруды мақсат ететін «Бір белдеу – бір жол» ІІ халықаралық форумы сәуір айының 25-інде ашылды. Оның алдында, наурыздың 20-ында Қытай дипломаты Чжан Сяо Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің осы шараға шақыруын жеткізді. «Бір белдеу – бір жол» ІІ халықаралық форумы сәуірдің 25-і мен 27-і күндері аралығында болып өтті. Оған 40 шақты елдің басшылары қатысты. Қытай Халық Республикасының Халық жиналысы үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін тату көршілік қарым-қатынасты ілгерілетуге және жан-жақты стратегиялық серік­тестікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденімен ресми ма­рапаттау рәсімі болып өтті. Онда сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Мен 1992 жылы дипломатия­лық қатынастар орнаған сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның Қы­тай­мен ынтымақтастығын дамыту және нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқанымды атап өткім келеді. Сіздердің мемлекеттеріңіз­бен өзара сенімге және тату көрші­лікке негізделген қатынастар орнат­қаны­мызға қуаныштымын. Біздің ынтымақтастығымыз үлгі тұтарлық. Елдеріміз өңірде және жаһандық деңгейде бейбітшілікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді».
Ол «Бір белдеу – бір жол» баста­масын іске асыру үдерісіне және оның жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру ісіндегі маңыздылығына тоқталды.
«Қысқа мерзім ішінде «Бір бел­деу, бір жол» бастамасы әлемдік та­бысты жобалар қатарына енді. Си Цзиньпин мырзаның бәрімізді бірігуге бастайтын даму идеясы бүгінгі сын-қатерлерге тиімді жауап ретінде қалыптасты. Қытай ұсынған халықаралық ынтымақтастықтың жаңа платформасы Азия, Еуропа және Африканың көптеген елде­рінің дамуында аса маңызды саяси, экономикалық және мәдени рөл атқаруда», – деді осы орайда Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті.
Қытай Халық Республикасы – ұлы держава. Экономикалық қуаты жағынан бұл ел қазір әлемде екінші орынды иемденеді. Ал шындығында біз сол Қытайды біліп жарымай­мыз. Батыстың кез келген газеті не журналы және телеканалы әлсін-әлсін Қытайдың бүгініне арналған арнайы басылымдар мен хабарлар шығарып тұрады. Бізде ол жоқ.
Дегенмен, Қытайға қайта-қайта көңіл бөліп, оны барынша танып білуге тырысқан жөн. Енді осы тақырыпқа көңіл бөлейік. Алдымен ол елдің жұрттың бәрін қобалжытатын халқының көптігі туралы. Қытайда ресми санақ он жыл сайын жүргізіледі. Соңғысы 2010 жылы болды.
Сол тұста Қытайдың құры­лық­тық бөлiгiндегi халықтың саны 1 миллиард 339,72 миллион болған. Бұның iшiндегi қалалар мен қала­шықтарда тұратындардың үлесі 49,68 пайызды, ауылдық жерде тұра­тындардың үлесі 50,32 пайызды құраған. Қазақстан мен Ресей сияқты елдермен салыстырғанда, Қытайда ол кезде ауылдық адамдардың саны қалалық адамдардың санынан аз да болса көбiрек болған. Қытай демо­графиясының басқа елдер демо­графиясынан тағы да бiр айырма­шылығы мынау. Аталған санақтың нәтижесі бойынша, ондағы ер­кек­тердiң үлесі (51,27 пайыз) әйел­дер­дiкiнен (48,73 пайыз) асып түсетін болған. Басқаша айтқанда, әрбір 100 әйелге шамамен 105 еркектен келетін екен. Ал өткен 2018 жылы 15,23 миллион сәби дүниеге келген. Бұл алдындағы 2017 жылда тіркелген көрсеткіштен – 17,23 миллион – 11,6 пайызға төмен. 2018 жыл барысындағы тiркелген таза демографиялық өсiм – шамамен 5 миллион. Басқаша айтқанда, Қытай Халық Республикасының халқы осын­шама адамға көбейген. Сонымен, бүгiнгi таңда осы алып көршi мемле­кеттегi жылдық демографиялық өсiм Қазақстан Республикасы бүкiл халқының төрттен бірінен асып түседi екен.
Үстіміздегі 2019 жылдың басында Қытайда халықтың жалпы санының 1 миллиард 418 миллион болғаны жария етілді. Ал бізде, яғни Қазақстанда тіркелген азаматтарымыздың саны 18 миллионнан сәл ғана асады.
Басқаша айтқанда, біздегі халық­тың саны ондағы халықтың санынан 78,7 есе аз екен. Ал Қытай мен Қазақ­стан жер көлемдерінің – 9,6 мил­лион және 2,7 миллион шаршы км. – айырмашылығы соншалықты көп емес. 3,5-ақ есе. Егер Қазақстандағы халықтың орналасу тығыздығы Қы­тайдағыдай болғанда, бізде 371,4 мил­лион адам тұрған болар еді. Осыншама тұрғын бұрын әлемдегі саны жағынан үшінші ірі мемлекет болған КСРО-да да болмаған, қазір оның осы орнын басқан Америка Құрама Штаттарында да жоқ. Ал егер Қытайдағы халықтың орналасу тығыздығы Қазақ­стан­дағыдай болғанда, онда бар-жоғы 52,5 миллион адам тұрған болар еді. Бұл бүгінгі Орталық Азия аймағы хал­қының санымен парапар ғана.
«Қытайдың құрылықтық бөлi­гiндегi халықтың саны» деп нақтылау­дың өзiндiк мәнiсi бар. Өйткенi бұл түсiнiк ҚХР құрамына соңғы жылдары қосылған Сянган (Гонконг) мен Аомэньдегi (Макаодағы) және бүгiнде де өз бетiмен тұрып жатқан Тайваньдағы адамдар санын қам­ты­майды. Оларды қоса есептесе, Қытай халқының жалпы саны 1 миллиард 450 миллион деген көрсеткiшке жа­қын­дайды. Бiрақ аталған үшеудiң iшiндегi Тайвань аралы ресми Пекин­ге бағынышты емес. Кезінде ҚХР Мемлекеттiк Кеңесiнiң сол уақыттағы премьерi Вэнь Цзя Бао осы мәселеге қатысты: «Бiз «демократия» деген желеумен Тайваньнiң «тәуелсiздiкке» қол жеткi­зуiне ешқандай жағдайда да жол бер­меймiз», – деген.
Қытай көп ұлтты мемлекет бо­лып есеп­телгенмен, ондағы негiзгi ұлт өкiл­дерiнен басқа халықтардың сан­дық үлесi аз ғана-ақ. Бiрақта олар мекен­дейтiн аймақтар осы мемлекет территориясының жартысынан көбiн, дәлiрек айтқанда 60 пайыз бөлігін алып жатыр. Негiзгi ұлт – хань. Бiзше – қытай. Олар КХР халқы­ның 91,51 пайызды құрайды. Ал қалған 55 ұлттың үлесi 8,49 пайыз. Сандық көрсеткiшке шаққанда, бұл – 105 миллион адам. Аталған 55-тiң iшiндегi 22 ұлттың әрқайсысы­ның жеке саны 100 мыңнан аспайды. Тағы да 15 ұлттың әрқайсысы­ның саны 100 мыңнан 1 миллионға дейiнгi аралықта. Тек қалған 18-i ғана жеке-жеке мил­лиондық санды құрайды. Яғни 105 миллион деген үлкен көрсеткiштiң негiзгi бөлiгiн құрайтындар – осы 18 ұлттың өкiл­дерi. Оның iшiнде қазақтар да бар. ҚХР Ұлттар iстерiмен айналысатын мемлекеттiк комитетiнiң 2010 жылғы мәлiметтерiне қарағанда, 1 миллион 462 мың 588 қазақ есепке алынған. 2000 жылғы санақ бойынша олардың саны 1 миллион 251 мың 23, ал 1990 жылғы санақ бойынша 1 миллион 111 мың 718 болған. Яғни Қытайдағы қазақтардың демографиялық өсімі­нің қарқыны Өзбекстан мен Ресей­де­гі қазақтардың демографиялық өсімінің қарқынынан әлдеқайда жоғары болса керек. Саны жағынан жалпы Қытайдағы барлық ұлттардың iшiнде қазақтар 18-iншi орында, ондағы аз ұлттардың iшiнде 17-інші орында, мұсылман дiнiн ұстанатын халықтардың iшiнде 3-iншi (хуэй немесе хуэйцзу мен ұйғырдан кейiнгi) орында екен. Олардың басым бөлiгi Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лық ауданында, аз бөлiгi одан әрiрек­те жатқан Ганьсу провинциясында тұрады.
Бұл мемлекеттiң Еуропа және КСРО мен ТМД ауқымындағы байырғы түсiнiктерге негiзделген бiздiң санамызға таң көрiнетiн тағы бiр ерекшелiгi мынадай. Ондағы дамыған аймақтар батыста емес, шы­ғыста орналасқан. Ал мемлекеттiң қазба байлықтары, ормандары мен гидроэнергетика ресурстарының ба­сым бөлiгi дамуы жағынан кейiнде қалған болып есептелетiн батыс ай­мақтарда шоғырланған.
Бiздiң елiмiз құрамынан кеше ғана шыққан бұрынғы патшалық Ресей мен кейiнгi КСРО ауқымында аз ұлттардың басым бөлiгi шығыс пен оңтүстiк жақта орналасқан болса, Қытайда ондайлар, керiсiнше, батыс пен солтүстiк жақта орналасқан. Басқаша айтқанда, бәрi тура керiсiнше. Уақытында патшалық Ресей мен КСРО экономикалық даму барысын батыстан шығысқа қарай таратса, қазiр Қытай тап сондай үрдiстi шығыстан батысқа қарай қарқындата дамытып жатыр.
Және де ҚХР үкiметiнiң «Батысты дамыту саясаты» деп аталатын бағдар­ламасы қамтитын Қытай Батысы дейтiн атау жалпылама кеңiстiктi емес, тура нақты географиялық және саяси-экономикалық аумақты бiлдiредi. Ол 12 провинциалдық бiр­лiктен (яғни провинциядан және автономиялық ауданнан) тұрады. Олардың жалпы көлемi 6,86 миллион шаршы километрдi құрайды. Бұл дегенiңiз – бүкiл Қытай Халық Рес­публикасы жерiнiң 71,45 пайызы немесе үштен екiден астамы. 2001 жылдың аяғына таман осыншама ғаламат кеңiстiкте 364,5 миллион адам тұрған. Бұл – КХР халқының 28,1 пайызы. Яғни үштен бiрiне де жетпейдi. Және осы халықтың көп бөлiгi аталмыш Батыстың ұлттық автономиялық аудандарында емес, провинцияларында шоғырланған.
Ал ондағы жердiң басым бөлiгi болса, сол автономиялық аудандар­дың еншiсiнде. Қорытып айтқанда, автономиялық аудандар – Қытайдың iшкi жағындағы ең шеткерi орна­ласқан административтiк-террито­риалдық бiрлiктер. Салыстырмалы түрде алғанда, онда жер көп, ал халық аз. Мәртебесi провинциямен пара-пар болып табылатын ұлттық автономиялық аудандар – бесеу. Бұлар – Гуанси-Чжуан, Нинся-Хуэй, Синьцзян-Ұйғыр (Шыңжаң-Ұйғыр), Тибет және Iшкi Моңғолия. Осылардың ішіндегі тек соңғы үше­уiнiң жерлерi көлемiн қоса есеп­тегенде, бүкiл Қытай Халық Рес­пуб­­ликасының 42,28 пайызын, яғни жар­тысына жуығын құрайды. Ал онда тұратын халықтың үлесi – тек қана 3,61 пайыз.
Аз ұлттардың iшiндегi саны ең көбi – чжуан (16 миллион 719 мың адам) деген, ең азы татар (3 мың 556 адам) деген халық. Саны 10 миллионнан асатын ұлттардың iшiнде хуэйлер мен маньчжурлар да бар. Алайда олардың тiлi мен жазуы – хань тiлi мен жазуы. Қалған 53 аз ұлт өкiлдерi өз тiлдерiнде сөйлейдi.
Сол Қытай Батысы – Қазақстанға жақынырақ орналасқан аймақтар. Аспан асты елінің оларды жедел түрде дамытуға деген талпынысы біздің экономиканың дамуы барысына да өзінше ықпал етпек. Қытай тарапы Қазақстанның да бірқалыпты дамуына мүдделі екенін танытып отыр.
Әсіресе бұл мемлекет тарапынан Қазақстан экономикасының шикі­заттық емес секторларындағы ынты­мақ­тастық бағдарламаларына көмек­тесу, соларға арнап инвестиция бөлу бағытындағы әріптестік әрекеттері біз үшін бүгінгі таңда өте қажет. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытта жүргізіп отырған саясатының ел экономикасы жағдайын жолға қою мен әрі қарай дамыту шараларына соны серпін береріне үміт артамыз.

Асхат ҚОДЫҚОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру