Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Ел игілігіне айналар жеті жоба

3500 адамды жұмыспен қамтитын болады

Сан салалы халық шаруашылығына инвестиция тартудан еліміз өңірлері арасында алдыңғы қатарда келе жатқан Түркістан облысында сол қаражаттың ел игілігіне айналуы, яғни жұмыс орындарының ашылып, өндірістің өркендеуі, мектептер мен балабақшалар тұрғызылып, баспана құрылысының қанат жаюы жолында ауқымды істер қолға алынып отырған ауданның бірі – Түлкібас ауданы.

Түлкібас ауданында 2019-2020 жылдары жалпы құны 98,2 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Ет өнімдері» ЖШС, «AK Kazyna» ЖШС, «РАХ Оңтүстік» ЖШС, «Жабағылы Құс» ЖШС, «Арсен Ас» ЖШС, «Ferrum Construction» ЖШС және «Түлкібас Темір» ЖШС өндірістерінің іске қосылуының арқасында 3500 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар биыл ауданға 17,9 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Оның ішінде, кәсіпкерлік саласында 13 млрд 195 млн теңге, ауыл шаруашылығында – 350 млн теңге, құрылыста – 1 млрд 468,4 млн теңге, әлеуметтік салада – 2 млрд 49,3 млн теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында – 837,4 млн теңге.


Биылғы жылы туризмді дамыту мақсатында ауданда жалпы құны 1 млрд 336 млн теңгені құрайтын 5 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралы бойында үш ірі жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның бірі – «Құрылыс» ЖШС жол бойы қызмет көрсету орталығы. Іске қосылған кезде жаңадан 25 жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны – 346 млн теңге, орталық сыйымдылығы – 100 орын. Екінші, «Шұқыр­бұлақ» жол бойы қызмет көрсету орта­лы­ғы жобасы, жалпы құны – 150 млн теңге сыйымдылығы – 50 орын, жа­ңадан 12 жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ «Шақпақ» жол бойы қызмет көрсету орталығын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 76 млн теңге, сыйымдылығы – 30 орын, жаңадан 10 жұмыс орны ашылады.
Табиғаты көркем Түлкібас ауданында табиғи емдік туризмді дамытудың әлеуеті зор. Осы мақ­сатта биыл сыйымдылығы 70 орын­дық «Этно Парк» құру жобасы қолға алынады. Жобаның жалпы құны – 417 млн теңге, мұнда жаңадан 30 адамға жұмыс орны ашылады. Осы бағытта қарастырылып отыр­ған жобаның енді бірі – «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы. Жобаның жалпы құны – 347 млн теңге, сыйым­дылығы – 100 орын, ке­­шен­нің іске қосылуымен 50 адам жұ­мыспен қамтылатын болады.
Таулы аймақта орналасқан Түл­кібас ауданы алма шаруа­шылығын дамытуға өте қолайлы. Осы ретте 2019-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, алма бауының көлемін 5885 гек­тар­ға жеткізіп, алманы ауданның брендіне айналдыру міндеті алға қойылған. Мемлекет тарапынан көрсе­тілген қолдаудың нәтижесінде 2007-2018 жылдар аралығында 1634 га жерге алма бауы отырғызылды. 2019-2025 жылдары қосымша 2450 га жерге жоғары өнім беретін алма сорттарын (Голден Делишес, Семи­ренко, Мельба, Редделишес) отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде биылғы жылы жос­пар бойынша 200 га жерге алма ағаш­тары отырғызылады.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданда ет өндірі­сінің көлемін ұлғайту бағы­тында мал бордақы­лау ісіне басымдық берілген. Осы орайда мал бордақылау алаңдарын ашу арқылы 2019-2020 жылдар аралығында өңірде өндірілетін ет көлемін 21,1 мың тоннаға жеткізу жос­парланып отыр. Сондай-ақ өңір­де сүт өндірісін ұлғайтуға аудан фер­мерлерінің қосатын үлесі мол болмақ. Бүгінде аудан көлемінде 13 сүт қабылдау бекеті жұмыс істейді. Олар «Майлыкент сүт» ЖШС және «Фуд мастер» АҚ зауыттарына келісім-шартпен тәулігіне 24 тонна сүт өткізіп отыр. Алдағы уақытта сүт қабылдау бекеттерінің қуаттылығын арттыру көзделген. Осы мақсатта 2019-2020 жылдары 6 сүт қабылдау бекеті іске қосылатын болады. Бұл тәулігіне қосымша 9600 литр сүт қа­былдауға мүмкіндік береді.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру