Валюта бағамы: $ 383.98 430.63 6.11 ¥ 55.83

Тауар экспортын ұлғайту мақсатындағы келісімдер

24-26 сәуір аралығында Қазан қаласында «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit-2019» ІХ халықаралық экономикалық саммиті аясында қазақстандық кәсіпкерлердің сауда-экономикалық миссиясы өтті. Миссия аясында қазақстандық компаниялар ресейлік әлеуетті серіктестерімен кездесіп, келешек жеткізілімдер бойынша келісімдер жасалды.

Сауда-экономикалық миссияға қатысушылардың арасында – жүгері таяқшалары мен жарма өнімдерін шығарушы қарағандылық «Income company» компаниясы бар. Компа­ния­ның өнімдері Қазақстанның барлық қалаларында сатылымда, енді қарағандылық кәсіпкерлер Ресей нарығына шығуды көздеп отыр. «Income company» ЖШС өкілдері Қазан қаласы көрші ел нарығында бизнес бастау үшін қолайлы қаланың бірі деп санайды. «Қазан қаласы Ресейдің бірнеше басты магистралі торабында орналасқан. Осы жерден Мәскеуге, елдің батысына және басқа да маңызды бағыттарға шығуға болады», – деп жоспарымен бөлісті «Income company» ЖШС-ның өңірлік даму жөніндегі жетекшісі Рустам Нафиков.
Қазанда өткен келіссөздер со­ңында ресейлік 4 дистрибьютерлік компания қазақстандық компаниямен келісімшарт жасауға дайындығын білдірді. Осы келісімдерден соң қарағандылық өнім жергілікті сауда нүктелерінде сатылымға шығарылмақ.
Сауда-экономикалық миссияға 20 қазақстандық компания қатысты. Олар азық-түлік өнімдері, электр-тех­никалық жабдықтар, химия өнім­дері, балаларға арналған тауарлар, сондай-ақ басқа да салаларда тауарлар шығарумен айналысады. Олардың барлығы өз өнімдерінің әлеуетті сатып алушыларымен кездесті. Қазақстандық және ресейлік бизнес арасындағы бұл байланыстар – екі ел ынтымақтастығының нығая түсуіндегі маңызды бағыттардың бірі.
«Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулердің бірінде Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Татарстан мен Қазақстанның тауар айналымын 1 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу бойынша мақсат қойған болатын. Біздің талдауымызға сәйкес қазір бұл көрсеткіш – $700 мың деңгейінде. Тауарлардың негізгі ағыны Татарстаннан Қазақстанға барады. Қазақстаннан экспортты ұлғайту мақсатында үздік тауар өндірушілеріміз осы сауда миссия­сына қатысуда», – деді өз сөзінде Қазақстанның Сыртқы сауда пала­тасының басқарма төрағасы Аян Еренов.
Елімізден Татарстанға экспортты дамытуда Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі қазандық бөлімінің рөлі ерекше. «Біз ресейлік және қазақстандық компанияларға түрлі қолдау көрсетудеміз», – деді РФ-дағы Қазақстан Сауда өкілінің орынбасары Дамир Әділбеков.
Айта кетейік, Татарстандағы сауда-экономикалық миссияны Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының қатысуымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру