Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Шаруаға керегі – өнімді еңбек

Ауыл шаруашылығында тиімді жобаларды жүзеге асыру – өңірлік азық-түлік белдеуін қалыптастыруға, халықты жұмыспен қамтуға ықпалын тигізетін маңызды тетіктердің бірі болып табылады. Сондықтан Түркістан облысында бұл өзекті шаралар енді жергілікті биліктің, қаржы ұйымдарының және кәсіпкерлер өкілдігінің бірлескен іс-әрекетімен атқарылатын болады.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағын дамытып, халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба белгіленіп отыр. Облыс аудандарының экономикалық басым бағыттарын дамыту мен халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында анықталып, алынған бұл жобалар аясында сала инновациялық жаңа арнаға бұрылмақ.

Жуырда шаруалардың басын қосқан алқалы жиында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев өңірде озық технологияларды енгізумен жаңа ауыл шаруашылығын қа­лыптастыру көзделетінін, алдағы уақытта әрбір аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиістігін, жобаларды іске асыруға аудан, қала әкімдері тікелей жауапты екендігін ескертті. Облыста жалпы ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда аз, сондықтан қойылған тапсырмаларды тек заман талабына сай ғылыми жетістіктерді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде ғана орындауға болады. Сәйкесінше, Ө.Шөкеев аграрлық салада артта қалмау үшін ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әлемдік талаптарға сай келетін өнім өндіруге ұмтылған жөн екендігін, өнім нарықтық экономикаға сай, бәсекеге қабілетті болуы керектігін атап көрсетті.
Ауыл шаруашылығында озық технологияларды қолдана отырып, өңір аумағында іске асырылатын жобаларды айқындау және оларды мемлекеттік қолдау, оның ішінде инвестициялық субсидиялау және сыйақы ставкаларын субсидиялау, ақпараттық және консультациялық қызметті жүзеге асыру, ауыл шаруа­шылығын дамытуға бағытталған бизнес-жоспарларды уақытылы қарау бойынша үйлестірілген жұмыс енді бірнеше тараптың бірлескен іс-қимылымен жүргізіледі. «Қаз­Агро» ұлттық холдингінің негізгі қаржыландыратын еншілес компа­ниялары, Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастықты бекітумен осы өзекті міндетті орындауға кіріседі. Қала аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, шаруашылыққа жоғары технология­ларды енгізу, сонымен бірге халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын жобалар жайынан басқа, басқосуда сондай-ақ инфрақұрылымы дамыған бордақылау алаңдарының құрылы­сы, құс етін өндіру, сүт фермалары, жылыжай, балық шаруашылығы, қар­­қынды бау-бақша шаруашылығы, шағын не­сие беру және жобаларды іс­ке асыру мәселелері сөз етілді. Семи­нар­да сон­дай-ақ ауыл шаруашылығы сала­сындағы инновациялық техноло­гия­ларды қолданып жылына 2-3 рет өнім алып отырған, бизнесті жолға қойып, мол табыс тауып отырған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Қазірде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыруда. Қор басшылығы келтірген дерек­терге сәйкес, ағымдағы жылы атал­ған бағдарлама бойынша жергілікті атқарушы органдардан 27,2 млрд теңге мөлшерінде, оның ішінде Түркістан облысы бойынша – 3 млрд теңгеден астам қарыз тарту жоспарлануда. Бұл ретте республика бойынша қордың жалпы қаржыландыру көлемінің 11,2%-і Түркістан облысына тиесілі болады. «ҚазАгро» ұлттық холдингі облыстың аграрлық кешенін қолдау шараларына жыл басынан бері 5771,9 млн теңге бағыттаған. Холдингтің еншілес компанияларының инвес­тициялық портфелі жылдың басында 2030 жұмыс орнын құрумен 43,5 млрд теңге сомасына 72 жобаны құрайды, жалпы құны 500 млрд теңгеден асатын 672 инвестициялық жоба іске асырылды, пайдалану кезеңінде құрылатын жұмыс орындарының саны 21 мыңнан асады.
Шағын және орта бизнес субъ­ектілерін қолдау бағдарламасы ая­сын­да: «Агробизнес» бағдар­ламасы бойынша (ауыл шаруа­шылығы өн­дірісін несиелеу және ауыл шар­уа­шылығы өнімдерін несиелік серіктестіктер жүйесі арқылы қайта өңдеу) 704,8 млн теңгеге 14 несиелік серіктестік – 60 жоба; «Агробизнес» бағдарламасы бойынша (ауыл шаруа­шылығы шикізатын қайта өң­деуге және тамақ өнімдерін өндіруге тікелей несие беру) 597 млн теңгеге 7 жоба; «Игілік» ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын дамыту бағдарламасы бойынша 186,5 млн теңгеге 51 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ 915,7 млн теңгеге 3605 бас ІММ; 139,4 млн теңгеге 6026 бас ҰММ; 174,3 млн теңгеге 530 бас жылқы сатып алу жобалары қаржыландырылды.
Ал ағымдағы көктемгі егіс, сон­дай-ақ егін жинау жұмыс­тарына тоқ­тала кетсек, биыл облыс бойынша холдингпен 27,1 мың гектар егіс алқа­бына 2,1 млрд теңге сомасына 640 ауыл­­шаруашылық тауар өндірушілері қар­жыландырылған. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 784 млн теңге со­масына 104 қаржы лизингі шар­ты, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге – 761 млн теңгеге 97 шарт жасалды. Со­нымен қатар облыс бойынша 108 бір­лік ауыл шаруашылығы және ар­найы техника мен жабдықтар сатып алуға 803,5 млн теңге сомасына шарт­тар жасалды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру