Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Инвестициялық ынтымақтастық артуда

Геологиялық барлау – іздеу және зерттеу жұмыстары көптеген жылдарға созылатын, инвестициялық салымдар үшін тәуекелі көп сала. Осы ретте геологиялық барлауға инвестициялар тарту негізгі міндеттерінің бірі болып саналатын «Қазгеология» АҚ бұл салада жоспарлы жұмыстар жүргізіп, шетелдік компаниялармен табысты ынтымақтастық орнатуға өз үлесін қосуда.

Геологиялық барлауға мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясында елімізге Rio Tinto, Iluka, Yildirim, Ulmus сияқты әлемдік көшбасшылар тартылды. Мұндай компаниялар ел аумағын зерттеумен қатар өздерінің үздік технологияларын да әкеледі. Өткен жылдың қорытындысын шығарған «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ деректерінше, алдыңғы жылмен салыстырғанда, шетелдік және қазақстандық инвесторлар салымдарының көлемі 168,8 млн теңгеге артып, 3,5 млрд теңгені құраған. Соңғы 3 жыл бойы Қаз­геология Rio Tinto австралия-британия концернімен, Ulmus Fund неміс инвестициялары қорымен және австралиялық Iluka Resources Limited компаниясымен тиімді әріптестікті жалғастырып келеді. Еуропа және Австралия компанияларынан басқа, ұлттық барлау компаниясы ресей және түрік инвесторларымен де жұмыс істеуде. Күні бүгін шетелдік инвесторлардың қаржы құйылымдарымен 6 учаскеде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар бойынша тек іздеу кезеңінің өзінде тартылған инвестициялар сомасы 20 млрд теңгеге жуық соманы құраған. Жер қойнауын пайдалану жобалары бойынша осы компаниялардың геологиялық зерттеу және барлаудың жалпы алаңы 20 мың шаршы км-ге жуық аумақты құрайды. 2018 жылдың аяғында салаға 6 млрд теңге инвестициялар тартылды. Бұдан басқа, 2019-2020 жылдары шетелдік инвесторлармен тағы 15 жоба бойынша геологиялық барлауды бастау жоспарлануда. Осылайша, ұлттық компания таяу жылдары геологиялық барлауға тартылатын шетелдік инвестициялар сомасын 100 млн долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл үшін қазіргі уақытта Жапония, Иран, Түркия, Сингапур, Швейцария, Бразилия, Оңтүстік Африка, Сауд Арабиясы, Қытай, Австралия, Канада, Чили, Ресей инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде.
Ұлттық геологиялық барлау компаниясы қала құраушы кәсіп­орындарды қолдау әрі олардың минералдық шикізат базасын толықтыру мақсатында Қазцинк және Қазақмыс секілді әлеуметтік маңызы бар ірі кәсіпорындармен тығыз әріптестікті жолға қойған. Атап айтқанда, «Қазцинк» ЖШС-пен Риддер және Зыряновск моно-қалаларының маңында алтын, мыс және полиметалдар барлауға 5 жоба жалғастырылуда. Қазірде былтыр маусымда құрылған бірлескен кәсіпорындарға жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. 2018 жылы геологиялық барлауға инвестициялар көлемі 144,7 млн теңге сомасын құрады. «Қазақмыс» жобаларына келсек, бүгінде Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш аудандарындағы 5 нысанда құрамында мыс бар кен орындарын барлау үшін бірлескен кәсіпорындар құрыл­ған. Қарағанды облысының Дүйсембай учаскесінде полиметалл кендерін іздеу жұмыстары жүргізілді. Жезқазған алаңында Қазақмыстың Сәтбаев №3 кен байыту фабрикасы орналасқан, бүгінде оның жұмысы тоқтап тұр. Кеңес кезінде фабрикада Дүйсембай кен орнындағы қорғасын, мырыш кендерінің байытылуына жүргізілген технологиялық зерттеулер нәтижесі оларды өңдеуге болатынын көрсеткен. Бірлескен 3 жоба Қостанай өңірінде орналасқан. 2018 жылғы қазанда Қазгеология Алтын қазған учаскесіне лицензия алды. Сөйтіп, өткен жылы геологиялық барлауға инвестициялар көлемі 460,1 млн теңге құрады. Бұдан бөлек, Қазақстанда ресейлік Полиметалл компаниясы алғашқы геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыра бастады. «Қазгеология» АҚ-пен бірлесіп, алтын-күміс, скарндік мыс-алтын, алтын-сульфидті өнеркәсіптік кен орындарын табуға перспективалы Қостанай облысының Шекара учаскесінде аэрогеофизикалық зерттеулер орындалды. Олардың нәтижесінде биыл жүргізу белгіленген жан-жақты іздеу жұмыстарын жолға қою үшін перспективалы алаңдар анықталды.
Озық технологиялармен, сал­мақты инвестициямен геология­лық барлау жұмыстарынан – фабрикаларды жандандыру үшін серпін күтіледі, ал бұл тұтас өңірге әлеуметтік тиімділік әкеледі.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру