Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Қызмет сапасы мен өсім көлемі артты

Елбасы – ҚР Тұңғыш Президентінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының жүзінші қадамын орындау мақсатында құрылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыратын бірыңғай провайдер болып табылады. Оның құрамына «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» және «Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есеп айырысу орталығы» РМК кірді.

Азаматтарға арналған үкімет Маңғыстау облысының тұрғындарына үш жыл ішінде 3 миллион қызмет көрсетті. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының үшжылдық қызметіне байланысты өткен брифингте филиал директоры Ербол Байжігіт мәлімдеді.

Брифинг барысында мемле­кеттік қызметтер тізіміндегі 752 қызметтің 621-і, яғни 83% мемлекеттік корпорация арқылы, ал 506-сы электронды түрде қолжетімді екені айтылды. Филиал директорының орынбасары Айбек Мұзбаев келтірген мәлімет бойынша, мемлекеттік корпорация құрылғаннан бастап Маңғыстау облыстық филиалы аймақ тұрғындарына 3 миллионға жуық қызмет көрсетсе, оның 1 миллион 903 мыңын маңғыстаулықтар орталыққа келіп, өз бетінше алған. Сондай-ақ филиалда соңғы үш жылда 475 мыңнан астам электронды цифрлық қолтаңба рәсімделген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Маңғыстау облыстық фи­лиа­лының директоры Ербол Байжігіт осы үш жылдың ішінде өңір тұрғындары үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандырылған секторы, мигра­циялық ХҚО ашыл­ғандығын, Ақтау қалалық бөлімі жаңа ғимаратқа көшірілгенін атап өтті. Атқарылған жұмыстармен қатар, бүгінде көлікті онлайн тіркеу, жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстыру, paper free, egovkzbot сияқты өмірімізге көптеген жеңіл­дік әкелген жаңашылдықтар туралы айта келіп, ол: «Бүгінде Telegram (EgovKZBot) және mGov қосымшаларындағы мемлекеттік қызметтерді бірретік құпиясөз арқылы алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Облыс бойынша аталмыш базаға 473 мың адам тіркелген. Яғни сұранысқа ие бірқатар анықтамаларды халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ алуға болады. Осының арқасында аса қымбат уақытыңыз үнемделеді», – деді.
Өңірлік коммуникациялар қыз­меті алаңындағы брифинг бары­сында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Маңғыстау облыстық филиалы директорының әлеуметтік төлемдер бойынша орынбасары Ұлан Нұрлыбаев осы кезең ішінде зейнетақы төлемі 7 пайызға, база­лық зейнетақы мен жәр­дем­ақы көлемі 5 пайызға артқанын айтты.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облыстық филиалы өңірде әлеу­меттік бағыт бойынша зей­нетақы мен жәрдемақының 42 түрін қам­тып, төлемдер жүргізіп отыр. Ай сайын республикалық бюджет есебінен 5 миллиард тең­геден астам төлемдер жүргі­зіліп келеді. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, әлеуметтік төлемдердің жыл сайын өсіп отырғандығын атап өтуге болады. Зейнетақы төлемі 7 пайызға, базалық зейнетақы мен жәрдемақы көлемі 5 пайызға артты. Осылайша, мамандар Маңғыстау облысы бойынша жалпы төлемдер сомасы 176 501 мыңға өскендігін атап өтті.

Ернар ОРМАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру