Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Диқандар жақсы өнімнен үмітті

Әлемдік нарық бидай өндірушілерге әйтеуір оң көзімен қарай бастады-ау – қазақстандық шаруалар тап осылай деп мәлімдеп отыр. Егіс науқаны басталар алдында бұл факт, тіпті былтырғы жанар және жағармай бағасының өсіп кетуі мен теңге бағамының құлдырауы сияқты жайсыз факторларға да қарамастан, аграрийлер көңілінде болашаққа сенім үмітін ұялатады, дейді forbes.kz сайтынан.

Тиянақсыз тепе-теңдік

Естеріңізде болса, 2018 жылы доллар бағамы 20%-ға, сондай-ақ дизельдік отынға да бағалар өсіп кеткен болатын. Алайда, шаруалар мұндай секірістердің салдарын кешірек, дәл қазіргі науқанға дайындық барысында, шөпжойғылар, қосалқы бөлшектер, шығыс қажеттіліктері, сондай-ақ тұқым мен тыңайтқыштар сатып алу мерзімі келгенде сезе алды.
– Біз үшін көп нәрсе валюта бағамына байланысты, өйткені сол техникамыздың өзі негізінен импорттық және де оларды қамтамасыз ету шығындарымызды доллармен, евромен немесе рубльмен өтеуді қажет етеді, – деп әңгімелейді Қарағанды облысынан «Надежда» шаруа қожалығының басшысы Григорий Бодик. – Өткен маусымда доллар бағамы 320 теңге еді, ал қазір – тіпті 380 теңгеге жетті. Соляркаға келсек, ол да бір жарым есеге жуық қымбаттап кетті. Тіпті дала жұмыстарын жүргізуге арналып арзандатылған дизельдік отынның өзі биыл бізге бір литрі үшін 171–172 теңгеге бөлінуде. Сондықтан биылғы биылғы науқанға даярлық бізге, былтырғыға қарағанда, әлдеқайда қымбатқа түсейін деп отыр.
Бұл ретте шаруалар шығын­дары мен табыстары арасында тепе-теңдік сақталуын қалайтындарын айтады. Мәселе мынада, көптеген фермерлердің өз бидайларын сақтауға мүмкіндіктері бола бермейді және бұлар оны «дөңгелек үстінде» сатуға мәжбүр: бір КамАЗ орып алса – оны сол жерде-ақ егіс алқабынан сатушыға бере салады. Бидай тазартылмаған және кептірілмегендіктен, бағасы да төменірек болады. Нәтижесінде бидайдың нарықтағы бағасын түсіруге мәжбүр болып, басқалардың жағдайын күрделендіріп қоймай, аграрийдің өзі де айналғанда табыссыз қалады. Бидай өсірушілердің осы топтары үшін қазіргі көктем – неғұрлым қолайсыз, өйткені өткен маусым­ның қорытындысында олар азғантай ғана табысты болған. Оның өзін жаңа маусымға даярлық жұтып қоятын сы­ңайлы.

Екі есе тиімділік

Ал, өткен күзде жинаған ас­тығын сақтауға өткізіп, баға­лар­дың өсуіне қиналмай жеткен аграрийлер болса, бәріне дән риза және жаңа табыстардан үмітті. Баға жағдайы бұлардың көңіл-күйлерін көтере түскен.
– Бізге шығындарымыз бен оған жұмсалған еңбегіміздің қай­тарымды болғаны аса маңызды, – дейді Қарағанды облысындағы бидай егуші аса ірі шаруашылық, «Шахтерское» ЖШС, директоры Георгий Прокоп.
– Иә, былтырмен салыстыр­ғанда жанар-жағармай құны да, доллар бағамы да өсіп кетті, біз оған аса тәуелдіміз. Бірақ бидайға баға да өсті – қазіргі сәтте оның бір тоннасы 200 доллар деңгейіне жетіп қалды. Біз үшін бұл жақсы.
Шаруалар өнімділік төмен болған, соның салдарынан би­дайдың өзіндік құны жоғары – тоннасына 40 мың теңгеге жуық межеге жеткен 2017 жылды да еске алады. Оның үстіне өнімді өткізу асқан қиыншылықпен өрбіп, кейбір кездері, тоннасына 37-38 мың теңгеден, өздеріне шығынмен саудаласуға да тура келген. Тек былтырғы жылдың жазына қарай ғана бір тоннасына 48 мың теңгеге дейін өсіп, осы кезге сарылып жет­кен аграрийлер қолайлы тиім­ділікке қол жеткізген.
Түсімділіктің жоғары болуы арқасында бидайдың былтырғы өзіндік құны айтарлықтай қолайлы болды – тоннасына 28 мың теңге шамасында. Күзгі сатулар бір тоннасына 45 мың теңге деңгейіндегі бағадан басталды. Яғни рентабельділік тіпті күзгі жағдайда да қолайлы болды. 2019 жылдың басында бидай бағасы тоннасына 60 мың теңгеге дейін көтерілді, ал наурыз-сәуірде тіпті 70 мың теңгеге жетті. Сондықтан асықпай «арбалаған», сөйтіп, жақсы бағаға қолдары жеткен бидай өсірушілердің ренжитін еш реті жоқ.
– Айтпақшы, картоп бойынша да, көпшілік айтып жүргендей, қынжылатындай ештеңе жоқ, – деп қадап айтты Георгий Прокоп. – Өткен маусымда бір кило өнімнің өзіндік құны 25 теңгені құрады. Біз өнімімізді қарашада 45 теңгеден сата бастадық, ал қазір баға 75 теңгеге дейін жетті. Өкпелеудің өзі күнә мұндайда.

Дала падишасы

Қазақстандық бидай қымбат­тауының басты себебі – әлемдік бағалардың өсуі. Мамандар мұны көптеген факторлармен түсіндіреді және тренд сақталатынын бол­жауда. Жоқ дегенде, тағы бір мау­сым осылай болады.
Осыны қаперге ала отырып, астық өсірушілер қазір өз алқап­тарында нақты не егу қажетті­гін жоспарлауда. Бидайдан өзге басқа да қымбат дақылдарға – жемдік шөптер мен майлы да­қыл­дарға басымдық берілмек. Мәселен, арпа қазір тоннасына 60 теңгедей тұрады. Мұның үстіне сатып алушы оны осы бағамен элеватордан-ақ өзі тиеп әкетуге әзір. Сонымен қатар тауарды әуелі іздеп табу қажет, сұраныс отандық мал өсірушілер тарапынан да, Иран жағынан да аса жоғары болып отыр.
– Майлы дақылдарға келер болсақ, бұлардың бағасы ұзақ уақыттан бері тұрақты, – деп атап айтты Георгий Прокоп. – Біз мақсары өсіріп жатырмыз, ол үшін қазір Қытай нарығы ашылды. Бұл – нарықтың ауқымын ескерсек, зор болашақ кепілі. Баға тәп-тәуір: былтырғы маусымда өнімді өсірген жерімізден бір тоннасына 85 мың теңгеге сатып алып жатты. Бұл дақылдың өнімділігі бидаймен бір деңгейде, қолайлы жылдары біз бір гектарына 15-16 центнерден өнім аламыз. Бірақ, әрине, көп жағдай­да бәрі ауа райына байланыс­ты: мақсары жылуды жақсы көреді және мол ылғалды ұнатпай­ды. Сондықтан өткен жылғы қа­лыпсыз ылғалды маусымда ол қомақты көлемде өнім бере қой­мады, шығымдылық гектарына 8 центнерден ғана айналды. Есесіне бидай «төгіп салды». Сол себепті де әртараптандырудың пайдасы – дақылдардың соншама жиын­тығын егетін болсақ, әйтеуір біре­уі бүкіл шаруашылық бойынша рентабельділікті табысқа «сүйреп шығады».
Барлық себеп-салдарды ескере келіп, жерді тиімді пайдалануды ойлаған астық өсірушілер майлы дақылдардың да, арпаның да егістік көлемін едәуір арттыр­ған. Бидай әдеттегідей «дала падишасы» болып қала береді. Ал, бұршақтық дақылдар (нұт, жасымық) алқаптары өткізу қиыншылықтары салдарынан қысқаруда. Бұл дақылдар соң­ғы жылдар бедерінде ек-үш есе арзандап кеткен. Олар тек тұ­қымдық учаскелерде ғана қал­дырылып, нарықта сұраныс ар­тып, жағдай өзгере қалған кезде егісті шұғыл ұлғайту мақсатында сақ­талып отыр.
Қорыта келе айтарымыз, шаруалар қауымы нарықтық жағдай талаптарына бейімделіп, істің ыңғайын таба білуге тал­пынуда. Өзіміз әңгімелеп отырған бір ғана Қарағанды об­лысының мысалынан да осыны айтуға болады. Әрине, нарық өзге де сын-қатерлерін фермерлер алдына бұдан әрі де тартуы әбден мүмкін. Бірақ соны алдын-ала болжап, мамандармен тығыз бірлестікте жұмыс істейтін диқан қауымы үшін табысты молайтуға мүмкіндік мол.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру