Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

«Нұр-Сұлтан» кемесі ел тыныштығын күзетеді

Орал қаласындағы «Зенит» зауытының конвейерінен отызыншы кеме суға түсірілді. Шаған өзені айлағында кемені суға түсіруге арналған салтанатты шараға БҚО әкімі Алтай Көлгінов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры – ҰҚК төрағасының орынбасары, генерал-майор Дархан Дильманов, «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы, «Қазақстан инжиниринг» АҚ өкілдері және ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.

«Орал «Зенит» зауыты» АҚ жасаған «Нұр-Сұлтан» кемесі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің тапсырысымен жасалған. Еліміз­дің Каспий теңізіндегі шекарасын қорғайтын су құралының басқару жүйесі, орнықтылығы, жүзу жылдамдығы бұрынғыдан жетілдірілген және заманауи қару-жарақпен жабдықталған. Әскери кеменің ұзындығы – 42, ал ені – 7,8 метр. Тәулігіне 4 тонна су өңдейтін қондырғы орнатылған. Экипаж мүшелері үшін бағыт-бағдар беру жүйесі, байланыс жабдықтары мен штурмандық құралдар орнатылған. Әскери кеме биіктігі 3-5 метрге жететін 7 балдық толқын кезінде де теңіз бетінде еркін жүзе алады. Бес балдық толқында барлық тапсырманы мүлтіксіз орындауға қабілетті. Экипажда 27 адам қыз­мет етеді.
– Халқымыздың бірлігі күні мерекесі қарсаңында «Зенит» зауыты ел шекарасын қорғайтын тағы бір кемені жасап шығарды. Әскери кемені шығару отандық өндірісіміздің дамығанының көрінісі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлы­ғымен бекітілген индустриалды-инновациялық бағдарлама ау­қымында өндірісіміз дамуда, ха­лықаралық стандарттарға сай жабдықталып, жаңғыртылып отыратын «Зенит» зауыты жыл сайын кеме шығарады. Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру­дың маңызы зор екені мәлім. Бұл бағытта тынымсыз тер төккен кәсіпорын ұжымына алғыс айтамын. Әскери кеме ашық аспан аясында еліміздің теңіздегі шекарасын қорғауға қызмет етеді, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
ҚР ҰҚК төрағасының орын­басары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Дильманов отандық зауытта жа­сал­ған әскери кемелер мен ка­тер­лердің сапасы мықты екенін, көршілес Ресей Федерациясы, Иран, Әзербайжан мемлекеттері жоғары бағалап отырғанын айтты.
Салтанатты шарада «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиев ҚР ҰҚК төрағасының 2019 жылғы 23 сәуірдегі бұйрығымен «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен, зауыттың бас технологы Тимур Траисов, №6 цех бастығының орынбасары Николай Хамко ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
2006 жылдан бері қолданысқа енгізілген 0030 «Барыс» жобасы бойынша шығарылған шекара­лық «Нұр-Сұлтан» кемесі Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне жеткізілмек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру