Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Үздік дивизионға жолдама алды

Елордадағы «Барыс Арена» мұзайдынында шайбалы хоккейден «А» тобының бірінші дивизионы арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бірінші топта ел құрамасы Словения, Литва, Оңтүстік Корея, Беларусь және Венгрия құрамаларымен бірге бір топта сынға түсті.

Әлем чемпионатында Қазақ­стан намысын 23 хоккей­ші қорғады. Андрей Скабелка жат­­тық­тыратын құраманың басым көпші­лігі, яғни 16 ойыншы «Ба­рыс­­тан» алынды.
Бірінші турда ел құрамасы Словенияға қарсы мұз айдынында жолықты. Матчтың бірінші кезеңінде Қазақстан хоккейшілері қарсылас құрама қақпасына үш шайба соғып үлгерді. Алдымен 3-минутта Никита Михайлис мергендік танытса, одан кейін 9-минутта Антон Некряч есепті үстемелей түсті. Ал 16-минутта Никита Михайлис тағы бір соғылған шайбаның авторы атанды. Екінші кезеңде Словения құрамасы шабуылға көбірек шықты. Нәтижесінде олар тарапынан екі шайба соғылды. Бұл кезеңде Қазақстан хоккейшілері қарсыластар қақпасынан саңылау таба алмады. Үшінші кезең екі құрама тарапынан шабуылмен ерекшеленді. Словения хоккейшілері қазақстандықтардың қақпасының маңында жиі бой көрсетіп жатты. Дегенмен шайба соғылған жоқ. Қазақстан Словенияны 3:2 есебімен жеңді.
А тобында кезекті екінші турда Қазақстан құрамасы Литваны қабылдады. Ойынның 10-шы минутында Дастин Бойд елқұрамасын алға шығарды. Ал 31-минутта Никита Клещенко мергендік танытты. Есеп 2:0. Ал 41-минутта Литва сапынан Арвидас Домейка есеп айырмасын қысқартты. Қорытынды есеп 59-минутта белгілі болды. Қазақстан құрамасынан Даррен Диц соңғы минутта шайба соғып кетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Үшінші турда ел құрамасы Оңтүстік Корея құрамасымен жолықты. Бұдан бұрын жолдастық кездесуде 3:0 есебімен басым түскен хоккейшілерімізге көптеген мамандар сеніммен қарады. Бұл сенімді хоккейші жігіттерміз ақтады. Павел Акользин 3-минутта шайба соғып көзге түсті. Ал 17-минутта Леонид Метальников есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңнің 30-минутында қазақстандық Дмитрий Шевченко мергендік танытты. Ал 51-минутта Оңтүстік Корея құрамасынан Сан Ву Сина бір шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді. Қорытынды есеп 53-минутта белгіленді. Біздің құрамадан Никита Клещенко қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Қазақстан аталмыш қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Айта кетерлігі, бұған дейінгі екі құраманың бес кездесуінде төрт мәрте қазақстандық спортшылар басым түскен еді.
Төртінші турда ел құрамасы тарихи жеңіске қол жеткізді. Олай дейтініміз азулы Беларусь құра­масын біздің хоккейшілеріміз бұ­ған дейін ешқашан жеңбеген еді. Екі құрама аталмыш топтағы мық­тылар қатарында саналған болатын. Беларусь құрамасы да бар­лық қарсыласынан басым түсті. Екі құрама бұған дейін 11 мәрте кездескен болатын. Оның бірде-бірінде біздің хоккейшілер жеңіс­ке жете алған жоқ. Сондықтан жеңіс Қазақстан құрамасына бұйырса, ол тарихи ойын саналатыны сөзсіз еді. Матч барысында хокейші жігіттер алғашқы болып есеп ашты. Оны Никита Михайлис 6-минутта шебер орындады. Одан кейін 16-минутта Талғат Жайлауов мергендік танытты. Бірінші кезеңді қазақстандық хоккейшілер 2:0 еесбімен жеңіспен аяқтады. Дегенмен, Беларусь құрамасы тарапынан 27-минутта Артем Демков және 45-минутта Никита Феоктистов шайба соғып, таразы басы теңестіріп кетті. Матч соңына дейін 2:2 есебі сақталып тұрды. Сондықтан кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда хоккейшілеріміз жеңіс шайбасын соқты. Осылайша, Қа­зақстан құрамасы тарихи жеңі­сіне жетті. Сондай-ақ, алдағы жылы үздіктер ойнайтын А дивизионында бақ сынауға мүмкіндік алды. Естеріңізге сала кетелік, ҚР құрамасы аталмыш дивизионда соңғы рет 2016 жылы ойнаған болатын. Тағы бір жолдама Беларусь құрамасына бұйырды.
Бесінші турда Қазақстан құра­масы Венгриямен кездесті. Бұл матч ел құрамасы үшін аса жауапты емес, жолдастық ойын ретінде саналған еді. Себебі, ұтылсақ та өз дивизионымыздан шығатынымыз айдан анық еді. Алайда жергілікті көрермендерді ұялтпауға тырысқан хокейшілеріміз мажарларды ұтуға ниеті бар екендігін танытты. Бұл кездесуде Венгрия біздің құрамаға тегеурінді қарсылық көрсетті. Нә­тижесінде бірінші кезеңде екі құрама да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ал екін­ші кезеңнің 23-минутында қазақ­стандық Никита Михайлис мер­гендік танытты. Бұдан кейін Венгрия сапынан Иштфан Шофрон ойынның 45-минутында есеп айырмасын қысқартты. Ал 57-минутта қазақстандық Евгений Рымарев гол соқты.
Осылайша біздің құрама Әлем чемпионатының бі­рінші диви­зионының А тобын­дағы барлық ойында жеңіске жетті. Өз тобында бірінші орын ал­ды. Екінші орын Беларусь құра­масына бұйырды. Дегенмен беларусь жігіттері соңғы матчта Оң­түстік Корея құрамасынан 1:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал Словения Латвияны 9:0 есебімен ойсырата жеңді. Алғашқы екі орын алған Қазақстан мен Беларусь құра­ма­лары алдағы жылы үздіктер сынға түсетін А дивизионына жолдама алды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру