Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Саяхатшыларды немен қызықтыра аламыз?

Тек соңғы жылдар бедерінде ғана елімізде туризмді дамытуға, одан түсетін пайданы арттыруға нақты шаралар қабылданып, мемлекет тарапынан нақты іс-қимыл көрініс тапқаны қуантады. Осының тағы бір жарқын айғағындай, таяуда БҰҰ сарапшылары мен Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдері Жібек жолы брендін ілгерілету мақсатымен іскерлік кездесу өткізіп, бірлескен Жол картасын және трансшекаралық дәліздер құруға ынталы екендерін білдірді. Жұмыс тобына ЮНЕСКО ұлттық комиссияларының мүшелері, бүкіләлемдік мұралар нысандарының және ЮНВТО (БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы) қызметкерлері біріккен деп хабарлайды kapital.kz сайтынан.

Еуроодақ Орталық Азиядағы туристік жобасына 3,5 миллион евро құйып отыр

«Ауғанстандағы, Орталық Азия және Ирандағы Жібек жолы мұраларының дәліздері» деп аталған бұл ауқымды жобаны Еуропалық одақ қаржыландырып отыр.
«Барлық елдерге ортақ сома – 3,5 миллион евро. Ол 7 елдің арасында бөлінген және игерілуі үш жылға белгіленген. Әрбір шараға өз сомасы ыңғайланған», – деп хабарлады ЕО/ЮНЕСКО жобасының үйлестірушісі Гүлмира Рымбаева.
Қазақстандағы қаржылан­дыру 8 нысанды қамтып отыр. Бұлар – көне дәуірлердің Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген және Талғар қала­шықтары, сондай-ақ Жамбыл облысындағы Ақтөбе (Степнинское), Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек қалашықтары. Мұнда ақпараттық тақталар (панельдер) орнатылады және гидтер, менеджерлер мен басқа да түйінді стейкхолдерлер (акционерлер) оқудан өткізіледі.
«Жібек жолы – туристерді қызықтыратын әлемге әйгілі бренд. Бірден бірнеше елдерге баруға болатын бағыттар неғұрлым басым қолдауға ие. Бүгінгі әңгімеміз Жібек жолы­ның брендін пайдалана отырып, барлық ортаазиялық мемле­кеттердің күш-жігерін бірікті­ру туралы болып отыр», – дейді Г.Рымбаева.

Қазақстанға қуана-қуана келеді, бірақ ел тарихын білмейді

Жаһандық экономиканың әлсіреуіне қарамастан, Орталық Азиядағы туризм өсімі 6 пайызды құраған және де ең үлкен өсім Қазақстанның еншісінде. БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UNWTO) мәліметтері, міне, осындай.
«Елдердің өзара іс-қимылы туралы айтар болсақ, аймақтағы жағдайды шамамен былайша суреттеуге болады: Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы туристер ағыны айтарлықтай. Қазақстан – сондай-ақ Қырғызстан үшін де маңызды нарық.

 
Алайда цифрлар алдымызда әлі көп жұмыстар тұрғанын аңғартады», – дейді UNWTO Жібек жолы департаментінің үйлестірушісі Патрик Фритц.
Егер трансшекаралық туризмді дамытуға арналып ЮНВТО мен ЮНЕСКО тарапынан жасалған Жол картасына зер салсақ, бірден бірнеше елдерді өзара жалғастырып жатқан дәліздерді көре аламыз.
«Бірінші дәліз: Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікпенстанды кесіп өтетін Пенджикент – Мерв; екіншісі: Ош – Пенджикент – Самарқан. Бұл Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстанды біріктіреді; ал үшіншісі: Қытай, Қазақстан мен Қырғызстан арқылы өтетін Ыстықкөл – Шу – Ақсу бағыты», – деп тізбелейді Патрик Фритц.
Өткен жазда Дүниежүзілік ұйым Алматыда туристер арасында сұрау салу жүргізген. Тізімге түрлі елдерден 700 респондент, оның ішінде қазақстандықтар да бар, еніпті. Нәтижесінде өте қызықты дәйектер айқын болған.
Интуристердің (шетелдік саяхатшылар) 70%-ы Алматыға дайын турларды пайдаланып, жолдамамен келген. Негізінен мұнда сауда жасау үшін және ойын-сауық пен көңіл көтеруге келеді екен – бұл барлар мен мейрамханалар (Инфографика).
«Туристер алматылықтарды өте қонақжай деп есептейді, ал қаланы қауіпсіз санайды. Көп­шілігі азғантай ақшаға Алматы үлкен мүмкіндіктер ұсынады деп те есептейді екен. Адамдарға елдеріңіз ұнайды. Ал, Жібек жолы туралы мұнда іс жүзінде ештеңе де білмейді. Әйтсе де қызығушылық танытқан», – деп ЮНВТО сарапшысы сұрау салу қорытындыларымен бөлісті.

Жергілікті тұрғындар туристерге неге разы емес?

Жыл сайын бүкіл әлем бойынша 1,4 миллион адам саяхаттайды екен. Бүгінде сарапшылар соларды қайткенде Орталық Азия елдеріне тартуды ойлап, бастарын қатыруда. «Бірақ туризмді дамытпас бұрын, алдымен жергілікті тұрғындарға қамқорлық жасаңыздар», – деп санайды ЮНЕСКО-ның аға жоба маманы Питер ДеБрайн.
«Туризм саласы айтарлықтай тұрақты емес. Мұнда күрт өсу мен құлдырау байқалады. Туристер бүгін әлдебір нысанға қызы­ғушылық танытады, ертең оған мән беріп қарамайды да. Біз Жі­бек жолының, бірнеше ұрпақтар үшін, танымал болуын қамтамасыз етуіміз керек. Саяси ерік-жігер жұмсалмай, туризм дамымайтыны сияқты, азаматтық қоғамсыз даму да жоқ», – деп атап көрсетті ол.
Мамандар жергілікті халық­тың және азаматтық қоғамның туризмді дамытуға жеткілік­ті тар­тылмағанын байқаған. Осы ретте ЮНЕСКО стратегия­ның инклюзивті болуы және іс-қимылында жергілікті қоғам­дастықты тарту арқылы кооперацияны ілгерілетуге тырысуда.
«Кейбіреулер туристерді қатер деп қарастырады. Мәселен, Венеция мен Барселонада. Шын мәнінде, жергілікті қауымдастыққа туризмнен айта қаларлықтай пайдасы болмағасын арыз-талаптар түсіп жатады. Тұрғындар көлік­пен, балалары үшін олардың білім алуымен және солармен бірге өздерінің де қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз етілуі тиіс. Егер сіз жергілікті халық үшін қажет нәрсесін жасасаңыз, онда туристер де өз пайдасын табады, ал егер сіз бірінші орынға туристерді қойсаңыз, өзіңіз де жергілікті тұрғындардан басыңызға мәселе тауып аласыз», – деп түйін­дейді Питер ДеБрайн.

Яссауи кесенесі ЮНЕСКО қорғауында қала ма?

Кесенені ЮНЕСКО тізімінен шы­ғарып тастауы мүмкіндігі жыл­дың басында аян болды. Себебі – сәулет ес­керткішінің жақын төңірегінде құрылыс жүргізілуі.
«Бұл мәселеге мен түсінік­те­ме бере алмаймын. Бұл менің құзыретімде емес және басқа дең­гейде шешілетін жәйт. Менің ойымша, қазір келіссөздер жүр­гізіліп жатыр, барлық тараптар да қарастырылуда. Түркістандағы құрылыстың өзі әлі басталған жоқ, сондықтан түсініктеме беруге әзір ерте», – деп есептейді Гүлмира Рымбаева.
«Біз тыйым сала алмаймыз, біз қан­дай жолмен және не қажет екенін, қандай нысандарда салу керек­тігін түсіндіреміз. Сон­дық­тан да біздің талаптарымызды сақтауға – сіз «жұлдызша» аласыз ба, әлде, ке­рісінше тізімнен шығып қаласыз ба – тәуелдісіз. Өтінеміз, біз­дің ны­сандарға және инфра­құры­лымға өз талаптарымыз барын есте сақта­ңыздаршы. Егер нысанмен бірдеңе істемек болсаңыздар, бірінші кезекте қоршаған ортаға баға беріп, іс-қимылыңыздың мұра нысанына әсерін бағалауға тиіссіз», – деп атап айтты Питер ДеБрайн.
Ол сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жан-жақты құндылықтарға жағым­сыз әсерін тигізетін инфра­құрылым құрылысына шектеуі бар екендігін атап өтті. «Тарихи аудандарды қаланың өзге бөліктерінен оқшаулауға болмайды, олардың сол аумақпен және жергілікті тұр­ғындармен жете араласуын қам­тамасыз ету қажет. Тарихи орталықта он қабатты қонақ үйін салудың керегі жоқ және жалпы алғанда туризмді экономиканың бөлек саласы ретінде дамыту да дұрыс емес», – дейді білікті сарапшы.

ИСА ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру