Валюта бағамы: $ 383.98 430.63 6.11 ¥ 55.83

Достық дәнекері

Алматыда ҚР СІМ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ИЫҰ Бас хатшылығының бірлесе ұйымдастыруымен «Исламды жақындастыру бойынша бастама: ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердегі бейбітшілік пен қақтығыстарды реттеу жөніндегі перспективалар» атты екі күндік халықаралық семинар өтті.

Шараға Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттердің дипломаттары, Қазақстандағы шет­елдердің дипломатиялық корпу­сының өкілдері, көрнекті ғалымдар мен сарапшылар қатысып, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер ара­сындағы дауларды, ислам мемлекеттерінің аумағындағы реттелмеген жанжалдарды бейбіт шешу мақсатында исламдық жақындасудың бірлескен қазақ-түрік бастамасының мәселелерін талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рек­­торы Ғалым Мұтанов семи­нарға қатысушыларды университет атынан құттықтап, ИЫҰ әлемдік саяси архитектураның ажырамас бөлігі болып табылатынын және Ислам ынтымақтастығы мен әлеуметтік-саяси жауапкер­шіліктің уағыздауын бүкіл ислам қауымдастығының жүйе құраушы өзегі екенін атап өтті.
Қазақстан ИЫҰ мүше елдердің құрамына кірген сәттен бастап Ұйым­ның қызметіне белсенді қа­тысады. Қазақстан ұсынған мемлекет аралық экономи­калық және гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту жолын­дағы бастамалар ұйым мүшелері тарапынан оң пікір мен қолдау тапты. Семинар ислам мемлекеттерінің аумағында дауларды және реттелмеген жанжалдарды бейбіт жолмен шешу мақсатында исламдық жақындасу бастамасының өзекті мәселелерін талқылау бойынша диалог алаңына қызмет етеді.
«Осыған байланысты жаһан­дыққа қарсы тұру мен қақ­ты­ғысқа емес, жаһандық инте­гра­цияға бағытталған саясатты қалыптастыру саласында ұжым­дық шаралар мен күш-жігерді қабылдау сөзсіз қажеттілік болып табылады. Бұл үдерісте Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы ма­ңызды рөл атқарады және биыл аталмыш ұйым 50 жылдығын атап өтеді. Оның негізгі міндеті ислам мемлекеттері ішінде де, әлемдік деңгейде де бірлік пен келісім идеяларын алға жылжыту болып табылады», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.
Өз кезегінде Оман Сұлта­натының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайд бен Мохаммед Али аль-Барами мырза Қазақстан Республикасына бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті орнатуға, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі және төраға ретінде соңғы екі жылда бір қатар маңызды бастамалар мен ұсы­ныстар ұсынып, зор үлес қосқаны үшін үлкен алғысын жеткізді.
«ИЫҰ-ның ынтымақтастық шең­­берінде Н.Ә. Назарбаевтың баста­масымен алғаш рет ғылым мен техно­логияларға арналған Саммит өткізіліп, Ислам ұйымы ҚР астанасында штаб-пәтері бар азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұйымы құрылды. Жақын арада ел астанасы Нұр-Сұлтанда кепіл беретін елдердің қатысуымен сирия­ара­лық келіссөздердің 12-ші раунды өтеді», – деді Сайд бен Мохаммед Әлиәл-Барами мырза.
ҚР СІМ-нің арнайы өкілі Қайрат Лама Шариф Қазақ­станның бастамаларын жүзеге асыру жайында баяндап, бо­лашақта Исламдық татулық тұ­жырымдамасын саяси тұғыр­намасы ретінде анықтау арқылы бірлескен жұмыстарды атқару ­мақсатында, саяси ислам әлемінде жаңа қатынастар парадигмасын жасауға шақырды.
Семинар барысында қа­тысушылар панельдік секцияларға қатысып, ислам елдеріндегі қақ­тығыстардың тарихы мен табиғатын, дүрбелеңдердің түп­кілікті себептерін анықтау және жою, сенімді нығайту негізінде текетірестерге жол бермеу сияқты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибелермен алмасып, адам құқығы, заң үстемдігі және қақ­тығыстарды ретке келтіру бойынша ИЫҰ-ның саясаты және рөлімен танысты. Айта кетерлігі, ҚазҰУ БҰҰ «Академиялық ықпал» бағ­дарламасының Жаһандық Хабын басқара отырып, тұрақты даму мақсаттарын, сондай-ақ адамзаттың тұрақты дамуы мен жаһандық әлемдегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған қызметі мен халықаралық ұйым­дардың бағдарламалары мен бастамаларын жүзеге асыруға атсалысуда.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру