Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Аграрлық өнімдер экспорты ұлғайып келеді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ел экономикасын өркендетудің таяу болашақтағы жоба-жоспарларына сәйкес 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есе ұлғайту міндеті алға қойылған болатын. Осыған байланысты аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте биылғы жылы экспорт көлемі
1,27 млрд. АҚШ долларына дейін жететін болады. Бұлай деуге барлық негіз бар, себебі 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнім экспорты нақты мәнде 6,4 пайызға және ақшалай мәнде 3,5 пайызға ұлғайды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,125 млрд. АҚШ доллары сомасына 3,5 миллион тонна өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Аграрлық-өнеркәсіптік кешен өнімдерінің барлық 533 экспорттық тауар тобынан өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің 275 түрі сыртқа шығарылады. Бұл ретте өткен жылы бірінші рет өңделген өнімнің 17 жаңа түрі экспортталды. Өңделген аграрлық-өнеркәсіптік кешен өнімдерінің басты тобына ұн мен жармадан басқа өңделген өнім экспортының 12,4 пайызын алатын тоңмай және май өнімдері, кондитерлік бұйымдар, балық өнімдері, табиғи шырындар, макарондар мен ұннан жасалған өнімдер, сондай-ақ ет және сүт өнімдері кіреді. Сонымен қатар экспорттың 7 пайызы көлемінде мақта талшығы және 6,9 пайызы көлемінде өңделген жемшөп экспортталады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың әртараптандырылғаны байқалады. Сары май экспорты 7,6 есе, рапс майы 3,1 есе, балық өнімдері 4,5 есе, ет өнімі 2,7 есе, күнбағыс майы 20,8 пайызға, макарон өнімдері 28,4 пайызға өскен. Өңделген өнімдер экспортының географиясы да кеңеюде. Айталық, Қазақстан 2017 жылы 42 елге, өткен жылы әлемнің 48 еліне өнім шығарды. Тізім Швейцария, Жапония, Бахрейн, Малайзия, Болгария, Гана, Ливан сынды жаңа 6 елмен толықты.
Аграрлық-өнеркәсіптік кешен өнімдерін дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемінің өскені байқалады, атап айтқанда Өзбекстанға экспорт 32,4 пайызға, Ресейге 7 пайызға, Қырғызстанға 11 пайызға, Тәжікстанға 9,7 пайызға, Молдоваға экспорт 40,1 пайызға артқан, сондай-ақ жаңа нарықтар саналатын Қытайға экспорт 57,5 пайызға, Нидерландыға 130 пайызға өскен. Осы нарықтарға шығарылатын өңделген өнім экспортының болжамды өсімін ескерсек, тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 106,2 пайызға дейін ұлғаяды. Өндірістің өсіміне ет, балық, сүт өнімдері, астықты тереңдете өңдеу, майлы дақылдарды өңдеу және қант өндірісі айтарлықтай үлесін қосатын болады. Ет өндіру өнеркәсібін дамыту 4 ет комбинатын жаңғырту және жылдық қуаттылығы 27 тонна болатын ет өңдейтін 3 жаңа ет комбинатын салу есебінен қамтамасыз етілмек, бұл 8 пайызға өсім бермек. Мәселен, биылғы жылғы ақпанда Алматы облысында жылдық қуаттылығы 8 мың тонна болатын Эмпайр Фуд ет өңдеу кешені пайдалануға берілді. Бұдан басқа ағымдағы жылы жылына 5 мың тонна ет өңдейтін «Ерейментау Ақбас» ЖШС ет өңдеу кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Қазір Тайсон Фуд, Данбиа, Гранд Фарм, Бауманн, Иналка/Кремонини және Седар Митс сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жиынтық қуаттылығы 23 мың тонна болатын 4 сүт өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту есебінен сүт өңдеу көлемін арттыру қамтамасыз етілмек, бұл кәсіпорындар ағымдағы жылы өндіріс көлемін 12 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа заманауи технологияларды қолдана отырып, крахмал, глютен, глюказо-фруктоза шәрбаты сияқты астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру ұлғайтылады.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында бидайды терең өңдейтін, 55 мың тонна крахмал, 5 мың тонна глютен өндіретін қуаттылығы тәулігіне 250 тонна шикізат болатын «БиоОперейшн» ЖШС-ның инновациялық зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 1,2 мың тонна глютен және 4 мың тонна крахмал өндіру жоспарлануда. Сондай-ақ Қостанай облысында осыған ұқсас «БиоГрейн» жобасын іске асыру басталды.
Майлы дақылдар өндірісінде трансұлттық компа­ниялардың қатысуымен «Тайынша Май» ЖШС және «ЭФКО Алматы» ЖШС сияқты жобалар жүзеге асырылмақ. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында, атап айтқанда картопты қайта өңдеу бойынша «Фарм Фритц» трансұлттық компаниясының қатысуымен жылдық қуаттылығы 140 мың тонна болатын ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеуші қуаттарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша салалық бағдарламаларды іске асыру жалғасын табады. Мал шаруашылығында ағымдағы жылы етті бағыттағы 2000 отбасылық ферма құру және сиыр етін өндіруді 10 пайызға арттыру жоспарлануда. Құс өсіру бойынша қолданыстағы 8 құс фабрикасын кеңейту күтілуде, мұның нәтижесінде құс етін өндіру 11 пайызға артатын болады. Бұдан басқа жалпы қуаттылығы 18,0 мың бас болатын 19 өндірістік және 31 отбасылық тауарлы сүт фермасы құрылады. Бүгінгі таңда Қытаймен арада ауыл шаруашылығы өнімінің түрлері бойынша талаптар келісіліп, Иранмен, Парсы шығанағы елдерімен, Еуропа одағымен сертификаттарға қол қойылды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру