Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Су үшін ақы талап еткен дұрыс па?

Жыл сайын болып тұратын су мәселелерiне катысты халықаралық конференциялардың күн тәртібіне Орталық Азияда қалыптасқан жағдай туралы мәселе де косылады. Сондықтан осы жиындарға біздегі бес республиканың өкілдері тартылады. Сондағы мақсат – бiздің аймақта соңғы кезде тiптен шиеленiсiп кеткен су мәселесiн талқылауды бұрынғы шектеулi шеңберден шығарып, кең ауқымда қарастыруға жол ашу болса керек.

Осы мәселенің Қазақстанға қатысты аспекті туралы отандық белгілі эколог Мэлс Елеусізов кезінде «Экономика» (қазір Tenge Monitor) берген сұхбатында былай деген: «Болашағымыз өте қиын болады. Біреулер «Балқаштың суы көтерілді, азайған жоқ» деп жатыр. Оның бәрі мұздың еріп жатқанынан. Біз 51-жылдан бері олардың үштен бір бөлігін жоғалтып алдық. Олар еріп кетсе, бізде айналаның бәрі құм-тас, шөлдала болып кетеді. Бізге бүкіл ылғалды беріп отырған таудың суы ғой. Басқа жерде су жоқ. Бұны бір деңіз. Екіншіден, біз ағып жатқан судың аяқ жағында тұрамыз. Қырғызстанда су көп. Ал бізге келгенше ол азаяды. Су Тәжікстаннан, Қытайдан келеді, Ресейден де келеді. Сондықтан біз ұтымды емес, ұтымсыз жағ­дайдамыз. Сол себептен бізде су тапшылығы қалыптасуы мүмкін. Әсіресе, ауыз суынан қиындық көруіміз мүмкін. Халықтың саны өсіп бара жатыр. Адамдардың шаруашылықтары бар. Әлеумет­тік жағдайы жақсарған кісілер суды көбірек пайдаланады. Шо­мылады, бассейн жасайды, бас­қа қажеттеріне пайдаланады дегендей. Сондықтан судың жетіс­пеуі басталады. Ол – өте қиын мә­селе. Оның бағасы мұнайдың баға­сынан да жоғары болып шығуы мүмкін. Таза су, ауыз суы деген бізде жетіспейді».
Ол рас. Бірақ мынадай да мәселе бар. Бізде жалпы ылғал жетіспейтін болғанымен, жазғытұры қайта-қайта су тасып жатады. Үйреншікті құбылыс қой. Бірақ кейде апатты жағдай қалыптасады. Мәселен, сол Қырғызстаннан ке­летін Сыр­дарияның суы қайта-қайта қыс­тың аяғы мен көктемнің барысында Оңтүстік Қазақстан аймағының батыс бөлігінде тө­тенше жағдайдың қалыптасуына себепші болып жүр. Қазір Түр­кістан облысындағы Шардара су қоймасына қатысты түрде орын алып отырған жәйт – соның тағы бір дәлелі. Және де алдағы уақытта бұндай оқиғалардың қайталан­басына ешқандай да кепілдік жоқ.
Қазақстан ішкі істер минис­трінің орынбасары Юрий Ильин сәуірдің 25-і күні ұйымдас­тырылған баспасөз конферен­циясында сөйлеген сөзі бары­сында былай деді: «Сейчас на особом контроле совместно с подразделениями «Казводхоз» мы держим Шардаринское водо­хра­нилище на территории Тур­кестанской области ввиду активного выпадения осадков с сопредель­ных территорий Узбекистана и Кыргызстана. Шар­даринское водо­хранилище наполнено на 100 процентов. С сегодняшнего утра идет активный сброс воды по реке Сырдарья и с 12.00 с нашими коллегами из «Казводхоза» и с сопредельной территории Узбе­кистана будет производиться сброс воды в Арнасайскую низину для того, чтобы уменьшить нагрузку, связанную с эксплуатацией малого гидроузла и уменьшения расходов по реке Сырдарья».
Бір қарағанда, осының бәріне кінәлі Қырғызстан сияқты. Өйтке­ні су сол жақтан келіп жатыр. Сондық­тан осы жерде «Неліктен Қырғызстан бізде осындай жағдайдың қалыпта­суына жол береді?» деген сұрақтың тууы орынды.
Ал қырғыздардың оған өз жауабы бар. Басқаша айтқанда, олардың сол Сырдария суын пай­далана­тын Қазақстан мен Өз­бекстанға қояр өз талаптары бар. Бұлар орын­далмағасын не аяғына дейін орындалмағасын, қырғыздар өз дегенін істейді.


Бiрақ осы мәселеге қатысты алаң­датушылық туғызатындай жаңалық­тар да жоқ емес. Қыр­ғызстан мен Тә­жiкстан мемлекет­аралық бiрлестiк құрып, сол ел­дердiң тер­рито­риясынан ағып шы­ғатын өзен­дердi пайдала­на­тын Өзбекстан мен Қазақстанды өзде­рiн­дегi су қоймаларын бағып-күту шы­ғынын бiрлесiп көтеруге тартпақ­шы болып жүр. Өйтпеген күнде бұл алдыңғы ел соңғы екі елдің мұқтаждығымен байланысы жоқ, тіпті басқаша экономикалық саясат жүргізбек. Мәселен, Бішкекте Өзбекстан мен Қазақстан Тоқтоғұл су қоймасы ирригациялық режимде пайдаланылғаны үшін және содан алынатын су үшін Қырғызстанның 135 миллион долларға шығатын шығынын өтеуге тиіс деген есеп бар. Кезінде Қырғызстан Жоғорку Кенешінің Заң шығарушы жина­лысы осы ел мен Қазақстан ара­сындағы одақтастық қарым-қа­тынастар туралы келісімшартты рати­фикациялаудан бас тартты. Осы құжаттың ішіндегі қырғыз­стандық халық қалаулыларына жақпай қалған нәрселердің қата­­рында су мәселесі де бар бола­тын. Келі­сімшартты талқылау бары­сында А.Мадумаров деген депутат былай деп шықты: «Водные ресурсы – неотъ­емлемая часть нашего богатства, как и наша земля, а в договоре сказано, что в использовании водных ресурсов мы должны вести согласованную политику с Казахстаном. С какой стати? Наши водные ресурсы никакого отношения к Казахстану не имеют».
Дұрыс-ау, бірақ нәтижесінде Оң­түстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарындағы сол өзеннің бой­ында тұратын қарапайым халық жыл сайын жапа шегеді. Бір сөзбен айтқанда, осы бір қайталана беретін келеңсіз жағдайдың астарында жатқан себеп – Орталық Азиядағы су ресурстарын мемлекетаралық негізде пайдалануды реттеу ісінің жан-жақты және толық мағыналы нормативтік-құқықтық базасының болмауы. Бұл – баяғыдан келе жатқан мәселе.
Оған аймақта жаңадан пайда бол­ған жас мемлекеттердің үкі­меттері тиісті мөлшерде назар аударған жоқ деу артық болар. Назар да аударылды, келіссөздер де жүргізілді. Бірақ мә­селе осы уақытқа дейін түбегейлі түрде шешілмей отыр.
Негізінен алғанда, ол Нарын ги­дроэлектрстансалары каскадына (бірінен соң бірі келетін тізбегіне) байланысты. Оңтүстік Қазақстанға Сырдария өзенінің арнасымен қыстың аяғы мен көктем барысында тым көп суды шығарып жіберіп қоятын – солар. 1996-1997 ж.ж. ба­ры­сында Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтік делегациялары Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының гидро-энергетикалық ресурстарын пай­да­лану мәселелері бойынша келіс­сөздер жүргізді. Нәтижесінде нақты келі­сімшарттар дайындалып, оларға қол қойылды.
Сол құжаттар бойынша Қыр­ғыз­стан вегетациялық кезеңде (сәуірден бастап қыркүйектің аяғына дейін) Тоқтоғұл гидро­қоймасынан ай сайын 6,5 кубо­километр су шығарып жіберіп тұруға міндеттеме алды. Осының себебінен аталған мерзім ішінде сондағы гидроэлектрстансалар 2 мил­лиардкВт/сағат көлемінде шама­дан тыс (яғни Қырғызстанның өз қажетінен артық) электр энергия­сын өндіруге тиіс болды. Осы ар­тық энергияны Өзбекстан мен Қазақстан (әрқайсысы 1,1 миллиард кВт/сағаттан) өздеріне жыл сайын қабылдап алуға келісті. Оның үс­тіне Өзбекстан қыс кезінде жазда алынған электр энергиясының 400 миллион кВт/сағатын қайтарып беріп отыруға, ал қалған 700 мил­лион кВт/сағат үшін ақшалай (1 кВт/сағатқа 4 центтен деген келісім негізінде) есеп айырысып отыруға міндеттенді. Сонымен қатар өзбектер энергетикалық жүйеге жиілікті реттеу үшін 4,5 миллион доллар төлеп және Біш­кектегі жылу электрстансасына бекітіліп берілген баға бойынша 500 миллион текшеметр табиғи газ беріп тұруға келісті. Қазақстан болса өз мойнына 1,1 миллиард кВт/сағат энергияның қайтарымы ретінде жыл сайын 600 мың тонна көмір беремін және автомобиль тасымалына қатысты 4 миллион доллар көлеміндегі қырғыздардың төлемін өздеріне қалдырамын де­ген жауапкершілік алды. Осымен Қазақстанның, Сырдарияға қа­тысты қырғыздардың қолындағы, бүкіл шаруасы шешілген сияқты болған. Бірақ уақыт өткен сайын жаңа мә­селелер пайда бола бастады. Қыр­ғыз­станға өз астанасына қажетті газ жетіспейді. Кезінде рес­­публика өз жерінің үстімен өтетін Өзбекстаннан Қазақстанға газ апа­рушы құбырдан 13,7 миллион доллар тұратын отын­дық шикізатты рұқ­сатсыз алып қой­ған екен. Өйткені ресми Ташкент кезінде Қырғызстанға газ беруді тоқтатқан. Осындай жағдай қайта-қайта болып жатады.
2019 жылдың 31 қаңтарында Жогорку Кенеш Қырғызстан «Су кодексіне» екінші оқылымда енгі­зілген түзетулерді мақұлдады. Ендігі жерде жеке және заңды тұлғалар азамат­тығына, меншік нысанына және шаруашылық қызметке қара­мастан, суды пайдалану үшін төлем төлем төлеуге тиісті.
«Республика» парламенттік фрак­циясының мүшесі Үмбеталы Қы­дырәлиев үкіметтің су қой­маларын күтуге кететін шығын­дарды жабу туралы мәселенің шешілуін кешік­тіріп отырғанын тілге тиек етіп, көрші елдерге берілетін су үшін неліктен ақының талап етілмейтінін сұрады. Нақты айтқанда, ол былай деп шықты: «В год 22 миллиарда кубов воды из кыргызстанских водо­хранилищ уходит в соседние Узбекистан и Ка­захстан. Это озна­чает, что 80% на­коп­ленной воды уходит соседям. На содержание этих водохранилищ ежегодно из госбюджета выделяются огромные средства. Только недавно мы рассматривали вопрос о выде­лении 450 миллионов на ремонт Токтогульского водохранилища. По­чему правительство не требует с соседей оплатить расходы на содер­жание водохранилищ?».
Әрине, бұған тиісінше жауап бе­руге болады. Бірақ одан Бішкектің мәселесі шешілмек емес. Оған газ бен қаражат жетіспеген соң, орнына электр энергиясын пайдаланғаннан басқа жол жоқ. Ал бұны өндіру үшін Тоқтоғұл гидроқоймасынан тур­би­наларды күштірек айналдыруға қосымша су шығара бастау қажет. Нәтижесінде осы артық су Оңтүс­тік Қазақстанға келіп жетіп, Сыр­дарияны арнасынан шығарады. Біш­кектегілердің есебі бойынша, Қыр­ғызстан қыста электр энергия­сын шек­теулі мөлшерде өндіруге тиіс болғаны себебінен, жылына 62 мил­лион доллар табыстан қағылады екен. Ол ел үшін бұл – көп ақша.
Сондықтан қалай болғанда да, Қазақстан үшін Сырдария өзенінің мәселесі Қырғызстанның көңілін тап­пай шешілмейді.

Марал САЛЫҚЖАНОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру