Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Қайырымдылық – жүректен

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын ұям» жобасы қолға алынған болатын. Мақсаты – түлектердің мектеп бітіргендеріне жиырма, отыз жыл толуына орай өтетін басқосуларын тек той тойлаумен шектемей, туған жерге игі іс жасауға жұмылдыру. Былтырдан бері осы бағытта жұмыс жүргізіліп, түлектер қайырымды іске белсене атсалысып келеді. Соған дәлел, жуырда ғана Түркістан облысы, Шардара ауданында түлектер көпбалалы отбасыға үй алып берді.

Нақтырақ айтсақ, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері 20 жылдыққа орай Волоткиндер отбасына баспана тарту етті. Үйлі болып, қуанышқа кенелген Андрей және Анастасия Волокитиндердің 9 перзенті бар. Отағасы Андрей тұрмыстық техникаларды жөндеумен, ал әйелі Анастасия мен балалары шаруа қожалықтарында жалданып жұмыс істейді. Тұрақты жұмыс болмағандықтан пәтер жалдап, қиналып жүрген отбасы­ның жағдайын түсінген азаматтар Волоткиндерге жер алып, әдемі үй салып берді. Сонымен бірге ауыл әкімдігімен бірлесіп, электр жарығы мен ауыз сумен де қамтамасыз етті.
Өздері білім алған мектепке интерактивті тақта, проектор және компьютер сыйға тартқан сыныптастар мұнымен шектелмей, әлеуметтік қол­дауды қажет ететін отбасын да қуанышқа кенелтіп отыр. Ауыл әкімдігімен, мектеп бас­шылығымен, сыныптастар­мен ақылдасқан түлектер өз­дерімен бірге оқыған Анастасияны қолдай білді. Көпбалалы әулеттің қуанышына арнайы ке­ліп, ауыл тұрғындарына ас берді. Өмірден өткендердің рухына құран бағыштады. Үйлі болған отбасыға газ плитасы мен кілем сыйлап, көңілдерін одан сайын көтерді. Бұл сауапты басқосуға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қатысып, қайырымды азаматтарды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Ал үй иелеріне көрімдікке кілем сыйлады.
«Алтын ұям» жобасы ая­сын­дағы игі істер Түркістан облысы, Созақ ауданында да жалғасты. Аудандағы Ш.Уәлиханов атын­дағы мек­тептің 1999 жылғы тү­лектері өздері білім алған алтын ұя­ларына «ГАЗель» шағын автобусын алып берді. Жақында салтанатты түрде тапсырмақ. Мектеп ұжымы мен ұстаздарын қуанышқа бөлеген сыныптастар туған жерді құрметтеудің үлгісін көрсете білді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру