Валюта бағамы: $ 386.34 427.25 5.88 ¥ 54.57

Әдебиет – ардың ісі

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының аясындағы Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» және Қазақстанның «Ан Арыс» баспасының бірлескен жобасы негізінде қытай тілінен тікелей қазақ тіліне аударылып, жарық көрген шығармалардың тұсаукесері болып өтті.

Шараны жүргізген ақын, белгілі қоғам және мемлекет қай­раткері Нұрлан Оразалиннің айтуынша, тарих-тамырының тереңдігімен, мәдениетінің кеңді­гімен ерекшеленетін бүгін­гі қытай әдебиеті – ежелден қа­лып­тасқан классикалық кемел маз­мұнын әлемдік әдебиеттегі жаңа үрдістермен шебер үйлес­тіре алған, көркем жанрларын жаңа сапаға көтерген, жалпы адамзаттық ізгілік идеясын ту етіп, жан-жақты жетілген әдебиет екендігін атап өтті. Бас консул Чжан Вэй Қытай мемлекеті қа­зіргі таңда әлемнің 50-ден астам мемлекетімен классикалық туындыларды аудару туралы келісімге қол қойғандығын, Қытай әдебиеті авторларының шығармалары дүниежүзінің 190-нан аса мемле­кетіне тарал­ған­дығын тілге тиек етті. «Ұлт­­тар баспасының» басшысы Пиао Ионгри Қытайдың заманауи жазушыларының төрт классикалық шығармасының қазақ тіліне аударылып, Қазақ­станда алғаш басылып шы­ғуы­ның символикалық мәні мен ық­палының зор екенін айтты.
Қытай әдебиетінің аса көр­нек­ті өкілдері Ба Цзиннің «Әулет», Мао Дунның «Түн» романы, Лао Шэнің «Түйе Шияң­зы» романы, Шэн Цунвэн­нің «Шалғайдағы шаһар» повесінің қазақ тіліне аударылуы екі елдің рухани өмірі мен әдебиетіндегі елеулі жаңалық, айтулы оқиға ретінде қабылданды. Жаңа кітаптың таныстырылымына арнайы шақырылған ҚХР-дің Қазақстандағы елшілігінің Алматы қаласы бойынша бас консулы Чжан Вэй, Қытайдағы «Ұлттар баспасының» басшысы Пиао Ионгри, Қытай елшілігінің мәдениет бойынша атташесі Ван Цинпин, Алматы қаласы Мә­дениет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы кесті. Аталған кітаптарды белгілі қа­ламгерлер Дүкен Мәсімханұлы мен Қалбан Ынтыханұлы тәржі­малаған.
Кітаптардың тәржімалануы екі ел халқының бір-бірінің ұлт­тық тарихын, мәдениетін, қо­ғамын түсініп-білуін, өзара тә­жірибе алмасуының бірден-бір тәсілі. Бұдан бұрын Тұңғыш пре­зидентіміз Н.Ә.Назарбаевтың және Абайдың кітаптары қытай тіліне аударылып, Дэн Сяопин мен Си Цзиньпин сияқты қытайдың бірқатар саяси тұлға­ларының шығармалары қазақ тіліне тәржімаланып, қытай-қазақ оқырмандарының танысуына мүмкіндік туған еді.

Айжан ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру