Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Nur Otan Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Съездің күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша Елбасы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға «Nur Otan» партиясының атынан түсетін үміткер ретінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.

Съезд мінберінен сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңестер одағы ыдырап, республикалар арасындағы барлық шаруашылық байланыстар үзілген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы ауыр дағдарыс жағдайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды.
– Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көп­шілігін күйзеліске ұшы­ратты. Көптеген сарапшылар этнос­­аралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дұрыстығын дәлелдеді, – деді «Nur Otan» партиясының төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында еліміздің посткеңестік кеңістіктегі қар­қынды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты. «Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамастан халқым менің бастамаларыма әрдайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз барлық нәтижелерге қол жеткіздік. Мен еліміздің халқына ризашылығымды білдіремін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Қазақстанның одан әрі табысты дамуын біздің бағдарымыздың сабақтастығы ғана қамтамасыз етеді. Еліміз төртінші өнеркә­сіп­тік революция талаптарына сәйкес технологиялық және инфра­құры­лымдық тұрғыдан даму­дың жаңа кезеңіне қадам басты. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Осы ауқымды жұмыстардың бәрі бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президентінің алдағы сайлауы еліміздің саяси өміріндегі өте маңызды мәселе екендігіне тоқталды. Қазақстан жаңа кезеңге қадам басып отыр. Еліміздегі билік сабақтастығын жалғастыру – Ата Заңымызға толық сәйкес келеді. «Екі апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жан-жақты ойластырылып жасалған қадам. Қасым-Жомарт Кемелұлы – әрбір іске зор жауапкершілікпен қарайтын мемлекет қайраткері. Ол айқын саясат жүргізудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі», – деді Елбасы.
Елбасы осы ретте Қазақстан бүкіл әлем­ге демократиялық даму жолын таң­дағанымызды тағы да бір көр­сеткенін атап өтті. «Президенттік өкілеттігімді тоқтатқаннан соң, бір­қатар елдердің басшыларымен сөйлестім. Көпшілігінен әлі күнге дейін хаттар келіп түсіп жатыр. Солардың барлығы билікті берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырып жатқанымызға құрметпен қарайтынын жеткізді. Ең алдымен, алдағы Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс деп санаймын. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық еш нәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін. Міне, ең бастысы осы», – деді Тұңғыш Президент.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конс­титуция бойынша өзіне бекі­тілген өкілеттіліктерге сәйкес Ота­ны­мызды өркендету үшін жұмыс істей беретінін айтты. «Мен төраға болып қала беретін Қазақстан халқы ассамблеясы аясында атқаратын жұмыс ауқымды. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз. Қауіпсіздік Кеңесін басқара отырып, мен өзімнің көпжылдық тәжірибемді ішкі және сыртқы саясатты анықтай отырып, елімізді дамытудың бірқа­тар негізгі мәселелерін шешуге бағыттай­мын. Мен бұрынғысынша ең ірі «Nur Otan» саяси партиясының төрағасы болып қала беремін», – деді Елбасы.
Елбасы саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының сақталуына партия кепіл болуға және белгіленген міндеттердің бәрін жүзеге асыруға тиіс екенін айтты.

«Жаңғырудың тиімділігін, соның ішінде партияның «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын жүзеге асыру аясында әрбір қазақстандықтың сезінуіне қол жеткізуіміз керек», – деді «Nur Otan» партиясының төрағасы.
Елбасы қазақстандықтардан өз атына көпте­ген хат келіп жатқанын айтып, қазақ­стандықтардың досты­ғы мен құқық­тарының теңдігі өзгер­мейтініне сенім білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды. «Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қазақстанның сыртқы саясатын бірге қалыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәре­жесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы алдағы кезектен тыс президенттік сайлау өтетін тарихи кезеңде халқымыз береке-бірлік танытатындығына сенім білдірді. Жаңа басшылық халық сеніміне ие болып, елімізді белгіленген стратегиялық бағытта алға жетелейтінін атап өтті. «Егер сайлаушылар «Nur Otan» пар­тиясының кандидатына қолдау біл­дірсе, бағыт-бағдарымыздың дұ­рыстығын тағы бір мәрте дәлел­де­геніміз болып табылады. Азамат­тарымыз дұрыс таңдау жасайды деп кәміл сенемін. Алдағы науқанға қаты­су­шылардың барлығын сайлау заңна­масын және саяси бәсекенің негізгі қағидаттары мен ережелерін сақ­тауға шақырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қазақстандықтардың бірлесе күш-жігер жұмылдыруы қажет екенін атап өтті. «Біз бұл кезеңді еш қиындықсыз еңсеретінімізге сенімдімін. Біздің мақсатымыз – халқымыздың әл-ауқатын арттыру және елімізді одан әрі ілгерілету. Мемлекетке құрмет көрсету, аза­маттардың бір-бірін сыйлауы – тұрақтылықтың белгісі», – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.
Съезд президенттік сайлауға партия атынан түсетін үміткер ретінде кандидатурасын ұсынған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиын мінберінен сөз алып, зор сенім артқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа және партияластарына алғысын білдірді, еліміздің одан әрі қарқынды дамуы жолында Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық бағда­рын жалғастырып, сабақтастықты қамтамасыз етуді өзінің ең басты міндеті деп санайтынын жеткізді. «Тәуелсіздік жылдары ішінде Қа­зақстан Елбасының көреген бас­шылығының арқасында кедейлік пен аласапыранды еңсеріп, тұрақ­тылық пен гүлденуге қарай бұ­рын-соңды тарихта болмаған тең­дессіз қадам жасады. Тұңғыш Президент, партиямыздың көш­басшысы бейбітшілік пен тыныш­тықтың, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің мызғымас негізін қалады. Елбасының айрықша күш-жігері мен көшбасшылығының арқасында біз жаңа мемлекет құрып, еліміздің бас қаласының негізін қалаушысы әрі бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуға лайықты жаңа елордамызды салдық. Ең бастысы, Тұңғыш Президентіміз тұтас мемлекеттің жаңғыруы жолында табысқа ұмтылған сапалық тұрғыдан жаңа ұлттың негізін қалыптастырды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тұрақтылықтың, татулықтың, тұ­тастықтың арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болды. Бүгінде елордамыз дүниежүзінің өкілдері бас қосып, ауқымды мәселелерді талқыға салатын жаһандық орталықтардың бірі ретінде қалыптасты. Рухани бай мұраларымыз жас ұрпақтың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты. «Осының бәрі теңдессіз тұлғаның тегеурінді істері арқылы жүзеге асқанын дана халқымыз жақсы біледі! Сондықтан, Тұңғыш Президентіміздің жеңісті, жемісті жолын жалғастыруды мен аса мәртебелі міндет әрі қасиетті парыз деп санаймын. Елбасымыз айқындаған стратегиялық бағыт әрқашан біздің айнымас бағдарымыз, адастырмас темірқазығымыз болады, – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев. – Тарихтың жаңа тарауын бастаған Егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр. Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашты. Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді! Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын!»
Съезд делегаттары алдағы пре­зиденттік сайлауға «Nur Otan» пар­тиясының атынан түсетін үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан қолда­ды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру