Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі

Сәуірдің 21-23 күндері елімізге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Корея Республикасының президенті Мун Чже Ин мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар биыл атап өтілетін екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің он жылдығы қарсаңында ерекше маңызға ие. Ақорда резиденциясында ресми қарсы алу рәсімінен кейін мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтті. Келіссөздер барысында екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда өзара сенім мен түсіністікке негізделген жоғары деңгейдегі белсенді ынтымақтастық пен қарым-қатынастың дамуы қанағаттанғандықпен атап өтілді.

Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кореяның сенімді әрі стра­тегиялық әріптес екенін, президент Мун Чжэ Иннің алғаш­қы мемлекеттік сапары екі ел ара­сындағы саяси диалог пен эко­номикалық іс-қимылдардың дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынас­тарының қалыптасып, нығаюына зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде президент Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекет­тік сапармен шақырып, жылы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. «Қазақстан – Еуразия құрлығында бейбітшілік орнатуға және экономикалық ынты­мақ­тастықты кеңейтуге бағыт­талған Корея Республикасының «Жаңа солтүстік саясатын» жүргізудегі негізгі әріптесі. Менің бұл сапарым екіжақты қарым-қатынастарды ғана емес, сонымен қатар, Корея Республикасы мен Орталық Азия елдері арасындағы көпжақты өзара іс-қимылдарды нығайтуға серпін береді деп үміттенемін», – деді Оңтүстік Корея президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан­ның тәуелсіздік жылдарында екі елдің қарым-қатынастары іс жүзінде барлық бағыт бойынша ықпалдастықтың сапалы әрі жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті, үкіметаралық комиссия мен Қазақстан – Оңтүстік Корея іскерлік кеңесінің жұ­мысын жоғары бағалады. «Оңтүстік Корея Қазақстан үшін сауда-инвес­тициялық және технологиялық ынты­мақ­тастықты дамыту тұрғысынан маңызды он елдің бірі болып табылады. Өзара тауар айналымы көлемінің қарқынды өсуін ерекше атап өтпекпін. Былтырғы жылдың қорытындысында оның көрсеткіші 4 миллиард доллар болды. Яғни 2017 жылға қарағанда екі еседен астам өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Инвестиция саласындағы екі­жақты ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келеді. Оңтүстіккореялық бизнес тамақ өнеркәсібі, кен байы­ту, автомобиль және эконо­микамыздың басқа да салаларында табысты жұмыс істеуде», – деді мемлекет басшысы.

Президент екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс­тарды нығайтуға корей диаспорасы зор үлес қосып отырғанын, олардың этно-мәдени ерекшелігін сақтау үшін еліміз­де бұдан былай да барлық жағдай жасала­тынын атап өтті.
Мемлекет басшылары жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша журналистер үшін өткізген брифинг барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының сауда-экономикалық тұрғыдан алғанда елі­міздің Азиядағы ең ірі екінші әріптесі екеніне және жаһандық, аймақтық мәселелер бойынша ынтымақтастықтың жоғары деңгейі қалыптасқанына тоқталды.
Еліміздің әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы көшбасшылық рөлін атап өткен мемлекет басшысы Қазақстанның Корей түбегін денукле­аризациялау бойынша Сеулдің қада­мын қолдайтынын айтты. Өйт­кені бұл мәселе әлем бойынша қауіп­сіздікті, тұрақтылық пен орнық­ты дамуды қамтамасыз ету үшін өте ма­ңызды.
Екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқтала келіп, Қ.Тоқаев: «Қазақстан Оңтүстік Кореямен Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, «Орталық Азия – Корея Рес­пуб­ликасы» форумы және тағы басқа құ­рылымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Бұл сапардан кейін біздің әріптестігіміздің аясы кеңейе түсетіні сөзсіз», – деді.
Мемлекет басшысы сауда-эконо­ми­калық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын, бұл жұмыстардың негізгі басымдығы осы сапар бары­сында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында қол қойылған «Самал жел» жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасында көрініс тапқанын атап өтті.
Корея бизнесі ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік танытуда. Қазіргі таңда елімізде 500-ден астам бірлескен кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Машина жасау, жол құрылысы және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы, денсаулық сақтау, ақпараттық және коммуникациялық технология салалары бойынша ірі жобалар қолға алынған.
Осы ретте Қ.Тоқаев еліміздің ко­реялық инвестициялық техноло­гияның енгізілуіне мүдделілігін тағы бір нақтылап, сауда-экономикалық және ғылыми-технологиялық ынты­мақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссияның жұмысын жандан­дыруға қатысты уағдаластық және Нұр-Сұлтан қаласында Қа­зақстан – Оңтүстік Корея халық­аралық IT-орталығын ашу мәселе­леріне тоқталды.
Мемлекет басшысы инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыруға қа­тысты шағын және орта бизнестің мүм­кіндіктерін ынталандыру ісіндегі екі елдің банктері мен қаржы институт­тарының өзара ықпал­дастығының маңызды екенін атап өтіп, оңтүстіккореялық кәсіп­кер­лерді Орталық Азия нарығына шығу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайда­лануға шақырды.
Сондай-ақ көлік инфрақұрылы­мын салу жөніндегі ынтымақтастық­ты тереңдету мәселесіне ерекше назар аударылды, осы ретте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы мен оңтүстіккорея­лық «Жаңа солтүстік саясат» бағдарла­масының стратегиялық басымдық­тарының жақындығы атап өтілді. «Біз бірлескен инфра­құ­рылымдық жобаларды қатар жүзеге асыра отырып, көлік-транзит бағдарын дамыту қажеттігі жөнінде өзара түсіністікке қол жеткіздік. Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы Лянь­юньган портында жұмыс істеп тұрған қазақстандық терминалдың мүмкіндігін корей тарапының белсенді пайдалану мәселелері туралы түсіністікке қол жеткізілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында білім, денсаулық салалары, Арал теңізінің проблемасын шешу, экологиялық апат аймағындағы жағдайды оңалту және парламенттік дипломатия сияқты бірқатар мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан президенті сөзінің соңында оңтүстіккореялық делега­цияға және президент Мун Чжэ Ин мырзаға мазмұнды келіссөздер үшін ризашылығын білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы достық, өзара сенім мен әріптестікке негізделген ынтымақтастың одан әрі дамуына ықпал етеріне сенім білдірді.
Мемлекет басшылары жоғары деңгейдегі кездесулер аясында ұйым­дас­тырылған Қазақстан – Оңтүстік Корея бизнес-форумына қатысты. Екі елдің іскер топтарының бес жүзден астам өкілі бас қосқан жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чже Ин жетекші корей компаниялары жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалардың көрмесін аралап көрді.
Жиын мінберінен сөз алған Қа­зақ­стан президенті бизнес-фо­рум­ды ұйымдастыруға белсенді атса­лысқан Корея халықаралық сау­да қауымдастығына ризашылығын айтып, бұл кездесу екі ел арасын­дағы сауда-экономикалық ынтымақ­тастық­тың одан әрі кеңейе түсуіне айтарлықтай ықпал етеріне сенім білдірді.
Корея Республикасы – еліміздің Азия өңіріндегі ірі сауда серіктестері­нің бірі. 1996 жылдан бергі уақыт ішінде еліміз экономикасына Ко­реядан тартылған тікелей инвес­тиция көлемі 7 миллиард долларға жетті. Қ.Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, корейлік ірі бизнестің ынты­мақ­тастыққа қызы­ғушылық танытуы қуантады. Биыл Корея компа­нияларының қатысуымен Алматының үлкен айналма жолының құрылысы басталады. Бұл жоба тағы бір бірлескен «жетістік тарихы» болатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы шетел капи­талын тарту және қолайлы инвести­циялық ахуал қалыптастыру бағы­тында қолға алынған шараларға жан-жақты тоқталды. Халықаралық аренада қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі ретінде танылған Қазақстан бүгінде бизнес жүргізу жеңілдігі жөнінен Дүние­жүзілік банктің «Doing Business 2019» рейтингінде 28-орында. Шет­елдік инвесторлар кеңесі мен «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығы табысты жұмыс істеуде. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 320 миллиард доллардан астам шетелдік тікелей инвестиция тартылды.
Сөзін қорытындылай келіп, Қа­зақстан президенті Оңтүстік Корея басшысының мемлекеттік сапары және бизнес-форум аясында қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байла­ныстарды одан әрі нығайтуға негіз болатынына сенім білдірді.
Қазақстан – Оңтүстік Корея биз­нес-форумының қорытындысы бой­ын­ша машина жасау, медицина, ин­фра­­құрылым және тамақ өнеркәсібі сала­ларына қатысты жалпы құны 3,2 миллиард доллар болатын отызға тарта құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Түркістан облысында және Шымкент қаласында тұрғын үй құ­рылысына, «check-up» көпса­лалы орта­лығын құруға, жеңіл автомо­бильдер, лифтілер, кондитерлік өнім­дер, теледидарлар, медициналық им­­плант­тар өндірісіне, медициналық ме­ке­мелер ашу жөніндегі және басқа да сала­ларға қатысты уағда­ластыққа қол жет­кізілді.
Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының бір­лескен мәлімдемесіне, мемлекет­аралық және үкіметаралық бірқатар құжаттарға қол қойылды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру