Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Демократиялық қоғамда жемқорлыққа жол жоқ

Тарихи-құқықтық зерттеулердің көрсетуінше, мемлекетті басқару аппараты пайда болғалы бері жемқорлық қоғам дертінің бірі болып келе жатыр. Қолында билігі бар көптеген басшылар оны теріс пайдалануға бейім тұратыны жасырын емес, тіпті кейде шектен асып кететіні тарихтан белгілі.

Билеуші ортаның сыбайлас жем­қорлыққа берілуі кез келген мемлекет үшін өте қауіпті болып табылады. Сондықтан мемлекеттік билік пен басқару органдарындағы жемқорлық мәселесінің сипаты ұқсас болып келеді. Атап айтқанда, жемқорлыққа бой ұрған лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік шенеуніктердің өз қызметтерін теріс пайдаланып, мемлекеттік сатып алу саласында мемлекет қаржысын талан-тараж етіп ысырап қылу, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтары әлі де байқалады.
Қазіргі күні көптеген мемлекетер сыбайлас жемқорлықпен күресте түрлі тәсілдерді қолданады. Мемлекеттік деңгейде жүргізілетін бұл күрес тиісті заңнамалар қабылдау, қосымша жазалаушы құралдарды енгізу, әкімшілік ресурстарды пайдалану, халықаралық ынтымақтастық саласында ықпалдасу және басқа іс-шараларды қамтиды.
Жемқорлық ар-намыс пен мінез-құлықтың екіжақты стандарттарын қалыптастырады. Қоғамда барлығы ақшамен өлшенуі, адамның қадір-қасиетін оның байлыққа қалай қол жеткізгеніне қарамастан дәулетінің деңгейімен бағалау өріс алады. Адамдардың мінез-құлқын әлеуметтік реттеудің өркениеттік тетіктері, қоғамдық пікір, моральдық нормалар елеусіз қалады. Мұндай қатерлі құбылыс жемқорлық жайлаған көптеген елдерге тән көріністер екені көпшілікке белгілі.
Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­станның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Жемқорлық мем­лекеттің тиімділігіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құ­былыс ретінде жою үшін жем­қорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек» деп атап көрсеткен болатын. Еліміздің Құқықтық саясат тұ­жырымдамасында Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына септесетін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі бірқатар міндеттер көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметтен қуылған адамдарға мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кез келген лауазымда болуға өмір бойы тыйым салынған.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық саласы үшін қауіпті. Ол өндірістік секторды әлсіретеді, қо­лайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасуына, ел экономикасына инвесторлар тартуға зардабын тигізеді. Қоғамның демократиялық тұғырын шайқалтады, халықтың заңға, әділетке сенімін жояды.
Міне, сондықтан сыбайлас жем­қорлыққа бүкіл қоғам болып күресу қажет. Қатардағы азаматтар да өз тарапынан үлес қосуы маңызды. Сонда ғана құқықтық мәдениет нығайып, жемқорлыққа төзбеушілік кең өріс алады.

Гүлнар Нағуманова,
Алматы қаласы
ішкі мемлекеттік аудит
департаментінің бөлім басшысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру