Валюта бағамы: $ 387.37 428.55 6.06 ¥ 55.06

Шикізатқа тәуелсіз шаһар

Дамудың оң динамикасы, үздіксіз өркендеу үрдісі – Алатау қойнауындағы алып та мың бояулы қаланың басты артықшылықтары. Қуатты адам капиталы, белсенді бизнес, инвестиция шоғыры және туристік тартымдылық Алматыны негізгі экономикалық орталыққа айналдырғаны талассыз. Ел дамуына қомақты үлесін қосып отырған қалада өткен жылы ішкі өңірлік өнім 2,6% өсумен 7,5 трлн теңгені құрады.

Берік бастамалар мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Алматы еліміздің ішкі жалпы өнімінің бесінші бөлігін беретін іскерлік белсенділігі жоғары және экономикасы тұрақты қала болып отыр. Негізгі көрсеткіштердің ұдайы өсуінен аршынды адым, орнықты даму үдерісін нақты аңғаруға болады.

Мұның жарқын мысалына – соңғы жылдардағы салыстырмалы деректер дәлел. Егер осыдан 5 жыл бұрын шаһарда инвестициялар көлемінің 5% төмендеуі орын алса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 10,5%-ке жеткен. Сол сияқты, 2015 жылы өнеркәсіп саласында 5% төмендеу тіркелсе, былтыр өндірісте 4,5% өсімге қол жеткізілді. Құрылыс көлемі де 2016 жылғы 1%-тен төмен деңгейден былтыр 4,7%-ке көтерілген. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес үлесі қала экономикасында – 42,4%, салық бойынша – 64% болды, ШОБ субъектілері шығарған өнім көлемі 21,2% өсті. Өткен жылы қала экономикалық өсімнің 3,9% қар­қынына шыққан болатын. Дегенмен, өмір сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін 5% экономикалық өсім қамтамасыз етілуі керек. Ол үшін қала әкімдігі инвестициялар көлемін ұлғайтып, әлемнің озық тәжірибелері мен технологияларын пайдаланумен кешенді жұмыстарды жүзеге асыруда.
Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның қысқаша қорытындылары сәрсенбі күні Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті Алматы қаласының статистика департаментінде өткізілген брифингте сараланды. ҰЭМ СК Алматы қаласының статистика де­партаментінің басшысы Бағлан Қарғұлов өз баяндауында қала дамуында оң нәтижелер байқалғанын атап өтті.
Жалпы өңірлік өнім – аймақтар дамуында ең маңызды макроэко­номикалық көрсеткіш болып табылады. Бұл ретте Алматының 2018 жылғы 9 айдағы ЖӨӨ өндірілген өнімі 7,5 трлн теңгені құраған – нақты көлем индексі – 102,6%. Алып шаһардың еліміздің ЖӨӨ өндірісіндегі үлесі – 18,9%. ЖӨӨ құрылымында ең үлкен үлесті көтерме және бөлшек сауда (31,8%) құраған. ал ең аз 0,1% үлес – ауыл, орман және балық шаруашылығының еншісінде болды. Қала халқының жан басына шаққандағы ЖӨӨ 4 млн 133 мың теңгені құрап, республика бойынша орта көрсеткіштен 2 есеге асты.
Оңтүстік астананың экономи­касына көтерме және бөлшек сау­да секторы елеулі үлес қосуда. Жоға­рыда аталғандай, бұл қаланың ЖӨӨ құрылымында экономиканың бас­қа салалары арасында ең жоғары үлеске ие. Бөлшек сауда көлемі өткен жылдың 9 айы бойынша 31,8% құраса, өткен қаңтар-наурыз айларында бұл 707,9 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы сәйкес кезеңіне қарағанда 7,3%-ке артты. Сондай-ақ көтерме сауда айналымы көлемі 2 143,2 млрд теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен қатар алғанда 3,4%-ке көбейді. Сауда көлемінің ұлғаюына тұрмыстық техника, автокөлік, азық-түлік, киім-кешек және азық-түлік емес тауарлардың саудасы әсер еткен.
Осы кезеңде 241,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл 2018 жылдың тиісті кезеңіне 105,2% құраған, соның ішінде көлемнің көбеюі қаланың барлық аудандарында белгіленді. Бұл көлемнің айтарлықтай үлесі, яғни 68,6%-і – өңдеу өнеркәсібіне қарасты, онда ағымдағы кезеңде өндірістің тұрақты өсу үрдісі байқалуда. Өңдеу өнеркәсібінде өндірістің өсуі негізі­нен сусындардың 23%, өзге де метал­дық емес минералды өнімдерді өндірудің 26,6%, металлургиялық өнер­кәсіптің 45,4%, сонымен қатар машина жасаудың 9,8% есебінен болған.
Инвестициялар статистикасына келсек, биылдың қаңтар-наурыз айының қорытындысы бойынша Алматы қаласында күрделі салымдардың оң динамикасы байқалады. Осы мерзімде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 131 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 4,8%-ке жоғары. Қаланың кәсіпорындары мен ұйымдары игерген негізгі капиталға салынған инвестициялар үлесі республикалық көлемнің 6,2%-ін құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвести­циялардың үлес салмағы жылжы­май­тын мүлікпен жасалатын опера­цияларға – 40,7%, сонымен қатар көлік және қоймалауға – 15% бағытталған. Қала бойынша негізгі капиталға қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып табылады, олардың үлесі – 82,1%, бюджет қаражатының үлесі – 10,4%, банк кредиттері – 6,1%, және басқа да қарыз қаражаты – 1,4%.
Ағымдағы жылдың қаңтар-нау­рызында құрылыс жұмыстарының (көрсетілген қызметтерінің) көлемі 31,1 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 5,2%-ке артық. Осылайша, қалалық құрылыс мекемелерімен атқарылған құрылыс жұмыстары (көрсетілген қызметтері) көлемінің үлесі, республика көлемінің 7,7%-ін құрады.
Тұрғын үй ғимараттарын пайда­лануға беру мәселесін сөз еткенде, мұның негізгі сипаты – құрылысы аяқталған жеке және көппәтерлі тұрғын үйлерді, жатақханаларды іске қосу екендігі мәлім. Осы ретте биылғы қаңтар-наурызда пай­далануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 297,5 мың ш.м., құрап, өткен жылғы сәйкес мерзімге қара­ғанда 2%-ке артық болған. Сөйтіп, көрсетілген кезеңде 1 005 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Үлкен қалаларда көлік сферасы­ның ұтқырлығы – халықтың өмір сүру сапасының маңызды белгісі болып саналады. Биылғы қаңтар-наурызда Алматы қаласы көлігінде 60,5 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылғы сәйкес мерзім деңгейінен 4,1%-ке жоғары болды. Осы кезеңдегі жүк айналымы 5466 млн тонна­километрге, өткен жылмен салыс­тырғанда 11,9%-ке артты. Сонымен қатар 1 244 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 3,1%-ке артық. Жолаушылар айналымы 9 724 млн құрап, 7,9%-ке артты.
Биылдың алғашқы үш айында қалада байланыс қызметінің көлемі 109,3 млрд теңгені құрады. Жергілікті телефон байланысы қызметтерінің кірісі 44,1%-ке, интернет желісінің қызметтері 2018 жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 8,3%-ке артты. Айтарлықтай үлесті байланыс қыз­метінде ұтқыр байланыс қызметі (38,2%) және интернет желісі (30,7%) орын алады.
Әсем шаһарда бүгінде туристік индустрияға қатысты барлық бағыттар белсене даму үстінде. Алматы – аймақтық және халықаралық туристерді тартатын еліміздің басты туристік орталықтарының бірі. Осыған сай, өткен жылғы қаңтар-желтоқсанда орналастыру орындарының саны 286 бірлікті құрады. Бұл ретте біржолғы сыйымдылығы 19,5 мың төсек-орынды құрап, 1 млн 85 мың адамға қызмет ұсынылды, Былтырғы қаңтар-желтоқсанда қызметтер көлемi 25 млрд 711 млн теңге құрады.
Қазірде халықтың орташа жан басына шаққандағы ақшалай шығыстар құрылымында ең басым бөлік азық-түлік тауарларына (40,9%), азық-түлік емес тауарларға (30%), ақылы қызметтердің құ­нына (25,7%) тиесілі. Үй шаруа­шы­лықтарының тұрмыстық тұтыну құрылымында азық-түлік өнім­дерінің өсуі байқалды: сүт және сүт өнімдері – 17,5%, жемістер – 5,6%, жұ­мыртқа – 4,5%, ет және ет өнім­дері – 0,7%. Бұған қоса, нан өнім­­дерін, жарма өнімдерін, май жә­не тоң майды тұтыну 1% төмен­деді.
Бүгінгі таңда Алматы ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны бойынша алдыңғы орында. Халықтың белсенділік деңгейі 68,4%-ті қамти­тын қала экономика­сында бүгінгі таңда 911,9 мың адам жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі – 5,2%, яғни 49 750 адамды құрады. Осы ретте 2017 жылдан бастап елімізде «Еңбек» бағдарламасы іске асырылып келе жатқандығын, жұмыс таба алмай жүрген, мамандығы мен тәжірибесі жоқ адамдарға жұмыспен қамту орталығы көмектесетінін атап өту қажет. Елбасы өз Жолдауында айтқандай, қазақстандықтардың әл-ауқаты ең алдымен табыстың және өмір сапасының тұрақты өсуіне байланысты. Сондықтан табысты арттыруға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға жағдай жасау қажет. Халықтың көпшілігін табыспен қамтамасыз етуші – негізінен бизнес болғандықтан, кәсіпкерлікті қолдау мен жүйелі жағдайлар жасау, инвестициялар тарту мен адал бәсекелестікті қамтамасыз ету – басым міндет болып қала береді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру