Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Инфляция болжамы не дейді?

Еліміздің Ұлттық Банкі жылына 4 рет бол­жамдық раунд жүргізеді, оның барысында негізгі макро­экономикалық көрсеткіштердің, бірінші кезекте инфляцияның орта мерзімді кезеңге, яғни алдағы жеті тоқсанға арналған болжамы жасалады. Алынған болжамдар мен бағалар негізінде бас банк ақша-кредит саясаты бойынша, оның ішінде базалық мөлшерлеме деңгейі бойынша шешімдер қабылдайды. Үстіміздегі жылғы 1 наурызда Ұлттық Банк кезекті болжамдық раундты аяқтады.
Аталған болжам кезеңі 2019 жылғы 1-тоқсан – 2020 жылғы 3-тоқсан аралығын қамтиды. Макро­экономикалық көрсеткіштер болжамы 2019 жылғы 15 ақпандағы жағдай бойынша статистикалық ақ­парат негізінде дайындалды. Пікіртерімге және ірі инвес­тициялық банктер мен Thompson Reuters, Bloomberg, Дүниежүзілік банк, Халықаралық Валюта Қоры сияқты халықаралық институттардың болжамдарына сәйкес Brent сұрыпты мұнайдың орташа бағасы 2019 жылы бір баррель үшін 68,1 АҚШ долларын және 2020 жылы бір баррель үшін 69,1 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш өткен болжамдық раундта бір баррель үшін 75,8 АҚШ долларына барабар еді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бүкіл болжам кезеңінде базалық сценарий ретінде мұнай бағасының бір баррель үшін 60 АҚШ доллары болатын сценарийді қарастырды. Өткен болжамдық раундпен салыстырғанда тәуекел профилі сыртқы тәуекелдердің аздап әлсіреуін қоспағанда, жалпы алғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Атап айтқанда, мұнай бағасының тұрақтануы аясында оның құлдырау тәуекелі және АҚШ Федералдық Резервтік Жүйесінің айтарлықтай жеңіл саясаты жағдайында дамушы нарықтардан капиталдың әкетілу тәуекелі төмендеді. Сонымен қатар тұтынушылық сұраныс және фискалдық серпін тарапынан проинфляциялық тәуекелдердің жоғары деңгейде сақталғанын атап өткен жөн. Болжамдарға сәйкес, болжамның ішкі және сыртқы алғышарттарын ескерсек, 2019 жылы жылдық инфляция таргеттелетін 4-6 пайыздық дәліз шегінде болады. Алдыңғы «2018 жылғы қараша-желтоқсан» болжамдық раундымен салыстырғанда 2019 жылы инфляция траекториясы төмендеу жағына қарай түзетілді. 2020 жылғы бағалау бойынша проинфляциялық тәуекелдер іске асуы мүмкін. Біріншіден, реттелетін қызметтер та­рифтерінің төмендеуі инфляцияға жағымды ықпал етпейді. Екіншіден, фискалдық ынталандырумен байланысты тұтынушылық сұраныстың өсуі сақталады. Сонымен қатар әлемдік азық-түлік инфляциясының серпіні Қазақстандағы азық-түлік инфляциясының өсуіне болжамдық перспективада әсер етеді.
Болжамдық келешекте шығарылым айырмасы оң жағдайда сақталады, соның нәтижесінде баға белгілеу үдерістеріне қосымша проинфляциялық қысым байқалады. Орта мерзімді келешекте оң айырма болжамдық кезеңнің соңына қарай нөлге жақындап, қысқаратын болады. 2019-2020 жылдары Қазақстанның нақты ішкі жалпы өнімі өсуі әлеуетті деңгейге жақын деңгейге дейін баяулайды. Ішкі жалпы өнім өсуі жөніндегі болжамдар өткен болжамдық раундпен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Экономикалық белсенділіктің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдердегі серпінін айқындайтын факторлардың айтарлықтай айырмашылығы болмайды. 2019-2020 жылдары ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі баяулап 4 пайыздан төмен нәтижені құрайды. Тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың ұлғаюы аясында ішкі сұраныс ішкі жалпы өнім өсуінің негізгі күші болады. Экономика бюджеттің жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды арттыруға және өзге де әлеуметтік шараларға шығыстарының өсуіне орай 2019-2020 жылдарда фискалдық серпіннің аздап өсуімен ынталандырылады. Экспорттың баяу өсуінен таза экспорт экономиканың болжамдық кезеңде өсуін шектейді. «2019 жылғы ақпан-наурыз» болжамдық раундының нәтижелері бойынша толығырақ ақпарат баспасөзде жарияланды. Оған сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2019 жылғы ақпанда инфляция 0,3 пайыз болды. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы ақпанда 0,7 пайыз-тын. Жыл басынан бері инфляция 0,8 пайыз, 2018 жылғы қаңтар-ақпанда 1,3 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 2,8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6 пайызға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасы 1,5 пайызға төмендеді. Жылдық инфляция 4,8 пайыз деңгейінде қалыптасты және Ұлттық Банктің 2019 жылға арналған 4-6 пайыз нысаналы дәлізінің ішінде тұр. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 6,6 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 6,2 пайызға өсті. Ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсу қарқыны 1,3 пайызға дейін баяулады. 2019 жылғы ақпанда халықтың инфляциялық күтулері өткен айдағы деңгейде сақталды. Халықтың пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы 4,7 пайыз болды.
2019 жылғы ақпанда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 29,2 млрд АҚШ долларына дейін 4,6 пайызға немесе 1,4 млрд АҚШ долларына, немесе жыл басынан бері 5,7 пайызға немесе 1,8 млрд АҚШ долларына төмендеді. Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялар, сондай-ақ ұйымдардың Ұлттық Банктегі шетел валютасындағы қалдықтарының төмендеуі Үкіметтің шоттарына валютаның түсуімен және банктердің Ұлттық Банктегі корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтарының ұлғаюымен бейтараптандырылды.

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру