Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Алматы марафоны

Алматыда Орталық Азиядағы ең ауқымды жүгіру жарысы өтті. «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры, «World Class Almaty» фитнес-клубы және академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырған «Алматы марафоны» өзге елдерден келген қатысушылардың саны бойынша рекорд орнатты. Спорттық шараға Ресей, Өзбекстан, Қытай, Канада, Швеция мен Кения елдерінен келген спортшылар қатысты.

Дәстүрге сай бірінші болып балалар қашықтығының қа­тысу­шылары жүгірді. Сағат 7:30-да 10-14 жастағы 1000-ға жуық жас атлет ең жүйрік атағына таласты. Ұлдар арасынанДоминик Боловинцев, ал қыздар арасынанРима Гранкина жеңімпаз атанды.
Республика алаңында Алма­ты қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек пен «Алматы марафонының» не­гізін қалаушы Ғалымжан Есенов марафон (42 км) және жартылай марафон (21 км), сонымен бірге командалық Экиден эстафетасын ашты. Мұндай коман­далардың саны биыл 113-ке жетті, бұл да бір рекорд болып отыр.
Негізгі (42 км) қашықтыққа Ташкент қаласынан келген Зик­рилло Маматкулов 2:28:34 нәтижесімен абсолютті жеңім­паз атанды. Ал, қыздар арасынан Мәскеу қаласынан келген Александра Каланова ең үздік нәтиже көрсетті (2:42:44). Биыл жалпы жүлде қоры 2 940 000 теңге құрап, оны 42 және 21 км қашықтықтарға жүгірген ерлер мен әйелдер арасынан көшбасшылар үштігі бөліп алды.
«Биыл біз сегізінші «Алматы марафонын» өткіздік. Жыл сайын әуесқойлардың саны артып, әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар Алматыға әдейі осы шара үшін келіп жатыр. Бұл жолы сөреге шыққандардың саны былтырға қарағанда 3 мың адамға артық болды. Шара нағыз спорттық мерекеге айнала бастады. Жол қа­шық­тығында жүгірушілерді жан­күйерлер қолдап, ал біз қатысу­шыларды сергіту үшін музыкалық пункттерді аштық, оларда барабаншылар, сырнайшылар, оркестр, тіптен футбол жан­күйерлері өнер көрсетті. Led-экран­дарда жанкүйерлердің қолдау сөздері жазылған бейнероликтер мен фотосуреттер көрсетілді.Жыл сайын қалада марафонның ауқы­мы артып келеді», – деді«Алматы мара­фо­нының» директоры Салтанат Қазыбаева.
«Алматы марафоны» бірінші жылдан бастап алдына қайы­рым­ды­лық мақсаттарын қойып келеді. Биыл сөрелік жарнадан түскен қаражаттың бір бөлігі бала­ларға арналған үш мекемеде спорт­тық алаңдарды тұрғызуға жұм­салмақ.
Сонымен бірге жыл сайын марафонға мүмкіндігі шектелген адамдар қатысады. 2019 жылы «АЛМАЛЫ» активтерді басқару компаниясының бастамасымен мүшелері мүгедектер арбасына таңылған ерекше команда құрылды. Команда құрамына марафон жарыстарына қатысудан тәжірибелері бар Ұлттық паралимпиада комитетінің (Қарағанды) өкілі, «Мейірім» оңалту орта­лы­ғының үш тәрбиеленушісі (Алматы), «Арди» мүгедектер қоғам­дастығының мүшелері кірді.
Марафоншыларға биыл белгілі кинопродюсер, актер Нұрлан Қоянбаев, әнші Иван Бреусов пен спортшы, бизнесмен Вадим Зеленский бірге жүріп, көмек көрсетті. Дәстүрге сай «Алматы марафоны» бас демеуші Kaspi.kz, құрметті демеуші Sulpak, Алматы әкімдігі, «Алматы спорты» әлеуметтік бағдарламасы мен өзге де серіктестердің қолдауымен өтті.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру