Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Кешенді істермен – көрсеткіш жақсарады

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысының қарауына – елдің биылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының нәтижелері шығарылды. Бұдан өзге, жиында шикізаттық емес экспортты ілгерілету және ұлттық экспорттық саясатты іске асыру мәселелеріне маңыз берілді.

Ағымдағы жылдың І тоқсанында экономика өсуі жалғасып, жекелеген өңдеу секторлары екі таңбалы өсуге шыққан, инвестициялар мен құрылыс көлемі айтарлықтай артқан. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, осы мерзімде ІЖӨ өсімі 3,8%-ке өсті. Өсім құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен көлік саласында барынша байқалуда. Өнеркәсіп өндірісі 3,2%-ке өсті, өңдеу өнеркәсібінің көптеген салаларында жоғары қарқын тіркелді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9%-ке артты, ауыл шаруашылығында қалыпты қарқын сақталып, өндіріс көлемі 3,6%-ке ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер өсудің орнықтылығымен 3,7%-ке жетті, бұл сегментте сауда саласы алдыңғы орынға, 7,2% деңгейіне көтерілді. Көлік саласында өсім 4,4%-ті құрады. Сыртқы сауда айналымы жағымды үрдіс көрсетуді жалғастыруда. Биылғы қаңтар-ақпанда ол экспорттың ұлғаюы есебінен 7,5% болды. «ІІ тоқсанда осы қарқынды сақтап, жалғастыруға жақсы мүмкіндіктер бар. Өйткені, осы уақытта нақтыланған бюджетті қаржыландыру ашылып, тұтынушылық және инвестициялық сұраныс күшейеді. Сондай-ақ құры­лыс, АӨК және инвестициялық саладағы жұмыстар кезеңі ашылуда. Бұған қоса, ІІ тоқсанда дәстүрлі түрде шағын және орта бизнес жанданады», – деді Р.Дәленов.
Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев өз кезегінде өткен наурызда айлық инфляция 0,5% болғанын айтты. Жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды, бұл 2019 жылға арналған 4-6% нысаналы дәліздің ортасына сәйкес келеді. 15 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде төмендету туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі инфляция бойынша биылға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді. Валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Айырбастау бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Теңгенің айырбастау бағамы аздап ауытқыды.
Биылғы І тоқсандағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы айтқан қаржы министрі Ә.Смайылов ағым­дағы қаржы жылының бұл кезеңінде бюд­жеттің барлық деңгейлерінде кірістер жоспардан асыра орындалып, оң өсу қарқынын көрсеткенін жеткізді. Республикалық бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгені құрап, қаражаттың 47%-і әлеуметтік салаға бағытталған.
Талқылауды түйіндей келе, Үкімет басшысы Асқар Мамин негізгі көрсеткіштер бойынша І тоқсанда Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтижеге жеткенін атап өтті. Сонымен қатар кейбір өңірлерде ірі инвестициялық жобалардың аяқталуына байланысты көрсеткіштер төмендеп отырғандығына да назар аударды. Осыған байланысты Үкімет басшысы құрылыс пен негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. «Аталған мәселелер бойынша шұғыл түрде тиісті шараларды қабылдау қажет. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеруі керек», – деп атап көрсетті А.Мамин.
Премьер-министр әлемдік экономика өсімінің бәсеңдеуі және халықаралық сарапшылардың оның қарқыны жайлы 2018 жылғы 3,6%-тен 2019 жылы 3,3%-ке дейін төмендеуі туралы болжамдары жағдайында эконо­миканың инклюзивті және сапалы дамуына көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Жиында қаралған келесі мәселе – шикізаттық емес экспортты ілге­рілету мәселелері мен ұлттық экс­порттық саясатты іске асыру бары­сы бойынша атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А.Әріпханов баяндады. Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов сыртқы нарықтарда экспорттық өнімді ілгерілету туралы ақпараттандырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт көлемі $23 млрд құрады, соның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі – $15,7 млрд және көрсетілетін қызметтер экспорты – $7,3 млрд. Экспорттық стратегияға сәйкес, Үкімет алдында 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспортты $32 млрд дейін жеткізу міндеті тұр. «Еліміздің экспорттық әлеуетін дамыту – экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды факторы», – деді А.Мамин.
ЕАЭО аясында серіктес елдермен, Қытаймен және басқа да мемлекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шарты – отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы мақсатта экспортты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғаны, сондай-ақ Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылғаны мәлім. Үкімет басшысы отандық ауыл шаруашылығы экспортын ілгерілетуге жеке мән беріп, экспорттық брендтерді сыртқы нарықтарға қарқынды түрде шығару қажеттігіне тоқталды. Бұл үшін қазақстандық өндірушілер өндіретін тауарлардың сапасын көтеріп, экспортқа шығарылатын елдердің талаптарына және регламенттеріне толық сәйкестікті қамтамасыз еткендері жөн. Сондай-ақ экспортқа бағдарланған тауарларды халықаралық электронды сауда алаңдары арқылы сату мәселесін пысықтау қажет. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Министрлер кабинетінің басшысы бір ай мерзімде барлық салалар бойынша экспортты дамыту және көрсетілетін қызметтердің басым секторлары бойынша жол карталарын әзірлеуді, сондай-ақ халықаралық деңгейге сай келетін қазақстандық стандарттарды, техникалық регламенттер мен нормаларды әзірлеп, енгізуді тапсырды.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру