Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Тамыры терең ынтымақтастық

14-15 сәуір күндері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен өзбек елінде мемлекеттік сапармен болды. Сапар нәтижесінде мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме қабылдады. Онда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті, оның ішінде Орталық Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ынтымақтастықты дамытудағы көрнекті рөлі айрықша атап көрсетілді.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қазақстан президенті жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке риза­шылық білдіріп, мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті. «Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев мықты әрі үйлесімді екіжақ­ты қатынастарды қалыптастыру­ға зор үлес қосты. Сіздер де екі мем­лекеттің көшбасшылары ретін­де Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте мемлекет басшысы Қазақстан – Өзбекстан қатынас­тары мен өңірлік ықпал­дастықты кеңейтуге және нығайтуға бағыт­талған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақтала­тынын атап өтті.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Рес­публикасының президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ерекше атап өтті.
Келіссөздер барысында президенттер дәстүрлі достық, өзара сенім мен сыйластық рәуішінде екіжақты қаты­настардың негізгі мәселелерін, өзара мүдделілік танытылған өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды талқылап, екі ел арасындағы сан салалы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Мемлекет басшылары екі ел арасындағы терең тарихи және рухани байланыстарға, тату көршілік пен өзара сенімге негізделген екіжақты қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру бауырлас елдеріміздің мүдделеріне жауап беретінін атап өтті.
Мемлекет басшыларының ке­ңей­тілген құрамдағы кездесуі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сәлемін жеткізіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті. «Біз шағын құрамдағы кездесу кезінде сабақтастықтың сақталып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық», – деді Мемлекет басшысы.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ре­тіндегі алғашқы мемлекеттік сапарын Өзбекстаннан бастағанына тоқталып, бұл қадамның стратегия­лық әріптестікті тереңдетіп, қалып­тасқан қарым-қатынастарды жал­ғастыруға бағытталғанын атап өтті. «Қазақстанмен достық қарым-қа­тынасты, тату көршілікті нығайту – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз екі ел арасындағы қарым-қатынастардың берік ірге­тасын қалап, өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық», – деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.
Кеңейтілген құрамдағы кездесуде мемлекет басшылары халықаралық саясаттың өзара мүдделі, маңызды мәселелері бойынша тараптар ұстанымдарының ұқсастығын растады және Орталық Азияның гүл­денуі мен халықтарының игілігі үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісіне екі жақтың да ізгі ұмтылы­сын атап көрсетті. Сондай-ақ тараптар ШЫҰ, ТМД, АӨСШК және басқа да халықаралық, өңірлік ұйым­дар шеңберінде өзара тиімді ынтымақ­тастықты жалғастыруға уағдаласты.
Мемлекет басшыларының жүргі­зілген келіссөздер қорытын­дысы­на арналған брифингі барысында Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары осы елдегі Қазақстан жылының ашылуымен тұспа-тұс келгенін, бұл оқиғалар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына септігін тигізетінін атап өтті.

Екі ел арасындағы қарым-қа­ты­нас пен ынтымақтастық бай­ла­ныс­тардың нығаюы мен дамуы жолындағы Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің рөліне ерек­ше тоқтала келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Олар Қазақстан мен Өзбек­стан­ның ынтымақтастық тари­хы­ның жаңа парағын ашып, біздің бай­ланыстарымызды жаңа әрі са­палы деңгейге шығарды. Қазақ­стан басшысы ретінде мен Елбасы саясатының сабақтастығын қамта­масыз етіп, Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жан-жақты дамуын жалғастыра беремін. Бұған дәлел ретінде бүгін біз қол қойған негізгі жетістіктеріміз бен ынтымақтастық көкжиегінің келешегі қамтылған президенттердің бірлескен мәлімде­месін айтуға болады», – деді.
Қазақстан президенті екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтас­тығында қол жеткізілген жоғары деңгейді одан әрі қолдау үшін бірқатар шара қабылданатынын атап өтті. Жаңа мүмкіндіктер аясында 2020 жылдың соңына қарай екі ал арасындағы тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отырғандығы айтылды. Бизнеске жасалған жағдай­дың нәтижесінде екі елдің бірлескен кәсіпорындарының саны арта түскен. Осы тұрғыда елімізде жүзеге асырылып жатқан жеңіл автомобиль, жүк көлігі және басқа техни­каларды құрастыру бағытындағы бірлескен жобаларды айтуға болады. Аталған салалардың ел экономикасы үшін маңызы зор болғандықтан, бұл жұмыстар қарқынды түрде жал­ғаса бермек. Сондай-ақ былтыр 16 қарашада Шымкент қаласында алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумының сәтті өткені, мұндай форматтағы кездесулер екіжақты және өңірлік деңгейлерде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен ұлғайтуға, сауда, инвести­циялар, логистика салаларын­дағы жаңа кемел жобаларды іске асыруға, интеграцияланған өнер­кәсіптік техно­парктер, ғылыми-инно­вациялық клас­терлер мен еркін экономикалық аймақ­тарды құруға септігін тигізетіні аталып өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет бас­­шысы отын және су-энергетика сала­сындағы өзара іс-қимыл, экспорт пен импорт, транзиттік тасымал сала­сындағы ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық және жастар байланысы аясын кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанатынын білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасын дәстүрлі достық, сенім және татукөршілік ынтымақтастық бағытында дамы­татынын айтты.
Өз кезегінде Өзбекстан президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаевпен ашық әрі толық өзара түсіністік рухында өткен келіссөздерге жоғары баға берді. Келіссөздер барысында тараптар қарым-қатынасты дамытудың ұзақмерзімді мақсаттарының ортақ екенін растап, күн тәртібіндегі екіжақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланғанын, сондай-ақ жаңа сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қарсы тұру жөніндегі бірлескен шараларды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарын нығайтуға және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге баға жетпес үлес қосқаны үшін қазақ халқының біртуар перзенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, менің ағам, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтқым келеді. Қазақстанның мемлекеттігін нығайтудағы, берік азаматтық қоғам қалыптастырудағы, заманауи және бәсекеге қабілетті экономика құрудағы, халықаралық аренада ел беделін арттырудағы зор жетістіктер оның есімімен тікелей байланысты», – деді Өзбекстан президенті.
Шавкат Мирзиёев сапар бары­сында қол жеткізілген уағдалас­тық­тарды іске асыру үшін Жол картасы бекітілетінін айтты.
Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесі мен бірқа­тар үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру