Валюта бағамы: $ 379.36 424.47 5.88 ¥ 54.95

Бизнеске жете көңіл бөлінуде

Еліміздегі ШОБ (шағын және орта бизнес) дамуы тұрғысынан Ақтөбе облысы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі де бірегейі саналады. Атап айтқанда, осыдан тоғыз жылдай бұрын қолға алынған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асырғаннан бастап 102,7 млрд теңгеге 885 жоба қаржыландырылған екен. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің «Даму» қоры басқармасының төрағасы Абай Сарқұловпен және KazakhExport басқармасының төрағасы Руслан Ысқақовпен кездесуі барысында жария етілді, деп хабарлайды Kapital.kz сайтынан.

Өз сөзінде Абай Сарқұлов жалпы осы аймақ бойынша биз­несті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруда облыстың жағымды жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, бизнес-қауымдастық арасындағы неғұрлым мәлім бағдарлама – «БЖК – 2020». Атап айтар болсақ, тек 2010-нан бастап 2017 жылдар аралығында ғана Ақтөбе облысында 8 мың жаңа жұмыс орны құрылған және 29 мыңы сақталған, бұл да мұның жоғары әлеуметтік-экономикалық іс-қимылын аңғартады.
Абай Сарқұлов өзі жетекшілік ететін Қор тарапынан 12,7 млрд теңге сомасына 388 кепілдігі беріліп, кепілдік сомасы 5,1 млрд теңгені құрағанын хабарлады.
«Еңбек», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ облыстық әкімдіктермен де аймақтық бірлескен – «Ақтөбе жас старт» және «Кең дала» бағдарламалары тиімді іске асы­рылуда.
Ақтөбе облысы бойынша Ресей Федерациясы және Өзбекстанмен шекара кесіп өтетінін ескерер болсақ, іс-қимылдары экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдауға қатысты мәселелерге де көңіл бөлінуі аса маңызды. Аймақта елуден астам осындай компаниялар тіркелген және жұмыс істеп жатыр. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәлі­меттері бойынша өткен жылдың 11 айында ғана экспорт көлемі 2,7 млрд доллар (2017 жылдың осындай кезеңінде – 2,1 млрд доллар) құраған, бұған қоса шикізаттық емес өнімдер экспорты 1,2 млрд доллар құрапты.
Экспорт жағрафиясы: ЕО, АҚШ, ТМД, Қытай, Ресей, Жапония, Ауғанстан, Иран, Түркия (шикізат экспорты: хром концентраты, хром кені, мұнай және өңделген мұнай өнімдері, сұйытылған газ, бидай және т.б.). ТМД, Ауғанстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікпенстан (шикізаттық емес экспорт: жұмыртқа, балық, ұн, макрон өнімдері, консервілерді қоса есептегендегі ет өнімдері, құрылыс материалдары, мұнай жабдықтары және басқалары).
KazakhExport басқармасының төрағасы Руслан Ысқақов шекара маңындағы сауданы дамыту және Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің тиімді экспорттық келісімдер жа­сасуына KazakhExport өкілдерінің Өзбекстандағы және Ресейдегі (Қазан қ.) кеңселері көмек көрсететінін атап айтты.
«Біздің компанияның сақтандыру көмегімен Ақтөбе облысында – соның ішінде «Актеп» ет өңдеуші комбинат ЖШС, «Ақтөберентген», «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» және «Green Capital Kazakhstan» жылыжай кешені кәсіпорындары қамтылған – бірнеше жобалар жүзеге асырылды», – деп атап көрсетті Руслан Ысқақов.
Жылыжай кешені жайында әң­гімелей келе, KazakhExport жетек­шісі жергілікті тұтынушыларға да, көршілес нарықтарда да – РФ-ты қоса есептегендегі – өндіріс ауқымы және сату көлемі тек бірінші жылы ғана 3 мың тоннаға жуық қызанақты құрайды, бұл одан әрі 2021 жылы жобаны іске асыруды аяқтауға қарай жылына 14 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы жеті жылында Қазақстан бюджетіне 460 млн теңге төлем құю жоспарланған.
– Сіздердің бағдарламаларыңыз тиімді. Біз нақты жобаларға, оның үстіне бұл Елбасының тапсырмасы, қолдау көрсетуге даярмыз. Біздің жұмысымызға берген жоғары бағала­рыңызға ризашылығымды білдіре­мін. Сіздер аймақ бизнесінің әлеуеті үлкен екенін, оның жақсы және сапа­лы жұмыс істеп жатқанын атап көрсеттіңіздер. Мұның бәрі, сіздердікі сияқты, даму институттарының жәрдемімен мемлекеттік қолдау көрсетудің нәтижесі. Кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамтуды және экспортты қолдау – біздің басты міндетіміз, – деп түйіндеді кездесу қоры­тындысын облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Шын мәнінде облыс басшысының аймақ экономикасының басқа са­лалары дамуына да жете көңіл бө­летіні нақты іс-қимылымен де айқын көрініс тауып отыр. Мәселен, таяуда ғана аудандарды аралап оралған ол аймақтың басты газет­теріне берген сұхбатында: «Ауыл шар­уа­шылығын қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар бар. Облыста оның жемісін жеп отырған ірі агро­құрылымдар да, қол жеткізе алмай отырған ұсақ шаруашылықтар да бар. Біз оларға тиісті көмектің жетуі үшін жұмыс істеуіміз керек», – деп шегелеп айтты.

KazakhExport қолдаған жобалар:
• «Актеп» ЖШС. Ресей Федерациясына экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік беретін мал бордақылау алаңында күтімге алынбақшы 18 мың бас ірі қара малын (ІҚМ) сатып алуға 2,97 трлн теңге сомасындағы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ның қарыздарын сақтандыру;
• «Ақтөберентген» ЖШС. Өзбекстандық сатып алушының экспорттық кредитін (ЭК) сақтандыру. Рентген аппаратын жеткізуге келісім сомасы 45,3 мың доллар;
• «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС. Әзірбайжандық сатып алушының ЭК сақтандыру. Сорғы қарнағы мен муфталарын жеткізуге 675,7 мың доллар сомасы.

Облыс әкімінің ауыл шаруа­шылығын өркендетуге қатысты жа­нашырлықпен тілге тиек ететіні қуан­тады. «Біз тәуекелді аймақта тұрамыз. Сондықтан шығатын да­қылды ғана егуіміз керек. Егіс мә­дениетін меңгеруіміз қажет. Осы рет­те көптеген шаруашылықтардың тары егуге бет бұрғаны қуантады. Өйткені Шығанақтың елі ретінде бізге жұрт тарының отаны деп қарайды. Сұраныс та мол», – дейді ол.
Бұдан әрі аймақ басшысы «ауыл шаруашылығының негізгі тірегі – мал шаруашылығы» жайына тоқталды. «Мына сайын даланы төрт түлікке толтыруымыз қажет. Оған толық мүмкіндік бар. Ауылда тұрып, бір-екі сиыр мен он шақты қой-ешкі ұстау, бұл – күнкөріс. Ал малдан пайда табу үшін оның саны 20-дан көп болуы керек. Бұл, әрине, үлкен жұмыс, оған мемлекет тарапынан қолдау қажет. Байғанин ауданында болғанымызда, бір жас жігіт қабылдауыма келді. 80 шақты ірі қара, 60 шақты жылқыны үш адам, бір отбасы бағып отыр екен. Мемлекеттік қолдау арқылы мал базына 6 миллион теңгеге электр желісін тартуды сұрайды. Ол тағы екі шаруашылыққа ортақ болмақ. Әңгімесін тыңдап отырып, еңбекқор жігіттің талабына қатты қуандым. Міне, осындай азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Біз үлгі тұтатын АҚШ-та осындай шаруашылықтарға арқа сүйейді. Бізде де олардың саны көбейе түссе, олар осы заманғы технологияны өндіріске енгізсе, құба-құп», деп жерлестеріне серпін береді әкім жеке сүйінішімен.
«Әкім бол, халқыңа – жақын бол» деген халық даналығы осы Оңдасын Оразалин сынды тұлғалар хақында айтылса керек. Ал, өзі басшылық жасаған өңірде ауыл тұрғындарының, облыс халқының тұрмыс-тіршілігіне жаны ашыған білікті де тәжірибесі мол осындай басшылар барда еліміз өркендеуі өрісті жалғасын табарына жұртшылық көңіліндегі сенім де молая түсері даусыз.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру