Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Несиенің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді

15 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/-1% пайыздық мөлшерлеме дәлізімен 9%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Өтімділік беру мен алу операциялары бойынша мөлшерлеме де тиісінше 10%-ға және 8%-ға дейін төмендетілді. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі инфляция бойынша 2019-2020 жылдарға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді.

Сейсенбідегі үкімет оты­рысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 сәуірде Маңғыстау об­лы­сына сапары барысында кредиттің қолжетімділігін арттыру жөнінде берген тап­сырмасы аясында базалық мөлшерлемені төмендету туралы қабылданған шешім банктер тартатын қаражаттың құнын төмендетуге және соның салдарынан соңғы қарыз алушылар үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға оң әсер ететіндігін айтты.
Ерболат Досаев ақша-кредит саясатының негізгі құралы – базалық мөл­шерлеме орта мерзімді ке­зеңде инфляцияның ны­саналы бағдарына жетуге мүм­кіндік беретін деңгей­де белгіленетіндігін атап өтті. Қаржы реттеушісінің бағалауынша, базалық мөл­шерлеменің жаңа деңгейі инфляция бойынша 2019-2020 жылдарға арналған нысаналы бағдарға қол жеткізуге ықпал етеді. Базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім бірқатар ішкі және сыртқы факторларға негізделді. Атап айтқанда, инфляция қарқынының баяулауы, халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеуі, негізгі сауда әріптес елдердегі төмен инфляция, сондай-ақ сыртқы шикізат нарықтарындағы қолайлы ахуал, мысалы, мұ­найға әлемдік бағаның өсуі.
Өткен наурыз айында инфляция 0,5%-ды құрады, жылдық инфляция 4,8% деңгейінде сақталды. Бұл биылғы жылға арналған 4-6% нысаналы дәліздің орта мөлшеріне жақын. Инфляцияның құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы биыл нау­рыздың қорытындысы бой­ынша 6,0%-ға жетіп, бір жа­рым жыл ішінде жылдық серпіні біртіндеп баяулағанын көрсетті. Ұлттық банк басшысы атап өткендей, азық-түлік тауарларының бағасы инфляцияның өсуіне көп үлес қоса отырып, нау­рызда жылдық өлшемде 6,7%-ға өсті. Азық-түлік та­уарлары бағасының мұндай өсуі себептері қатарында негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің, сондай-ақ импорттық өнімдердің қымбаттауы аталды.

«Инфляцияның төмендеуі кө­бінесе ақылы қызметтердің баға серпініне негізделді. Бағалардың және олар бойынша тарифтердің жылдық өсімі 1,2%-ға дейін баяулады, бұл осы құрауыштың тарихи ең төменгі мәні болып табылады. Қызметтер тарифтерінің төмендеу үдерісі елдің барлық өңірлерінде іс жүзінде аяқталғанын және одан әрі бұл фактордың инфляцияның серпініне әсері төмендейтіні күтіледі», – деп атап өтті Е.Досаев.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейінің ағымдағы мәндеріне қатысты 5-5,3%-ға дейін біршама жоғарылауы күтілуде, ол халық кірісінің экономиканың бюджет, сол сияқты жеке секторларында да өсуін ынталандыру аясында 4-6%-дық нысаналы бағдарда қалыптасады. Қаржы реттеушісінің бағалауы бойынша, бюджеттің әлеу­меттік шығысының өсуі биыл ин­фля­цияның қосымша өсуінің 0,2-0,3%-ын құрайтындығын көрсетіп отыр.
Ұлттық банктің шешіміне ықпал еткен факторларға тоқтала келіп, Е.Досаев біріншіден, биыл халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеу үрдісі жалғасып отырғандығын атап өтті. Негізгі фактор – нақты жылдық инфляцияның бәсеңдеуі және теңгенің айырбастау бағамының тұрақтануы. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, биыл наурызда алдыңғы ақпан айымен салыстырғанда келесі 12 ай ішінде бағалар осылай жылдам немесе бұдан да жылдам өседі деп санайтындардың үлесі 58,3%-ға дейін төмендеген. Бір жылдан кейін күтілетін инфляцияның сан­дық бағалауы жылдық инфляция деңгейінен төмен сақталып, 2019 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша жылдың басынан бері 5%-ға төмендеп, 4,5%-ды құрады.
Екіншіден, тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың кеңеюі. Биыл қаңтар, ақпан айларында ха­лық­тың нақты кірісі жылдық көр­сетуде 9,4%-ға өсті. Халықтың сұ­ранысы банк секторының тұтыну­шылық кредиттері қоржынының өсуі­мен (ақпанда жылдық көрсетуде 13,5%-ға) ынталандырылады. Биылғы қаңтар-наурызда негізгі капиталға инвестицияның өсуі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,0%-ды құрады. Үшіншіден, іскерлік белсенділіктің өсуі жалғасуда. Қысқа мерзімді экономикалық инди­ка­тордың өсуі биыл қаңтар-ақпанда 4,2% болды. Ұлттық банк басшысы шикізат нарығында баға өсуінің арқасында сыртқы секторда қолайлы жағдай байқалып отырғанын айтты.
Сонымен қатар сыртқы моне­тарлық талаптар тұрақты деңгейде сақталуда. АҚШ ФРЖ және РФ БҚ өздерінің базалық мөлшерлемелерін өзгерткен жоқ, бұрынғы деңгейде ұстап отыр. Қазақстанға инфляция импортының негізгі факторы Ресейден келетін импорттың 38% деңгейдегі жоғары үлесі екенін атап өтті Е.Досаев. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан әрі шешім инфляцияның нақты серпіні мен қаржы реттеушісінің ағымдағы және 2020 жылға қатысты болжамының сәйкес келуіне байланысты қабылданатын болады.
Ұлттық банк басшысы валюта нарығындағы ахуалдың тұрақты екенін айтты. Айырбастау бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалып­тасуда. Теңге бағамы жыл басынан бері 1,2%-ға нығайып, 15 сәуірдегі жағдай бойынша бір АҚШ доллары үшін 379,56 теңгені құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері кли­енттердің шоттарындағы қалдық­тардың қысқаруына орай жыл басынан бері 13,4%-ға төмендеп, 2019 жылғы 15 сәуірде 26,8 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері 2,3%-ға, 59,0 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы халықаралық резервтер 85,8 млрд АҚШ долларын құрады.
Өткен жылдың соңғы қорытын­дысы бойынша төлем теңгерімі мен сыртқы борыштың жағдайы туралы баяндай келіп, Е.Досаев: «2018 жылы экспорттық тауарларға бағаның өсуі және сыртқы нарықтағы сұраныстың артуы аясында төлем теңгерімінің ағымдағы шоты айтарлықтай жақсар­ды. Оның мөлшері 51,7 млн АҚШ доллары немесе ішкі жалпы өнімнің 0,03% көлемінде аздаған дефицитпен қалыптасты. Шетелдік тікелей инвестициялардың таза ағыны 31%-ға өсіп, 4,9 млрд АҚШ долларына дейін жетті», – деді.
Былтыр сыртқы борыш 8,4 млрд АҚШ долларына қысқара отырып, биылғы жылғы 1 қаңтарда 158,8 млрд АҚШ доллары көлеміндегі соманы құрады. Қаржы реттеушісінің басшысы Қазақстанның банк жүйесі дамуының көрсеткіштері ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда жүргізілген қалыпқа келтіру үдерістерінің, атап айтқанда «Цесна банк» АҚ-ты қалыпқа келтіру үдерістері ықпа­лында болғанын да атап өтті. «2019 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша депозиттер 2018 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 17,6 трлн теңге деңгейінде болып, 5,2%-ға азайды. Бұған шетел валютасындағы салымдардың 14,6%-ға төмендеуі себеп болды. Ұлттық валютадағы депозиттер 3,6%-ға өсті. Бұл депозиттерді долларландыруды соңғы 5 жылда ең төмен мәнге, 43,6%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз етті», – деді Е.Досаев.
Ұлттық банк басшысы 26 наурызда Ұлттық банк пен Үкімет 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойғанын еске салды. Келісімде экономикалық өсуді арттыру және кредит беруді, сонымен бірге нақты сектордың қаржыландыруын ұлғайту шаралары көзделеді. «Біз базалық мөлшерлеменің кредиттеуге оң ықпалын байқап отырмыз. Өткен жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеменің 10,25%-дан 9,25%-ға дейін төмендеуі банк секторындағы қарыз алу мөлшерлемелерін төмен­де­туге ықпал етті», – деп атап өтті Е.Досаев.
Банктердің баланстарын тазартумен қатар қорландыру құнының төмендеуі өткен жылдың ұқсас ке­зеңімен салыстырғанда жыл басынан бастап кредиттік белсенділіктің арта түсуіне мүмкіндік берді. Биыл қаңтар-ақпанда 1,9 трлн теңге сомаға жаңа кредиттер берілді, бұл өткен жылғы осындай кезеңдегіден 11,2%-ға көп. Кредиттік қоржын биыл ақпанның соңында 12,5 трлн теңге, оның ішінде ұзақ мерзімді кредиттер – 10,6 трлн теңге, қысқа мерзімді – 1,9 трлн теңге болды. «Теңгелік кредиттер бойынша мөлшерлеме төмендеуде. Кәсіпорындарға берілетін кредиттер бойынша ол биылғы ақпанда өткен жылғы ақпандағы 12,9%-бен салыстырғанда 12,4% деңгейінде қалыптасты, ал қысқа мерзімді кредиттер 12,1%-бен, ұзақ мерзімді кредиттер 13,5%-бен берілді. Жеке тұлғаларға теңгедегі қарыздар бойынша мөлшерлемелер соңғы жылы 19,4%-дан 18,2%-ға дейін төмендеді», – деді Ұлттық банк басшысы.
«Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» аясында қолға алынған «7-20-25»: Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы ипотекалық кредит беруді дамытуға бағытталған. Биыл­ғы 11 сәуірдегі жағдайға қарағанда, аталған бағдарлама шеңберінде 133,3 млрд теңге сомаға 11 705 өтінім қабылданған. Оның ішінде 80,3 млрд теңгеге 6 905 өтінім мақұлданып, 5 521 өтінім бойынша 65,5 млрд теңге көлеміндегі сома берілген. Сонымен қатар, экономиканың басым секторларын 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстармен қамтамасыз ету міндетінің аясында ағымдағы жылдың 10 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, 112,7 млрд теңге сомаға үш банктің облигациялары сатып алынған.
Сөзінің соңында Ерболат Досаев отандық өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру бағытында Жеңіл автокөлік сатып алушыларды кредиттеу бағдарламасын іске асыру жалғасатынын айтты. Осы ретте биылғы жылдың екінші тоқсанында банктердің кейіннен жеке тұлғаларға жылдық 4%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға дейін мерзімге кредит беруі үшін 20 миллиард теңге көлеміндегі сомаға Қазақстан даму банкінің облигациялары сатып алынады.
Айта кетейік, базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті шешім биыл 3 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы уақыты бойынша 17:00-де жарияланатын болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру