Валюта бағамы: $ 386.05 428.25 5.84 ¥ 54.65

Көкөніс ауада да өседі

Ауыл шаруашылығы өркендеп, дамыған сайын фермер еңбегін жеңілдетуге, өнімділікті арттыруға арналған озық технологиялар да өндірісте өз орындарын таба бастады. Дақылдарды өсірудің осындай тиімді әдістерінің бірі болып табылатын аэропониканы елімізде енгізуде химик-зерттеуші, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Диас Тастанбековтің еңбегі зор.

Аэропоника және гидропоника – ежелден келе жатқан технология. Оны 1911 жылы ғалым А.Арциховский өндіріске енгізген. Бұл – топырақты пайдаланбай-ақ қоректік заттарды тамырға аэрозоль түрінде жеткізу арқылы өсімдіктерді ауада өсіру процесі. Бүгінде аталмыш технологияны су мен жер тапшылығын сезінетін көптеген елдер қолданады. Өнімді шығынсыз өсірудің мұндай баламалы шешімі АҚШ, Корея, Жапония, Сингапур, Израиль, Индонезия және Жаңа Зеландия­да кең тарап отыр.

Енді бұл әдісті біздің елімізде де пайдалану ұсынылуда. Өйткені, Елбасы өз Жолдауларында назар аударып жүргеніндей, Қазақ­станда да су ресурстары тапшы, сондықтан су үнемдеу технологиялары бізге аса қажет. Еліміздің барлық жері бірдей құнарлы емес, кей жерлер көкөніс өсіруге жарай бермейді. Оның үстіне су жетіспеушілігіне ұшырап отырған өңірлеріміз де бар. Осы өзекті мәселелерді көптен зерттеп-зерделеп жүрген жас ғалым Диас Тастанбеков аэропоника әдісін елімізде дамыту қажет деп есептейді. Ол озық тәжірибені Қазақстанда енгізіп, табиғи көкөніс өсіруге болатынын айтады.
– Барлық өсімдіктердің дамуы мен өсуі үшін бірнеше компоненттер: қоректік орта, су, жарық және ауа қажет. Аэропон әдісінің ерекшелігі сол, қоректік заттарды топырақ арқылы жеткізу міндетті емес. Бұны өсімдіктердің тамырына минералдармен байытылған суды бүрку арқылы тікелей жасауға болады. Бір сөзбен айтқанда, өсімдіктер ешқандай топырақсыз өсіріледі. Бұл әдіс көптеген елдердің шаруа қожалықтарында кеңінен пайдаланылуда. Біздің жағдайда өсімдіктерді осы әдіспен өсіру арқылы қаражатты, суды, жерді және энергияны үнемдейміз. Мысалы, бұл әдісті қолданғанда, су 10 есе аз жұмсалады. Бұл өз кезегінде бағаға әсер етеді, яғни, өндіріске жұмсалған шығынның азаюына байланысты өнімнің бағасы да арзанырақ болады, – деп түсіндіреді Диас.
Аэропониканың экологиялық пайдасы су мен энергияны үнем­деу­мен бітпейді. Аэропондық қон­дырғыларда өсірілген өнімдер таза әрі қауіпсіз болып саналады. Оттегіге еркін қол жеткізудің арқасында олар топыраққа егіл­ген өсімдіктерге қарағанда әлде­қайда жылдам өседі және жер­дегі зиянкестермен байланыста болмағандықтан, ауруларға да аз сезімтал келеді. Сондай-ақ пестицидсіз ортада – тәуекелдер де төмендейді. Егін шаң-тозаңсыз жиналады.
Осылайша, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңінде тізімге енген 18 ғалымның бірі Диас Тастанбеков көптен бергі ойын жүзеге асырып, еліміз үшін тың жобаны қолға алды. Ол серіктесі Арман Тосқанбаевпен бірге топырақсыз ортада тәп-тәуір өнім беретін жылыжай кешенін ашты. Дарынды жастар осы идеялары ар­қылы тұрғындарды таза табиғи өніммен қамтамасыз етуді, елдегі тамақтандыру орталықтарын, кафелер мен ресторандарды аэропонды құрылғымен жабдықтауды мақсат етті. Жас кәсіпкердің бизнес жобасы Bolashak Startup байқауында арнайы грантқа ие болып, қаржыландырылған екен. Сөйтіп, Қарағандыдан басталған жоба Алматыда жалғасын тапты. Аэро­понды жылыжай енді оң­түстік астанада да бар.
Аэропониканы гидропоника­ның кішігірім түрі деп атауға болады. Екі жағдайда да топырақ пайдаланылмайды. Бірақ, гидро­поникалық жағдайда өсімдіктің тамыры үнемі суда болады. Ал аэропоникада өсімдік тамырларын белгілі бір уақытта сумен бүркіп отыру қажет. Диастың айтуынша, топырақсыз ортада өнім өсіру қиын емес. Ол үшін тұқым тыңайтқыштармен және дәрумендермен қанықтырылған арнайы ерітіндіге орнатылады. Тамырларды сақтау үшін тұқымның тез өсуіне ықпал ететін арнайы орта жасалады. Аэропоника әдісімен өсірілгенде, жерді пайдаланудың қажеті жоқ, өйткені өсімдіктің тамыры ауада. Қалыпты өсу үшін оларға уақытында қоректік ерітінді шашылады. Осы арқылы өсімдік қоректік заттардың толық спектрін алады. Бұл жүйеде өсімдік автоматтандырылған тәсілмен өседі. Өсімдіктің тамырын вентиляциялау өсу процесін жылдамдатады. Оларды бірнеше қабатпен (көп ярусты) орналастыру арқылы кеңістік те үнемделеді. Яғни, дақылдар қатары көп орынды алмайды, адами ресурстар мен суды үнемдейді. Бұл ретте 1 шаршы метрден әжептәуір өнім алуға болады. Бастысы – өсімдікке қажетті орта қалыптастыра білу, бұл үшін жасанды жарық, көмірқышқыл газы, қоректендіргіш заттар болса, жеткілікті. Ал виртуалды агроном барлық процесті өз бетінше бақылап, жүйеге онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондықтан мұндай жүйені мүмкіндігі шектеулі адам да пайдалана алады. Жас кәсіпкерлер көкөністердің (базилик және рукола) алғашқы легін сатып та үлгерген. Дегенмен, олар өндірістік қуаттылыққа шығып, тәулігіне 30 кг көкөніс шығаруды жоспарлап отыр.


Қазіргі уақытта «Akyl-D ком­­па­ниясы» ЖШС-нің аэро- және гидропоникалық қондыр­ғыларды өндіру бойынша директоры қызметін атқаратын Диас Тастанбеков аэропоника әдісімен экологиялық таза көкөніс өсіру және оны сату, мектептерді гидропоникалық өсімдіктермен және оларды пайдалану әдістерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ оқыту курстарын жүргізу бағытында тынбай еңбектенуде.
– Біз әзірлеген сити-фермер­лік бағдарлама өсімдіктерді топырақсыз өсіру әдісін оқытуды теориялық және практикалық тұрғыда қамтиды. Тәжірибемен қанықтырылған курстар қаты­сушының үздіксіз білім алу мүм­кіндігін кеңейтіп қана қой­май, бақыланатын ортада өнімді өсі­рудің топырақсыз жүйесі туралы нақты көріністі ұсынады. Оқыту аяқталған соң өсірудің бүкіл процесі мен шарттарын меңгерген қатысушы өз қалауы бойынша гидропонды қондырғы құрастыруына болады, – дейді ол.
Іздемпаз тұлға құрған Zertis компаниясы гидропонды құрыл­ғыларды орнату, гидропоника әдісін оқытумен айналысады. Компания ауыл шаруашылығына көкөністі жыл бойы өсіруге мүмкіндік беретін гидропонды жүйелерді өндіруде. Сонымен бірге, аэропонды құрылғылармен мектептерді жабдықтау қолға алынып, соның арқасында балалар жаңа технологияларды тікелей мектепте оқып-білуде.


– Қазірде біз Астана, Қа­ра­ғанды және Жезқазған қала­ларында үш мектепті аэропонды қондырғыларымен жаб­дықтадық. Енді балалар өсім­діктерді топырақсыз өсіруді үйренуде, сонымен қатар биологияны зерттейді. Алынған білім болашақта оларға пайдалы болады. Өйткені, бұл арқылы балалар прогрестен кенже қалмай, жаңа аграрлық технологияларды мектеп қабырғасынан бас­тап меңгереді. Мұны аграрлық сектордағы цифрландыру деп атауға болады. Егер оқушы робототехникамен айналысқысы келсе, бұл да баланың қалауына сай келеді. Өйткені, бұл пәнаралық бағыт, өнімді өсіру процесін автоматты түрде басқару болып табылады, – дейді жаңалыққа құштар азамат.
Талантты жас, қоршаған ор­таны қорғауға бағытталған бі­ре­­гей жобалардың авторы, «Қа­зақ­станның 100 жаңа есімі» жоба­сының жеңімпазы Диас Тас­танбеков биыл жарияланған Жас­тар жылы жас ғалымдар үшін же­місті болады деп санайды.
– Әрине, кәсіби тұрғыдан мен үшін Елбасының жас ғалымдарға гранттар беру бастамасы қызық­тырды. Менің ойымша, бұл технологияларды коммерцияландыру гранты болып табылады. Бүкіл әлемде білікті және моти­вацияланған адамдардың кішігірім тобы алыптармен бәсекелесе алатыны белгілі. Мұның жарқын мысалы Герман Саймонның «Жасырын чемпиондар» кітабында сипатталған немесе SpaceX пен NASA-ның ұстанымдарын еске түсіруге болады. Жаңа технологияларды дамытуға, оларды коммерцияландырып, алынған ресурстарды өздерінің болашақ әзірлемелеріне жұмсауға, өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетті көп салалы зерттеу орталығы – қоғам өркендеуіне ықпал ететін бірден-бір құрал, – дейді Диас.
Жобаларының тиімділігі тәжі­рибеде ақталып, өз қажет­тілігін танытып жатса, ғалым үшін бұл – биік белес, жаңа жеңістерге жетелейтін баспалдақ. Ғылыммен бірге тыныстаған жас зерттеуші осы жолмен алға адымдап келеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру