Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Автожолдар желісі жетілдірілуде

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Озық технологияларға иек артатын жиырма бірінші ғасырдың қарыштап дамыған ғылымы мен техникасы кең-байтақ қазақ жерінің асты мен үстіндегі қымбат қазынасына тағы бір таралығылы тартуды сыйға тартты. Алтай мен Атырау арасындағы шаңдағы шыққан айшылық алыс жол бұрындары ілгері басуымызға кедергі болып келген-тін. Тақтайдай асфальт таспасы шақырымдап емес, қадамдап төселетінін әрі жыл сайын жамап-жасқап отыруды қажет ететіндіктен ай­мақтардың шаруашылық байланыстары шатқаяқтап тұрған-ды. Ал, қазіргі жол салатын құрал-саймандар мен әдіс-тәсілдердің жетілдірілуі арқасында өндіріс үдерісі шапшаңдаумен қатар оның құны да әжептәуір кемігені, шағын бизнеске жол ашылғаны елдің транзиттік әлеуетін қоғамды қозғаушы ұстындардың біріне жатқызуға мүмкіндік береді.
Алыс болашаққа бағытталған «Қазақстан-2050» Стартегиясында жалпы инфрақұрылым, оның ішінде көлік транзиті туралы егжей-тегжейлі айтылған, инфрақұрылымды екі бағытта дамыту: ұлттық экономиканы жаһандық ортаға кіріктіру, сонымен қатар, ел ішінде өңірлерге қарай қадам жасау қажеттігі атап көрсетілген, Қазақстан шегінен тыс өндірістік көліктік-логистикалық объектілер құру үшін елден сыртқа шығуға назар тіктеуге көңіл бөлінген. Бұл мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» атты арнайы бағдарлама әзірленбек. Бүгінде алдағы, 2020 жылы еліміз арқылы транзиттік тасымалдауды жобалық кезеңмен салыстырғанда екі есе ұлғайтатын бірқатар ірі жалпыұлттық инфрақұрылымдық шаралар іске асуда. 2050 жылға қарай бұл цифр он есе ұлғаюға тиіс. Осының бәрінің көздейтіні – экспортымызды тек өз өніміміз бен қызметтерімізге деген ұзақ мерзімді сұраныс болатын әлемдік нарықтарға қарай жылжыту. Өткен жылдар ішінде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы мен тыныс-тіршілік инфрақұрылымының ірі стра­тегия­лық объектілері – автомобиль және темір жол ма­гистральдары, құбыр жолдары, логистикалық орта­лықтар, терминалдар, әуежайлар, вокзалдар, порттар іске қосылды, сөйтіп, біз өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіне кіріктік. Соңғы кезеңде автомобиль жолдары саласын дамытуға 1 263,1 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылдар ішінде ор­тақ пайдаланудағы 48 мың шақырымнан астам жол, сондай-ақ 1100 шақырым теміржол салынып, қайта құрылды. Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральдік көлік дәлізі салынып, Жаңа Жібек жолы жаңғыртылуда. Жуырда қолға алынған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Астанадан төрт тарапқа – шығыс, батыс, оңтүстік пен солтүстікке қарай жаңа жолдар салынады. Қызылжар бағытына шығатын жолдың Солтүстік Қазақстан облысының орталығына дейінгі бөлігі салынып бітіп, қазір Ресей шекарасына қарай жол жөндеу жұмыстары басталған. Ал, Орталық Қазақстанда Астанадан Теміртауға дейінгі жол аяқталды, қазір Теміртаудан Қарағандыға дейінгі аралық қолға алынған. Одан соң Балқаш пен Қапшағай арасындағы жолдың құрылысы басталады.
Автожол құрылысына қатысты әріптестеріміз келтірген осындай көңіл көншітерлік цифрларды көлденең тарта отырып, алда тұрған көл-көсір тірліктің бір парасына өзім көріп, көңілге түйген мына бір жәйт­ті тілге тиек ету арқылы тоқтала кеткім келіп отыр. Өт­кен күзде Торғай өңіріне жол түскенде, Арқалықтан Ырғызға дейінгі жол жөндеу жұмыстарының Торғай қаласына жетіп қалғанын көріп, облыс басшыларының бұл шаруаның биылғы, 2019 жылы бітетіні жөніндегі тұжырымына құлақ түрген едік. Бұл Нұр-Сұлтан қаласынан Батыс Қазақстанға баратын, әзірге жоба күйінде қалып отырған төте жолдың бір пұшпағы. Айдынды Атырау өңіріне жету үшін халық қазір амалдың жоқтығынан Қостанайды басып өтіп жүр. Кезінде қағазға түскен, Нұр-Сұлтаннан Арқалық және Ырғыз арқылы өтетін төте жолдың соңғы, Торғайдан кейінгі бөлігі қаражат жағы қиын болғандықтан, 2020 жылдарға шегеріліп отыр. Ал, тілге тиек етіліп отырған батыс өңірде Бейнеуден Ақтауға баратын жол құрылысы бітуге таяу, ары қарай, Ақтөбеден Атырау мен Астраханға шығатын жолдың құрылысы басталады. Бұрын Қызылорда мен Ақтөбе облысының арасындағы Арал мен Ырғыз елді мекендеріне жететін жолдың аты ғана болған, ал Қарабұтақ елді мекені мен Ырғыз арасындағы жол соның о жақ бұ жағында-ты. Енді «Нұрлы жол» аясында салынған Батыс Еуропа–Батыс Қытай дәлізі бойындағы осы жолға жан бітіп, ақпарат құралдарының деректеріне қарағанда Қызылорда мен Ақтөбе облысының арасындағы тауар айналымы әп-сәтте 30 пайызға артыпты.
Экономика тақырыбын қаузап жүрген журналис­тердің жазуынша, бұл ретте тауар айналымы ғана өспейді, мұндай жаңа жол жаңа бизнеске бастайды. Батыс Еуропа–Батыс Қытай жобасының 600 шақырымы «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында салынғанын, бұл жобаның бес облысты басып өтіп, жүздеген елді мекеннің жолын жақсартқанын, енді соның аясында Ұзынағаш қаласынан Отарға дейінгі 90 шақырым бірінші санатты төрт жолақты жолға айналатынын айтып өткен қаламдастар Қытай шекарасынан бастап, Қызылордаға дейін төрт жолақты кең автобан болатынын қуанышпен хабарлайды. Өйткені, тақтайдай жолдың тағы бір пайдасы тұрғылықты халыққа қосымша табыс көзі болуында. Жолдар жақсарған соң, оның бойынан жаңадан жиырма шақты кешен ашылғанынан, оның ішінде Қызылорда облысында Қорқыт Атаның мемориалы сынды тарихи орындар да бар екендігінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ел жұртшылығы хабардар бола отырып, сол жерде жаңадан үлкен қызмет көрсету кешені іске қосылғанын, онда қонақ үй, асхана, автотұрақ, жанармай құю бекеті, техникалық қызмет көрсету пункті сияқты сервистік нысандар бар екендігін естіп-білді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру