Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Наурыз – береке-бірліктің бастауы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық Наурыз мерекесі тойланды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдық мерейтойына және Тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыруға арналған дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшылары, көрнекті қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Шараны өткізудегі мақсат – нау­рыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлт­тық дүниетанымын, ұлттық киімін, тамағын, ұлттық ойындарын насихаттап, көрсету. Наурыз – жыл басы. Бұл мереке – қазақ халқы үшін береке-бірліктің, ел-жұрт, ағайын-туыс арасындағы татулықтың, жаңарған тіршіліктің ұлы символы. Күн мен түн теңеліп, жер ана бусанып, тіршілік түлейтін Ұлыстың Ұлы күні! Наурыз мейрамы жылына бір рет болатындықтан, оған халық мұқият дайындалып, осы күні наурыз көже асылып, жұрт бар жақсыларын киіп, бір-біріне игі тілектерін айтып, бата беріскен.
Салтанатты мерекелік рәсім ал­дымен алма бағын отыр­ғызудан бас­талды. Студенттер сарайының алдындағы әл-Фараби алаңында «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласының желісі бойынша және университеттің көркем ұжымы дайындаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты музыкалық-театрландырыл­ған қойылым өтті. Бағдарлама­да қазақ даласының ұлы жетістіктері: атқа міну мә­дениеті, ежелгі металлургия және аң стилі, Алтын адам және Ұлы Жібек жолы, Қазақстан Түркі әлемінің бесігі ретінде – ұлы ойшылдар мен ғалымдардың, алма мен қызғалдақтың отаны екені көрсетілді.
Университет аумағында 25 киіз үйден тұратын этноауыл бой көтерді. Мереке қонақтары мен қатысушылары ұлттық тағамдар мен дәстүрлі наурыз көжеден дәм татып, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысып, қазақтың салт-дәстүрлері – «Тұсау кесу», «Шашу», «Қыз ұза­ту» және басқа да ойындарды тамашалады. Сонымен қатар, кітап жәрмеңкесі, мерекелік сауда және қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары көрсетілді.
Ырыс пен ынтымақтың, тату­лық пен бірліктің символына айналған мерекені асыға күтетін болдық. Тіпті өзге ұлт өкілдерінің алтыбақан теуіп, ұлттық сусыннан дәм татып жатқандарын көргенде, көп ұлтты, пейілі кең, көңілі дархан еліміз жиған-тергенін тек тойға беретін текті халықтың ұрпағы екенімізді тағы да бір дәлелдей түстік деуге болады. Тамыры терең кенен тарихы бар егемен еліміздің белді оқу ордасы жасампаз мерекені ұлан-асыр той жасап қарсы алды.
Иә, киелі өнердің керуенін алға сүйреп келе жатқан оқу ордасының жастарға берері әлі мол. Ұлы да­ланың жеті қыры жастармен бірге одан әрмен жаңғыра түспек. Наурыз – барша түркі халықтарының мүшел есебі бойынша жылдың басы. Тіршіліктің жанданған шағы. Сондықтан да, қазақ халқы қытымыр қыстың қымтауынан аман-есен шыққанына ұлан асыр той жасап, наурыз көже берген. Бұл күні еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін ауыл-ауылды аралап, амандық сұрасқан. Ұлыстың ұлы күні жас бала Қыдыр атадан бата сұрап тайға мінсе, бозбала мен бойжеткен ақ батамен шаңырақ көтерген, ат шаптырып, құс салып, Ұлы даланың ұлылығы ұлықталған күн болатын.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру