Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Келешегі кемел ел ғана жастар ісіне мән береді

Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениет университетінде «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференция өтті. Өзгерістерге толы кезеңде жастар бойында патриотизм сезімін күшейту, ел дамуына қосар үлесін арттырып, жақсылыққа жұмылдыратын жігерлі күш әрі ұлттар ынтымақтастығына ұйытқы, мемлекет тұтастығына кепіл болатын жасампаздығын қалыптастыру мақсатында өткен халықаралық конференцияға Египет, Түркия, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикаларының білікті ғалымдары қатысты.

Шараның ашылу рәсімінде ең алдымен Қазақстанның және Египет мемлекетінің әнұраны орындалды. Нұр-Мүбарак уни­верситетінің оқу-әдістемелік басқарма басшысы Жалғас Сандыбаев пен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ислам ілімдері факультетінің деканы Мұхаммед Хаттаб жүргізген конференцияның ашылу салтанатында алғашқы болып ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов сөз алды. «Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті уни­верситеті» – жас университет және жастардың сүйікті оқу ордасы. Біз Елбасының бастамасын қолдай отырып, жас­тарға сенім артпақ ниетпен «Жас­тардың қоғам дамуындағы рөлі» атты халықаралық конфе­ренцияны өткізіп отырмыз. Жо­ғары білімді кәсіби мамандар даярлап отырған оқу орнына алдағы уақытта да мемлекет тарапынан көмек көрсете береміз. Қоғамдағы бүгінгі көп сұрақтар білімсіздіктен туындап отыр. Қазірдің өзінде теріс үгіт-насихаттың құрбанына айналып, Сириядан бір-ақ шыққан 300-ден астам отандасымыз өз еліне қайтуға ниет етіп отыр. Қайтып келгеннен кейін де олардың ой-санасын қалыпқа келтіру, қоғамға қайта бейімдеу қажырлы еңбекті талап етеді. Осы орайда біз Нұр-Мүбарак университетінің ұстаздары мен студенттеріне, теолог мамандарға, исламтану білгірлерінің көмегіне арқа сүйеп, иек артамыз», деді.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жас­тардың дінге бет бұруының маңызы зор екендігін атап өтті. «Жастық шақтың әр сәті алтынға да, жауһарға да, кез келген асылға да айырбастауға келмейтін, қайталанбайтын өте құнды уақыт. Мүмкіндікке бай маңызды кезеңді қалай пай­даланасыңдар, сол көзқарас, сол ұстаным мемлекеттің, елдің болашағына сөзсіз әсер ететін болады. Жастық шақ – аспанда бір жарқ етіп жоқ болатын жұлдыз секілді кезең, осыны дұрыс пайдаланыңдар. Бұл шақ туралы дінімізде де жан-жақты, керемет айтылған ойлар бар. Ол білімге ұмтылу, оқу, іздену, көкірекке түю секілді өзі үшін де, өмір сүрген ортасы үшін де пайдалы мақсаттарға жұмсалуы тиіс» — деді Бас мүфти.
Египет Араб Республикасы уақыптар вице-министрі Ас-Сеид Хусеин Абдулбари отанды қорғау дінді қорғаудан да жоғары тұратынын, жастардың бойында, әсіресе, отансүйгіштік қасиет басым болуы керектігін, мемлекет мықты болса, діннің де ары қарай өркен жаюына мүмкіндік туатындығын тілге тиек етті.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммад Аш-Шаххат ал-Жинди, Қазақстандағы БҰҰ Қоғамдық ақпарат бюро жетекшісі Абдурахим Мухидов, Өзбекстан Халықаралық ислам академиясының ректоры, профессор Шухрат Евкошев, Халықаралық Кувейт университетінің ректоры Асан Ормушев, ERCIYES университеті, PһD докторы Юнус Апайдын, Қ.А.Ясауи атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, про­фессор Досай Кенжетай сияқты білікті дін мамандары баяндама жасап, қоғам мен жастар мәселесіне байланысты өрбитін келелі әңгімені кон­ференцияның екінші бөлі­міндегі пленарлық мәжілісте жал­ғастырды.
Қазақ, орыс, ағылшын, араб, түрік тілдерінде өткен конференция барысында отансүйгіштік – ұлттық-рухани құндылық, жастар және бүгінгі қоғам, дін және жастар, исламтану және араб филологиясының өзек­ті мәселелері де кеңінен тал­қыланды.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың сарабдал саясатының жемісі ретінде, еліміз түрлі этностар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруінің өзіндік моделін қалыптастырды. Бүгінгі күні әртүрлі дін өкілдері бір-біріне құрметпен қарайды. Себебі қоғам әуел баста ізгілікке бейімд елген, адамзаттық ортақ құндылықтарға негізделген. Міне, бұл Қазақстандағы рухани кеңістіктің жарқын жеңісі.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру