Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Экономикалық бірегей жобалардың берері көп

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Маңғыстау облысының ұлттық экономикаға қосқан үлесіне тоқталып, облыс – әуе, авто, теміржол, паром және теңіз көліктік желілерін біріктіріп отырған ірі көліктік-логистикалық орталыққа айналғанын бірнеше рет атап өткен болатын. Соның ішінде халықаралық әуежай, «Жезқазған-Бейнеу», «Өзен –Түркіменстан шекарасы» теміржолдары, «Атырау – Ақтау» тасжолы, Ақтау заманауи теңіз порты және Құрық паром кешені бар. Бұл жобалар өңір экономикасы дамуына үлкен ықпал етуде.

Маңғыстау облысы – елдің жалпы ішкі өнімінің 6,0%-ын құрап отырған өңір. Облыста мұнай өндіру және мұнай сервистік қызмет – негізгі және дәстүрлі экономикалық дамудың салалары болып қалып отыр. Агроөнеркәсіп кешені, логистика және құрылыс салаларында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр, туристік саласы дамуының да әлеуеті жоғары. Индустрияландыру картасын жүзеге асырудан бастап облыста 42 жоба іске қосылды және 392 млрд теңге көлемінде тікелей инвестициялар тартылды. Қазіргі таңда жүзеге асырылу үдерісінде 418 млрд теңге инвестициямен 89 жоба бар. 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс бойынша Маңғыстау облысы ел ауқымында екінші орында тұр. Үлес 10,7 пайызды құрады. Бұл ел бойынша Атырау облысынан кейінгі екінші көрсеткіш.
Қазіргі таңда ішкі туризм Ақтау қаласының өзіне дамуға серпін беруде. Бұл шаһардың қазақ­стандықтар арасында жыл­дан жылға сұранысы артып келеді.Теңізге шығу, тарихи ес­керт­кіштердің көптігі сынды геогра­фиялық артықшылықтар және облыстың мәдени ерекше­лік­терін ескере отырып, бұл саланы жалпыұлттық ерекшелік ретінде, халықаралық мәнде дамыту қа­жет. Бұл туралы «Ата­мекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев былтыр өңірге келген жұмыс сапары барысында айтқан болатын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының басшысы өңірде медициналық туризмді де дамытуға болатынын айтты, өйткені оған қажетті жағдай бар. Мәселен, облыста бүкіл ел бойынша жоқ аурухана салынды. Енді жақсы сервис пен менеджментті жолға қою ғана қалды.
Туризм саласы Үкіметтің жобалық алқасына «олимпиа­далық трассаның» алты негізгі басым­ды­ғына енді. Туризм сондай-ақ, 2022 жылға дейін Ұлттық экспорт стратегиясына енді, бұл стратегияға респуб­ликадағы 7 өңірден 60 нысан енді. Әкімдіктер туризмді дамыту жұмысына белсенді жұмыл­дырылған, барлық өңір­лерде Туризмді дамыту бойынша жол карталары құрылған, жалпы жақын жылдарға инфра­құ­ры­лымды дамытуға шамамен 140 млрд теңге бөлінген.

Айжан ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру