Валюта бағамы: $ 389.98 434.01 6.1 ¥ 55.04

Биыл бидай өндірісінен не күтеміз?

Наурыз айының ортасында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осы жылғы наурыздың орта шеніне ағымдағы маркетингтік маусымның басында қазақстандық өндірушілер шет елдерге 5,8 млн тонна дәнді дақылдар жөнелтті. Сонда ол маркетингтік жылдың соңына дейін экспортқа тағы 2,2 млн тонна қазақстандық бидай шығарылады деп болжаған еді, деп хабарлайды kursiv.kz сайтынан.

Өткен аптаның бейсенбісінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева KazGrain 2019 конференциясының аясында ағымдағы маркетингтік жылдың соңына (бұл шілдеде аяқталады) дейін Грузияға, Әзірбайжанға және Иранға жалпы ауқымы 2 млн тонна өнім жеткізу жоспарлануда деп мәлімдеген болатын. Ал, сол конференцияда «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарушы директоры, басқарма мүшесі Сәбит Қашқымбаев ағымдағы маркетингтік, 2018-2019 жылдардағы, маусымда қазақстандық өндірушілердің дәнді дақылдарды экспорттауының көлемі 10 миллион тоннадан асып жығылады, деп хабарлады.
Нақтылай түссек, «Болжам мы­­на­дай: ағымдағы маркетингтік жы­лы бидай мен ұнды экспорттау 10,5 мил­лион тоннаны құрайды», – деді Қашқым­баев еліміздің басты қаласында өтіп жатқан KazGrain 2019 форумы барысында.

Көктемгі егіс  жұмыстары басталды

Ал дәл сол күні ҚР Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің Баспасөз қызметі көктемгі егіс жұмыстары республикамыздың оңтүстігінде басталып кеткенін жариялаған еді. Онда: «Еліміздің оңтүстік өңірлері (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары) көктемгі егіс жұмыстарын бастады. Бұл туралы Түркістан облысы Ордабасы ау­данындағы «Рамазан Агро» ЖШС-нің егістік алқабында өткен брифинг барысында айтылды. Іс-шараға «Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдігінің, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық ассоциациялар мен кәсіподақ жетекшілері қатысты» делінген.
Облыс әкімдіктері ауыл шаруашы­лығы басқармаларының алдын-ала мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,3 млн.га жерге орналастыру жоспарланған, бұл өткен жылғыдан 1,3% артық. Қазіргі уақытта егістік жерлерді тиімді әртараптандыру жүргізілуде, бұл бидай, суармалы егістік жерлердің азаюына және бос жерлерді игеру есебінен майлы, дәнді дақылдар, жем­дік дақылдар, бұршақ, жемшөп дақылдар сияқты бәсекеге қабілетті сұра­нысқа ие ауыл шаруашылығы дақыл­дарын кеңейтуге мүмкіндік бермек.
«Осылайша, ағымдағы жылы 2018 жылмен салыстырғанда сұранысқа ие егістік алқаптары: арпа және жүгері астық – 57,2 мың га, қант қызылшасы – 2,6 мың га, жемшөп дақылдары – 654,1 мың га артады» деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, 2019 жылдың 1-қаңта­рынан бастап сатып алу норма­лары бойынша элиталық тұқымдар мен бірінші репродукциялы тұқымдарды субсидиялауды көздейтін тұқым шар­уашылығын субсидиялаудың жаңа схемасы енгізілген. Бұл ретте тұқым­дар көктемде төлемсіз тұқым шаруа­шылықпен немесе АШТӨ іске асы­рушымен жіберіледі, ал олардың шы­­ғындарын облыс әкімдігі өтейді (100%).
Шындығында да, бұл жаңалық жергілікті фермерлер көңіліне үлкен үміт ұялатып отыр. Төлем ауырт­па­лы­ғын облыс тарапынан көрсітелер қолдау көтерер болса, әрине, жергі­лікті шағын шаруашылықтар да ең­сесін көтеріп-ақ қалар еді.
Тұқым шаруашылығын субсидия­лау­дың жаңа механизміне көшудің негізгі мақсаты – ауылшаруашы­лық тауар өндірушілеріне (АШТӨ) көк­тем­де тұқым сатып алу, уақытылы сорт­ты ауыстырулар мен сортты жаңартуларын алу үшін айналым қаражатының жоқтығы мәселесін шешіп беру. Сондай-ақ, бөлінген бюджеттік қаражаттарды тиімді пайдалану және тұқым шаруашылығы субсидиялаудың бағдарламасымен ауыл шаруашылығы тауар өндіруші­лерді 100% қамтамасыз етеді екен. Бұл да әжептәуір қомақты қолдау емес пе?
Облыстық әкімдіктердің мәлімет­тері бойынша, 1 сәуірдегі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы 91%, себу кешендерінің дайындығы 100%, тұқым сепкіштердің дайындығы 91%, топырақ өңдеу құ­ралдарының дайындығы 93%-ды құрапты. Демек, диқандар қауымы іске тыңғылықты әзірлікпен кіріскен.

АШТӨ-ні субсидиялауға қомақты қолдау көрсетілмек

Бұл жерде мына мәселеге де тоқ­тала кеткен абзал. Машина-трак­тор паркін жаңарту проблема­ларын шешу үшін қолда бар ресурстарды (субсидиялардың тиімсіз түрлерін азайту арқылы) қайта бөлу жоспар­лан­ған, бұл өндіруші елге байла­нусыз АШТӨ сапалы және заманауи техникаларға қол жеткізуін қамта­масыз етуге бағытталатын болады, дейді мамандар.
Осылайша, отандық және шетел­дік өндірістің техникасы инвес­ти­циялық шығындарды субси­дия­­лау бағдарламасы шеңберін­де (теңге­рімнің мөлшері ауылшаруашы­лық техникасының құнынан 25%-ды құрайды) бірдей шарттармен субсидияланатын болады. Сонымен бірге жергілікті бюджет қаражаты есебінен субсидиялау стандарты аймақтық әкімдіктермен (35%-ға дейін) дербес түрде көбейтілуі мүмкін.
Бұдан басқа, АШТӨ үшін ауыл шаруашылығы техникасы лизингін қаржылық қолжетімділігін қамтама­сыз ету мақсатында, кредиторға аванс­тық төлем, сатып алған техникалар бой­ынша алғашқы жарнасы ретінде, ин­вестициялық субсидияны аудару мүмкіндігі қарастырылған.
Осы қолдау шараларын бірте-бірте ұлғайту, 2021 жылға дейін агра­рийлердің ауыл шаруашылық техникасы мен жабдықтарын сатып алуға инвестициялар көлемін 100 млрд. теңгеден 240 млрд. теңгеге дейін жеткізу және 2021 жылға қарай жабдығын жаңартудың минималды технологиялық деңгейін 2%-дан 6%-ға дейін қамтамасыз ету де жоспарлануда.
Энергетика министрлігімен келі­сімі бойынша наурыз-маусым айла­рында 380,0 мың тонна дизель отыны бөлінді (2018 жылы 375,0 мың тонна). Егіс алқаптардың көбеюін ескере отырып, қосымша аймақтарға 5,0 мың тонна дизель отыны бөлінді. Аймақтарға отын бекітілген кестеге сәйкес жеткізіледі. Энергетика минис­трлігі операторлардың жеткізілімін ескере отырып, зауыттан 160 теңге/литр (193,0 мың теңге/тонна) бағасын белгіледі, өңірлердегі орташа баға 176 теңге/литр болады, бұл нарықтық бағадан (жанар-жағар май құю стан­циясы – 195 теңге/литр) 10 пай­ызға арзан.
Агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілерін 2019 жылы «Кең Дала» бағдар­ламасы бойынша несиелендіру үшін 60 млрд. теңге бөлінді, соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы ставкасы жылдық 7%-дан аспайды. Аграрлық несие корпорациясы https://qoldau.kz порталы арқылы өтініштерді қабылдайды. Ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілерді несиелен­діру несие серіктестіктері арқылы 13 млрд. теңге, екінші деңгейлі банк­тер 14 млрд. теңге және тікелей несие беру – 33 млрд. теңге («АНК» АҚ фи­лиал­дары арқылы) жүзеге асыры­лады. Бұл бөлу шартты болып табы­лады, себебі өтінімдерді алуға қарай қар­жыландыру қамтамасыз етіледі.
«Айта кету керек, ағымдағы жыл­дың 1 сәуірінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыста­рында 379,3 мың гектарға егістік егілді, жоспар 1713,2 мың гектар немесе 22,1% орындалды. Сонымен бірге масақты дақылдар 196,6 мың гектарға, майлы дақылдар – 52,7 мың гектарға, көпжылдық шөптер – 72,3 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары және картоп – 57,4 мың гектарға, қант қызылшасы – 0,3 мың гектарға егілді», деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінен.

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру