Валюта бағамы: $ 389.59 429.06 6.05 ¥ 55.07

Инфляция мақсатты дәлізде сақталады

Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев әлеуметтік қолдауға арналған қосымша қаражаттың бөлінуіне байланысты шығыстарды ұлғайту – инфляциялық үдерістерді жеделдетуге айтарлықтай әсер етпейтіндігін айтты.

2019-2021 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет өзгерістерінің өлшемдері ағымдағы жылы жеке макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарауға негізделген. Парламент Сенатының жалпы отырысында Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев бұл өзгерістерді қар­жы реттеу­шісінің келіскенін және мақұлдағанын атап өтті. «Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуін жал­ғастырады. Ұлттық банктің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты – инфляцияны 4-6% дәлізде ұстап тұру. Жылдық инфляция биылғы наурызда өткен жылдың соңындағы 5,3 пай­ызбен салыстырғанда 4,8 пайызға дейін төмендеді», – деп хабарлады Е.Досаев.
Бас банкир әлеуметтік қолдауға арналған қосымша қаражаттың бөлінуіне байланысты шығыстарды ұлғайту – инфляциялық үдерістерді жеделдетуге айтарлықтай әсер етпейтіндігін атап өтті. Бағалауға сәйкес, инфляция ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша нысаналы дәліз шегінде сақталады. Базалық мөлшерлеме ақша-несие саясатының негізгі құралы болып қалады. Ұлттық банк мөлшерлеменің деңгейін елдегі нақты және күтілетін инфляцияның мөлшерлеріне, төлем теңгерімінің жай-күйін анық­­тайтын сыртқы факторлар­ға, сондай-ақ эко­номикалық даму­ды қолдау қажет­тілігіне қарай белгілейді. Ол 4 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде қалдырғанын еске салды. «Біз ин­фляциялық көрсеткіштерге қол жеткізу мен экономиканың өсу қар­қынын сақтап қалу теңгеріміне бағытталған базалық мөлшерлеме бойынша саясатты жалғастыруға ниеттенеміз», – деді Ерболат Досаев.
Валюта нарығында жағдай тұрақ­ты болып қалуда. Биыл жылдың басынан бастап 2 сәуір аралығындағы кезеңде теңгенің айырбастау бағамы 1,2%-ға нығайды. Айырбастау бағамы еліміздегі төлем теңгерімі жағдайы­на, яғни шетел валютасының ел нары­ғына түсімі мен кетуінің теңгерімі­не байланысты. Қаржы реттеуші­сі басшысының түсіндіруінше, бұл сырт­қы күйзелістерді барынша азай­туға және экономикамыздың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін сақтауға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк төрағасы былтыр төлем теңгерімінің ағымдағы шо­тының айтарлықтай жақсаруы бай­қалғанын атап өтті. Тапшылық 2017 жылғы 5,1 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда 0,1 млрд АҚШ долларын құраған. Теңгенің өзгермелі айырбастау бағамы саясаты алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. 1 наурыздағы жағдай бойынша Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 29,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 59,0 млрд АҚШ доллары көлемінде болып, жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд АҚШ долларын құраған.
Мемлекет басшысы қойған міндет­терді орындау шеңберінде эконо­микалық өсуді және ұзақмерзімді кредиттеуді қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларды іске асыру жалғасын табады. Е.Досаев атап өткендей, «7-20-25» бағдарламасын іске асыру аясында биылғы 30 наурызда ипотекалық кредиттер алуға 125,4 млрд теңге сомаға жалпы саны 11 021 өтінім берілген. Оның ішінде 75,2 млрд теңге сомаға 6 450 өтінім мақұлданып, 60,4 млрд теңгеге 5 085 қарыз берілген.
Экономиканың басым салаларын кредиттеу үшін 600 млрд теңге сомаға банктердің ұзақмерзімді өтімділікті игеруі бойынша шаралар қабылданатын болады. 7% мөлшерінде субсидиялауды ескере отырып, қарыз алушылар үшін кредиттер бойынша түпкілікті мөлшерлеме 8%-дан аспайды. Агроөнеркәсіп кешеніне 200 млрд теңге, ал өңдеуші өнеркәсіпке 400 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінетін болады. Ұлттық банк басшысы шағын және орта бизнес жобаларын кредиттеуге кемінде 100 млрд теңге жұмсалатындығын айтты. Сондай-ақ отандық автокөлік сатып алушыларды 5 жыл бойы кредиттеу бағдарламасын іске асыруға 100 млрд теңге қарастырылуда. Биыл бұл бағытқа 20 млрд теңге бөлінетін болады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру