Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Атом энергиясы денсаулыққа қызмет етеді

Отандық ғылым ядролық технологиялар арқылы онкологияны, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтайтын тың әдістерге ден қойды. Ядролық медицинаның жаңа бағытына физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика мамандығының PhD докторы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Серік Нұркенов жол салған. Еңбегімен елге танылған білікті маман «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздарының бірі болды.

– Серік Амангелдіұлы, өзіңіз ашқан ядролық медицина саласындағы жаңашылдық туралы айтып берсеңіз. Бейбіт атом адам ағзасындағы өзгерістерді қалай анықтайды?
– Елбасы елімізде онкологиялық орталықтарды дамыту, оларды озық үлгілерге сай технологиялармен жабдықтау мәселесіне ерекше амән беріп келеді.

Өйткені, аурудың алдын алу, дәл және дер кезінде диагностикалау – ел тұрғындарының денсаулығын сақтаудың маңызды бөлігі болып табылады. Осы ретте медициналық физика саласындағы тың амал-әдістер ауруды ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік береді. Томотерапия, тераностика, протон терапиясы – онкологиялық аурулармен күресудегі перспективалы, инновациялық әдістер және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Біз жүзеге асырып отырған бағыт – позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография арқылы дәрігерлер науқастың қай жерінде қандай ісік барын ерте кезеңде байқай алады. Біз жасап-жетілдіріп жатқан бериллий негізіндегі жаңа термотөзімді нано-жабындылар ядролық медицина, ғарыштық және ядролық энергетика саласында маңызды практикалық қолданысқа ие. 2009 жылдан бастап Республикалық диагностикалық орталықтың – қазіргі Назарбаев Университетіне қарасты «University medical Center» ядролық медицина бөлімінде еңбек еттім. Қазақстандағы ал­ғашқы медицина физигі ретінде онкологиялық, кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеу тиімділігін бағалау, сондай-ақ емдеу әдістемесін өзгертуге себеп болатын метастатикалық зақымдарды анықтау мақсатында иондаушы сәулелердің ашық көздерін қолдана отырып, диагностикалық зерттеулерді жүзеге асырдық. Мысалы, радиоактивті сипаты бар зат­тар ағзаға енгізілгеннен кейін физиологиялық және патологиялық процестерге қосылады. Бұл онко-процестерді – ісік жасушаларын ең ерте кезеңінде жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жоғары дәлдіктегі және ақ­параттық позитронды-эмиссионды томография/компьютерлік томография зерттеулері, яғни ядролық медицина бағыты Қазақстанда 2010 жылдан жасала бастады. Бүгінде еліміз бойынша 17 мың адам біздің әдісіміз бойынша зерттелді. Бұл дегеніңіз – құтқарылған мыңдаған адамның өмірі деп білемін. Егер науқаста аурудың белгілеріне қатысты күдік болып жатса, бұл томография тегін жүргізіледі. Облыстар мен аудандардан бағыттама бойынша жіберілгендер томографиядан тегін өтеді. Қазіргі күні елордада зерттеу жүргізетін екі орталық бар.


– Естуімізше, медициналық физика саласында студенттерді даярлаған екенсіз. Шәкірттеріңіз осы тәсілдер бойынша алған білімдерін тәжірибеде қалай жалғастыруда?
– 2011 жылы жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Ядролық медицинаның физикалық негіздері» және «Медицинада ядролық амал-әдістерді қолдану» деп аталатын екі нақты курсты әзірледім. Қазіргі уақытта осы екі курс бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің ядролық физика халықаралық кафедрасында сабақ беріп жүрмін. Бүгінгі таңда медициналық физика бойынша 15 түлек даярланып, олардың бәрі Президент істері басқармасының клиникасында, Назарбаев уни­верситетінің республикалық диагностикалық орталығында, Алматы мен Семейдегі онко­логиялық орталықтарда еңбек етіп жүр. Олардың бәрі осы бағытта дипломдық жұмыстарын жазған. Егер онкологиялық орта­лықтар басқа өңірлерде ашылса, жұмыс істеп кетуге қауқарлы, тә­жірибелері мол, нақты өндірістік практикаға қатысқан кадрлар.
– Сырқаттардың сыры мен сипаты күрделене түскен қазіргі заманда медицинаның жаңа жетістіктеріне де үміт көбейеді. Елімізде енді жолға қойылған медициналық физиканы әрі қарай дамыту бағытындағы жоспарларыңыз қандай?
– Адамның толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіретін барлық ауруларды анықтау мен емдеу жоғары сапалы технологиялармен тікелей байланысты. Бүгінде күллі әлем ядролық медицинаның мүмкіндіктерін пайдалануға барынша басымдық беруде. Бұл тұрғыда біздің елімізде де диагностика мен терапиядағы жаңа технологияларға қол жеткізілді. Келешекте бұл бағыттағы жұ­мысымды жалғастыра бер­мекпін. Алдағы уақытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елордада жаңа ұлттық онкологиялық орталықтың іргесі қаланғалы жатыр. Орталыққа ядролық технологиялар енгізілетін болады. Бұл саланың маңызы өте зор деп ойлаймын. Себебі, томотерапия, тераностика, протонды терапия ісік ауруларын азайтуда, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру үшін ғана емес, ұлттың ұзақ ғұмыр жасауында өте маңызды. Физик ретінде онкологиялық аурулар мәселесін шешу – атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданумен тікелей байланысты екендігін айтқым келеді. Сонымен қатар, мейлі қалада не ауылда тұрсын, әрбір азамат осы емдеу әдісін тегін алуы керек. Қазір елімізде ашылғалы отыр­ған халықаралық стандарттарға сай онкологиялық орталыққа кадрларды даярлау жұмыстары жүргізілуде.
– Отандық медицинаның тың бағытын игерумен қатар, сіз қазір жасыл технологиялар саласында еңбек етіп жүрсіз. Бұл сала бойынша құрылған халықаралық орталық департаментінде нендей жұмыстар атқарылуда?
– Халықаралық жасыл технологиялар орталығы – Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен құрылған ЭКСПО мұрасы. Орталықтың коммерцияландыру департаментінің міндеті – бұл бағыттағы инновациялық жоба­ларды тауып, енгізуге ықпал ету. Бұл ретте арнайы бағдарлама әзір­леніп, ғылыми жетістіктерді, ға­лым­дарымыздың жаңалықтарын практикаға енгізуге баса назар аударылуы қажет. Қазіргі таңда бізде патенттелген 2870-тей отандық жасыл технологиялар бар. Халық­аралық жасыл технологиялар орталығы өндіріске енгізуге дайындығы жоғары барлық перс­пективалы жасыл бағыттағы технологияларды жинау бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Бұл – ғалымдарымыздың әзірлемелерін тәжірибеге енгізіп, әрі қарай коммерцияландыру үшін үлкен мүмкіндік.
– Серік Амангелдіұлы, сізді «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына енуіңізбен құттықтай отырып, кәсіби қызметіңізде әрі қарай да жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз.
– Рахмет.

Сұхбатты жүргізген –
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру