Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Көктемгі егіске дайындалуда

Биыл Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 542,3 мың гектарды құрамақ. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 25 мың гектарға (2018 ж. – 517 мың га) немесе 4,9 %-ға артық. Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы сөз болды.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, дәнді дақылдардың алқабы күздік дақылдар егісін ескергенде 265 мың гектарды құрай­ды. Соның ішінде жаздық дәнді дақылдарды 188,4 мың гек­тарға егу жоспарланған.
– Егіс алқаптарының құры­лы­мына сәйкес жаздық бидай 83,4 мың гектарды немесе 44,3%-ды, арпа 85 мың гектарды немесе 45%-ды, тары 4,4 мың гектарды немесе 2,3%-ды және басқа да дәнді дақылдар 5,6 мың гектарды немесе 2,5%-ды құрамақ. Соның ішінде майлы дақыл­­дар 64,8 мың гектарға егіліп, күнба­ғысты 51 мың гектарға дейін жет­­кізу көзделген. Картоп және кө­көніс-бақша дақылдарын 10 000 гектарға егу жоспарлануда (2018 ж. – 9 632 га), оның ішінде картоп – 4 300 гектар, көкөніс дақылдары – 3 800 гектар, бақша дақылдары – 1 900 гектар болады. Нарықтағы сұранысқа және өндірістік тиімділігіне байланысты майлы дақылдар алқабын 18,2%-ға, картопты 2,4%-ға және көкөніс-бақша дақылдарының алқаптарын 7,5%-ға ұлғайту жос­парланып отыр, – деді Денис Омашев.
Мемлекеттік сатып алулар үрдістері қорытындылары бойынша екі аккредиттелген «Казагрэкс» АҚ және «Орал-Жер» ЖШС мекемелерінің зертханалары тұқым сапасына тексе­ріс жүргізуді бастады. Соның нәтижесінде барлық дәнді дақыл тұқымының егуге жарам­дылы­ғы анықталмақ. Сондай-ақ көктем­гі далалық жұмыстарға 4215 трак­тор, 4081 дәнсепкіш, 830 қоп­сытқыш және «Джон Дир», «Флек­сикойл», «Кейс», «Хорш» мар­калы 47 жоғары өнімді егіс кешендері қатысады. Бүгінде трактор­лардың 97%-ы, дән­сеп­кіш­тердің 96%-ы, қопсыт­қыш­­тардың 97%-ы жұмы­сқа дайын.
– Көктемгі далалық жұмыс­тарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна (сәуірге – 2 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусымға – 4 мың тонна) дизель отыны керек. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 165 теңгені құрайды, – деді Д.Омашев.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру