Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Ұл-қызыңызды қызылшаға қарсы ектірдіңіз бе?

2019 жылдың 1 сәуіріне өңірімізде 27 қызылша оқиғасы тіркелді. Мамандар Батыс Қазақстан облысында қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты деп санайды.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысында өңірлік ком­муника­циялар қызметінің ақ­парат алаңында «Облыстағы қы­зыл­ша ауруының эпидемиоло­гия­лық жағдайы» тақырыбында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов, Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауовтың қа­тысуымен баспасөз мәсли­ха­тында айтылды.
– Облыста 27 қызылша оқи­ғасы тіркелді. Ондай жағдайлар Бөкей ордасы, Бәйтерек, Бөрлі, Сырым аудандары және Орал қаласында тіркелді. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 6 оқиға тіркеліп, үлес салмағы -22,2%-ды, 1 жасқа дейінгі балалар арасында 4 оқиға тіркеліп, 50%-ды құрады, – деді Жайдар Құрманов. Оның айтуынша, облысымызда қызылша ауруын алдын алуға қажетті барлық іс-шара қолға алынған. Эпидемияға қарсы іс-шара жүргізу барысында жұқпалы ауру ошақтарында 736 қарым қатынаста болған тұлғалар анықталып, 52 адам қызылшаға қарсы егілген.
– 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап облыста қызылшаға қар­сы екпе жүргізу ұйымдасты­рыл­ды. Жалпы, қызылша – дене қызуы­ның жоғарылауы, жө­тел, мұрын бітуі, тамақтың ауруы және бөртпемен сипатталатын вирустық табиғатты жіті жұқ­палы ауру. Қызылшаның белгі­лері: жалпы әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы, жарықтан қорқу, көздің қызаруы, жас ағу (конъюнктивит), жөтел. Ал негізгі белгілері: бүкіл денеге бөртпе шығу, ақ (ұнтақ жарманың жиналуы сияқты) және ауыз қуысын­дағы қызыл дақтар. Қы­зыл­ша пневмония (өкпенің қабы­нуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар меди­ци­налық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін, – деп ескертті Жайдар Бисенбайұлы.
Мамандардың айтуынша, елімізде қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі. Біріншісі сәби 1 жасқа толғанда және екінші рет бала 6 жасқа жеткенде қызылшаға қарсы егіледі. Қы­зыл­шаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген (ҚҚП) қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады.
– Ата-аналарға өз бала­сы­ның қызылшаға қарсы егілген-егілмегенін тексеріп, вакци­нация болмаған жағдайда қызылшаға қарсы профи­лактикалық тегін егісті алуды ұсынамыз. Қызыл­шаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына түрлі мәдени-көпшілік іс-шара­ларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу қажет, – деді Мәдениет Танауов.

Материалдарды дайындаған – Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру