Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Сырлы сурет әлемі

«AspanGallery» атты өнер галереясында қазақстандық суретші Нұрбол Нұрахметтің «Мүшелеу» атты дербес көрмесі өз жұмысын бастады. Экспозиция автордың соңғы бірнеше жыл бойғы белсенді жұмысы мен ізденісі нәтижесінде түрлі техникаларда орындалған шығармаларын қамтиды.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының және Сан-Франциско универ­ситеті­нің Өнер акаде­мия­сының түлегі Нұрбол Нұрахмет Орта Азияның қазіргі заман суретшілерінің ара­сындағы жас ұрпақтың нағыз дарынды өкілдерінің бірі болып ке­леді. Өз шығармашылығында ол фотосурет, бейне және тікелей әсер ететін фотосуретті күнде­лікті қолдану мән-мәтінінде кескін­деме, коллаж, сурет және литография сияқты дәстүрлі техниканы пайдалану арқылы өнердің өзгеше түрін ұсынып отыр.
Көрмеде ұсынылған серияла­рында Нұрахмет өзін толған­ды­ратын мәселелер спектрінің өзінше визуалды талдамасын жа­сауға талпыныс жасайды. Талдау әдісі ретінде суретші мағыналарды, бейнелерді, сезімдерді фрагменттеу, мү­шелеу, коллаж­дау­ды пайдаланады.
«Нұрахметтің бірінші көрмесі ұйымдастырылғаннан бері бес жылдан аса уақыт өтті. Ол кезде суретші оқуын енді бітірген, сондықтан оның Ә.Қастеев мұра­жайындағы көр­месі студенттік кезеңін аяқ­тағандай болды. Біз ұйым­дастырған «Мүшелеу» көрме­сінде кескіндемеде, коллажда, графикада немесе басқа суретшімен жүргізген диалог-кітап ретінде өз ойын білді­ріп, қазіргі заман мәселелерін зерттейтін кемеліне келген суретшіні көріп тұрмыз. Көр­меге арнап қылқалам иесі автолитография тұтас сериясын дайындағанын атап өту қажет. Бұрын қазақстандық су­ретшілер бүкіл КССРО-ға өздері­нің баспаграфикасымен әйгілі еді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл техника өнердің шетінде қалып, тіпті жоға­лып кетуге жақын деуге болады. Суретшілер дәстүрлі техниканы пайдалана білгені және өзекті мәселер көтере алатыны қандай тамаша»,– деді «AspanGallery» негізін қалаушы Меруерт Қалиева.
Ал қылқылам иесі болса не себепті өзге жанрда сурет салатынын тілге тиек етті. «Менің көрмем – талдама, сұрыптау, ашу және кесік болып келеді. Бұл – физи­калық та, визуалды да, уақыт және кеңістіктің де кескіні. Тұтасты сұрыптау, бір-бірінен жіктеу, бүтінді түсіну үшін фрагменттеу. Мен фигуративпен, денемен, тәнге қатысты көзқараспен жұмыс істеймін. Жанды дене және дене рухы. Жан туралы әңгімелер ертелі-кеш жерге оралады, өйткені ой, тән деңгейінде ғана ойлайды. Дене – тірі обьект ретінде немесе дене өкілі ретінде монументтің өмірді жалғастыруы», – деді суретші.
Айта кету керек, Н.Нұр­ахмет 1986 жылы Алматы қа­ла­сында туған. Алматыда тұрып, жұмыс істейді. Өз шы­ғар­ма­шылығында Нұрахмет кес­кіндеме, сурет, литография және коллаж сияқты дәстүрлі тех­никаларды пайдаланады. Өзінің шығармалары арқылы Орта Азияның мәдени, саяси және әлеуметтік ахуалы туралы батыл ойын білдіреді.
Көрмеде қазіргі заман жа­һанды проблематикасы мен мәтініндегі қазақ мәдениетінің тағдырына қатысты ойға же­тектейтін жұмыс­тары ұсы­нылған. «Абайдың бөл­месі» (2018) Еуропа және Ресей та­ри­хынан алынған классикалық өнердің көптеген бейнелерімен түрлендірілген. Мұнда тар жерде бутафориялық қоймадағыдай Қазақстанның мәдени дамуына ықпал еткен немесе одан әрі ықпал ететіндер қоймаға жи­настырылған.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру