Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Өмір сапасы өткір шешімдерге байланысты

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту шаралары, сонымен бірге ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы қаралды.

Жиында елдегі алғашқы медици­налық-санитариялық көмек көрсе­тудің қазіргі жайы туралы денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов пен бірқатар өңір әкімдерінің есебі тыңдалды. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Г.Әбді­қалықова биыл «Денсаулық» мемле­кеттік бағдарламасы аяқтала­тынын, осыған орай Алғашқы меди­циналық-санитариялық көмекті дамытудың негізгі бағыттарын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдау қажеттігін айтты. Сәйкесінше, әкімдер мен мемлекеттік органдар алдағы бес жылда денсаулық сақтау саласында негізгі басымдық АМСК сапасы мен қолжетімділігін арттыруға берілетінін ескере отырып, өз ұсыныстарын енгізулері қажет.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр халыққа медициналық көмектің қолже­тімділігін қамтамасыз етудің, оның сапасын жақсартудың маңыз­дылығына тоқталды. Бұл шаралар қазақстандықтардың өмір жасын ұзартуға, әлеуметтік көңіл-күйін түзеуге тікелей ықпал етеді. Бұл тұста денсаулық сақтау жүйесінде алғашқы буын дәрігерлерінің шамадан тыс жүктемесі, маман тапшылығы мәселелері өзекті болып қалуда. Осыған байланысты Үкімет «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа әлеуметтік стандарттарды енгізіп, ауылдық жерлерде денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы бойынша өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеуде.
Үкімет басшысы міндеттерді іске асыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірлер әкімдіктеріне жұмысты бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастыруды тапсырды. Атап айтқанда, жаңа ал­ғаш­қы медициналық-санитариялық көмек нысандарын ашу арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүк­темесін азайтуды қамтамасыз ету, бұл нысандарды қажетті медициналық құралдармен жарақтандыру қажет. Осы орайда Қарағанды облысындағы Көктас және Жамбыл облысындағы Гродеково ауылдарында тиімді жүзеге асырылған жобалар аталды. А.Мамин осы оң тәжірибені басқа да өңірлерде қолдану керектігін айтты. Бұдан соң жас мамандардың ауылдарда тұрақты жұмыс істеп, елді мекендерде қалуына жағдай жасау, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін пысықтау қажет. Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жас мамандарға жоғары көтерме ақы төлеу, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырылған жұмыстар жөнінде айтылды. Үкімет басшысы осындай бастамаларға айрықша көңіл бөлу керектігін нығыздады. Сонымен қатар Елбасы тапсырмасын тиімді орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Алғашқы ме­дициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын Үкімет деңгейіне көтеру керек. Сондықтан салалық ведомствоға бір ай мерзімде іс-шаралардың жандандырылған жоспарын әкімдік­термен пысықтап, оны бекіту үшін Премьер-министр Кеңсесіне енгізу тапсырылды.
Отырыста қаралған келесі тақырып – ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар, жалпы ағымдағы жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, өңірлер әкімдері есеп берді.
АШМ басшысы осы айдан бастап еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатып жатқандығын мәлімдеді. «Шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткен жетістіктерді сақтап қалуға, сондай-ақ құс тұмауы, шошқаның классикалық обасы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттыруға жол ашады», – деді С.Омаров.
Мәселені түйіндей келе, Үкімет басшысы Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Үкімет алдында 2022 жылға дейін өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кемінде 2,5 есе өсіру міндеті тұрғандығын, межеге барар жолда ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік талаптары сақталуы тиістігін баса айтты.
2017 жылы Қазақстанның бар­лық өңірлері аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Осының арқасында, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясына мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қойылған шектеу алынды, тиісті шарттар келісілді. Қазіргі таңда Израиль, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы да басқа елдермен осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Биыл наурызда қазақстандық фитосанитарлық қызмет 30 ұн кәсіпорнын тексеріп, олар ҚХР бидай ұнын экспорттаушылар тізіміне енгізілді. «Ветеринарлық және фитосанитарлық кедергілерді алу және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қазақстанның жоғары сапалы және экологиялық таза өніммен қамтамасыз ететін сенімді көзге айналуға барлық әлеуеті бар», – деді А.Мамин.
Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесе негізгі мәселелерге ерекше назар аударып, нақты шараларды қолға алулары қажет. Атап айтқанда, тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету, мал қорымдары орындарын ветеринарлық-санитарлық талаптарға сәйкестендіру, егіс алқаптарын зиян­кестерге қарсы өңдеу шараларын уақытылы қабылдау, тиімді ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды жолға қою шарт. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудаға қатысты жасалынған келісімдер аясында тиісті рәсімдерді жүргізу қажет.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру