Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ БАСТАМАЛАР СӘУІРДЕН БАСТАУ АЛДЫ

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақпан айында өткен «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік салада жүзеге асырылатын тың бастамалар туралы мәлімдеген еді. Атап айтқанда, биыл республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады. Осы ретте Елбасы әлеуметтік бөлімде бірқатар түйткілді мәселелердің бар екеніне байланысты халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдағанын, Үкімет бұл шығындарды дұрыс әкімшіліктендіруі керектігін атап өтті.

Үкіметке әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейту бағытындағы жұмысты қолға алу жүктелді. Осы тұрғыда атал­ған көрсеткішті ең төменгі күн­көріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізу, ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы от­ба­сылардың әрбір баласына бері­летін жәрдемақыны 21 мың тең­геге дейін өсіру тапсырылды.
Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің мәлі­меттеріне қарағанда, аз қамтыл­ған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем – атаулы әлеуметтік көмектің жаңартыл­ған форматына, яғни республика бойынша 21 мың теңгелік жәр­демақыны тағайындауға биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап өті­ніштер қабылдануда. Сонымен қатар өтініш қабылдау аясында тиісті комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Атаулы әлеуметтік көмектің бұл түрі тұрмысы төмен барлық отбасыларға беріледі.
Өтініш қабылдау басталған сәуірдің алғашқы күні еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығына жиналған тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында министр әлеуметтік қолдау мәселелеріне байланысты азаматтардың сауалдарына жауап беріп, өтініштер қабылдаудың бастапқы күндері тұрғындардың көп­теп келуіне байланысты орталыққа кезекші дәрігерді шақырту керектігіне назар аударды.
– Сіздер асықпаңыздар, егер бүгін уақыттарыңыз тығыз болса, ертең немесе аптаның басқа күндері де келе аласыздар. Бұдан бұрын хабарланған­дай, осы айдың аяғына дейін сіздерден өтініштерді қабылдаймыз. Өйткені сәуір айының соңында тапсырсаңыз да, төлем 1 сәуірден бастап есептеледі, – деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар министр Абай даң­­­ғылында орналасқан халыққа қыз­мет көрсету орталығына және Алматы ауданы әкімдігіне барып, атау­лы әлеуметтік көмек бойынша кеңес беру шараларымен танысты. Жұмыс барысында қосымша құжаттарды сұрастыру арқылы адамдардың ары-бері шапқылап, әуреге түсуіне жол бермеу керектігін тапсырды. Бұл мә­селе ерекше бақылауда болатынын атап өтті.
Тұрғындармен кездесуде тілшілер тарапынан қойылған сауалдың біріне орай еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ауылда малдан түсетін табысты есептеу қайтадан қаралатынын айтты.
– Біз жергілікті әкімшіліктерде айтқан болатынбыз, комиссияны құр­ған кезде адамдар көп болуы керек. Әсіресе, комиссия ауылдық жерлерде қандай табыс бар екенін айтады. Өңірлерге барғанда бұл тұрғыдағы ұсыныстарды естіп жүрміз, осы орайда тиісті норманы қайтадан қарайтын боламыз. Біздің ойымызша, бір жылқыдан немесе сиырдан түсетін табыс қайтадан қарастыруды қажет етеді. Қазір Премьер-министрдің бізге берген тапсырамысы бар, осы ретте Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрліктері аталған норманы пысықтап, өзгеріс енгізетін боламыз, – деп түсіндірді Бердібек Сапарбаев.
Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті есептеуге қатысты ел ішінде сұрақ көп, әрине. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы 1 сәуірден бастап көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмекке қатысты ең жиі қойылатын 10 сауалға жауабын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Сонымен, алғашқы сұрақ: Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған фор­матына өтініштерді қабылдау қашан басталады және өтінішті қай жерге барып беру керек? Өтініштерді қабылдау 2019 жылғы 1 сәуірден басталады. Ол үшін тұрғылықты жері бойын­ша жұмыспен қамту орталы­ғына немесе халыққа қызмет көрсету орта­лығына бару қажет. Егер отбасы ауыл­дық жерде тұрса – кент, ауыл, ауыл­дық округтердің әкімдеріне жүгінеді.
Екінші, атаулы әлеуметтік көмекті та­ғайындау үшін қандай құжат­тар қа­жет? Өтініш беру және сәйкестен­діру үшін жеке куәліктен басқа құжат­тар қажет емес.
Үшінші, жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе? Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер Сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз да, төлемді толық көлемде бір ай үшін аласыз.
Төртінші, атаулы әлеуметтік кө­мек алу үшін тұрғылықты мекенжай бой­ын­ша тіркелу қажет пе? Иә, атаулы әлеу­­меттік көмекті тағайындау үшін тұр­­ғы­лықты мекенжай бойынша тұрақ­ты немесе уақытша тіркеу болуы қажет.

Бесінші, жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табыстары есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қарала ма? Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынады. Алайда, министрлік «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізуде. Осылайша, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отба­сы­ның құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.
Алтыншы, жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінің табысы қандай болуға тиіс және жәрдемақы мөлшері қандай? Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК өлшемдерінің мөлшері арасындағы айырма төле­неді. Мысалы, екі ересек ата-ана мен алты кәмелет жасқа толмаған баладан тұратын отбасын алайық. Ай сайынғы табысы: 1) Әкесінің жалақысы – 150 000 тг. құрайды; 2) Көпбалалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы –10 504 тг; 3) «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 тг. Отбасының ай сайынғы табысы – 176 664 теңге. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы келесідей есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 тг. Тиісінше, отбасы АӘК көрсету критерийлеріне сәйкес келеді. Балаларға АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 теңге х 6 бала = 124 734 тг. Ата-аналар үшін АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 тг. – 18 750 тг. = 2 039 тг; 2 039 х2 = 4 078 теңге. АӘК жиынтық мөлшері 124 734 тг. + 4 078 тг = 128 812 теңге. Егер бұрын отбасы АӘК көрсету критерийіне сәйкес келмесе, онда 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 128 812 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Осылайша, жаңа атаулы әлеуметтік көмекті ескере отырып, отбасының жалпы табысы: 176 664 тг. + 128 812 тг. = 305 476 теңге болады.
Жетінші, отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алына ма? Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық табысы ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшелік­те­рін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады. Яғни әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы.
Сегізінші, 1 сәуірден бастап отба­сының жалпы табысын есептеу кезін­де қандай табыс алынып таста­лады? АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есеп­теген кезде мыналар есепке алын­байды: 1. 4 жә­не одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы; 2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқа­ларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдем­ақы; 3. Баланың мүгедектігі бойынша жәр­демақы; 4. Студенттердің стипен­диясы; 5. Жергілікті атқарушы ор­ган­дар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.
Тоғызыншы, көпбалалы отбасы­ларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар және олар жөнінде толық ақпаратты қайдан алуға болады? «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар­ға ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) мем­лекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінде 235 мың ана осындай құрметті атаққа ие. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар: көлік құралдарына салынатын салық­ты және жер салығын; тұрғы­лықты мекенжайын тіркеу, паспорт және жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариаттық және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығын және т.б. төлеуден боса­тылады. Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы. Бұдан басқа, министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеу­меттік көмек пен қызметтердің бір­ыңғай пакетін әзірледі. Оны АӘК алушыларға жер­гілікті атқарушы ор­гандар көр­сетеді. Әлеуметтік пакетке жер­гі­лік­ті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді. Оның ішінде 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерлерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту, мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу құрал-жарақтарымен қам­тамасыз ету және т.б. бар. Бірыңғай әлеуметтік пакетті енгізу елдің барлық өңір­лерінде мұқтаж азаматтарға бір­дей әлеуметтік көмек көрсетуге мүм­кіндік береді. Атаулы әлеумет­тік көмек тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, ауылдық әкімдіктерден, сондай-ақ 111 call-орталығы арқылы алуға болады.
Оныншы, атаулы әлеуметтік көмекті қандай жастағы балалар ала алады? Жаңа тетік бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру