Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Өндіріске жаңа технологияларды енгізуге ынталандыруы тиіс

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Агроөнеркәсіп кешені комитетінің жұмыс отырысында импорттың жоғары үлесі азық-түлік бағасының өсуіне әсер ететіндігін атап өтті.

«Біз инфляция импортына қатты тәуелдіміз. Елімізге әкелінетін валю­таға сатып алынған азық-түлік өнім­дері нарығындағы бағалар теңге бағамының құбылуына бірден әсер етеді, бұл жайттың өз кезегінде ин­фля­цияға да ықпалы бар. Еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық қауіпсіздігі тұрғысынан қарайтын болсақ, импортты алмастырудың әлеуетті нишаларын ескере отырып, азық-түлік өнімдерінің отандық өн­дірісін дамыту қажет», – деді Тимур Құлыбаев.
Соңғы үш жылдағы статистика деректеріне қарар болсақ, қант, сары май, ірімшік сынды импорт та­уар­ларының үштен бір есе қымбат­тағанын көреміз.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы импорт үлесі 3,4 млрд АҚШ долларынан 3,6 млрд АҚШ дол­ларына дейін артқан. Осы ретте, жиынға қатысушылар атап өткендей, қазақ­стандық шаруалар ішкі нарыққа сүт және сүт өнімдері, құс еті, жұмыртқа секілді отандық өнімдерді жеткізер болса, импортты ең кемі 1 миллиард АҚШ долларына азайтар еді.
Алайда, Қазақстан Агроөнеркәсіп кешенінің айтарлықтай әлеуеті болғанымен үдерісті тежейтін бірқатар факторлар бар. Мәселен, 2000-шы жылдардың басында енгізілген субсидиялау жүйесі өндірістік көр­сеткіш­тердің өсуін қамтамасыз етпеді. Бұған себеп субисдиялардың «ынталандырушы» құрауышының әлсіздігі.
Ал, мемлекеттік қолдауды көп жағдайда ірі және орта кәсіпорындар алады. «Атамекен» ҚР ҰКП міндеті – Агроөнеркәсіп кешені комитетінің қолдауымен шағын кәсіпорындар мен кооперативтерге теңдей шарттарды құру, ал мемлекеттік қолдау механизмдері – шаруаларды тиімді өндіріс және жаңа технологияларды енгізуге ынталандыруы керек.
«Атамекен» Төралқа Төрағасының айтуынша, агроөнеркәсіп кешені ел дамуының негізгі бағыттары тізі­мінде болуы керек. Кадр мәселесі және жұмыспен қамтудан бастап, агро­өнеркәсіп кешені және ауыл шаруа­шылығы саласына ғылымды интеграциялауға дейінгі аралықта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралардың бүкіл кешенін және қолдауды ескеру маңызды.
«Қазақстан халқының тең жартысын құрайтын ауыл тұрғындарын еңбекпен, тұрақты жалақысы бар, маусымдық емес, жыл он екі айлық жұмыспен қамту қажет. Ауылдағы жұмыс көздері ауыл шаруашылығымен ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес ұсынған қызмет түрлері, өнімді өңдеу, көрші аудандар мен облыстарға тауарлар мен қызметтерді өткізумен өлшенеді. Қазір жүргізіліп жатқан скрининг жаңа өндірістер мен қызмет көрсету саласына арналған негізгі нишалар мен мүмкіндіктерді анықтайды. Мұнда маңызды рөлді ауыл шаруашылығы шикізатын терең өндеу өнеркәсіптері атқара алады. Жол, ауруханалар, мектептер, спорт кешендері және басқа да қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылған тірек ауылдарды дамыту бойынша кешенді жұмысты жүргізу қажет. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін ауылда өмір сүру деңгейін көтеру қажет, ауыл балаларының ішінен шыққан, мемлекеттік грант бойынша білім алған агрономдар, мал дәрігерлері, инженерлер мен механизаторлар ауылға қайтып, жұмыс істеуі керек. Оларға баспана, орналасуға қажетті несие бөлініп, жағдай жасалуы тиіс», – деп ұсынды ҰКП басшысы.
Тимур Құлыбаев Агро ғылымның бұрынғы тәжірибесін қайта жандан­дыруға қатысты ойын білдірді. Ғылы­ми институттар, жоғары оқу орын­дарының жұмыс істеуіне қара­мастан отандық ғылым қажетті нәтиже көр­сетпей отыр, сондықтан жүйеге түбегейлі өзгерістер керек. Бірінші кезекте мемлекеттік бюджеттен және басқа да көздерден қаржыландыру қарастырылып, ең жақсы көрсеткіш­терге қол жеткізу үшін жаңа сұрыптар мен технологияларға сынақ жүргізу және бейімдеу бойынша тәжірибелі шаруашылықтардың тиімділігін арттыру қажет.
Қазақстан үшін пайдалы ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесі мен инвестциялары өте маңызды. Мәселен, Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі бидайды терең өңдеу бойынша жобаларға бағытталуы мүмкін несиелеу ресурс­тарына ие. Неміс инвестицияларын тарту озық тәжірибемен алмасуға, технологияларын алуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуроодақта өткізуге мүмкіндік береді.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төр­­ағасы Тимур Құлыбаев Агро­өнеркәсіп кешені комитетіне қауым­дас­тықтармен түйткілді мәселелерді шешу бойынша барлық ұсыныстарды талқы­лау, құзырлы органдар және Үкімет деңгейінде ары қарайғы тал­қылау үшін шоғырланған ұста­нымды қалып­тастыруды тапсырды.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру