Валюта бағамы: $ 386.7 427.15 6.06 ¥ 54.57

Бизнес адам капиталымен дамиды

Кластерге ұласқан серіктестік

Шаруашылыққа нақты мамандану, бизнесті қолдау бағдарламаларына қатысу, кәсіпорындарға алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу – аграрлық субъектілер дамуының негізгі факторлары екендігі айқын. Осы басымдықтармен Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко және К» сенімгерлік серіктестігі елдегі өрісі кең шаруашылықтардың біріне айналып отыр.

Ұрпақтар жалғастығының ерекше үлгісі, ата кәсіпке адалдық, жеке жетістіктерімен шектеліп қалмай, туған жерінің өркендеп-гүлденуіне атсалысу – мұның бәрі Зенченко отбасына тән қасиеттер екенін жұртшылық жақсы біледі.

Күрмеуі қиын тоқырау жылдарында Новоникольское кеңшары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан осы өңірде соңғы орында болған. Сол кезеңде қиындыққа бой алдырмай, Елба­сының сындарлы саясатына арқа сүйеген Қазақстанның Еңбек Ері, отандық ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы Геннадий Иванович Зенченко тұралап қалған ауыл өміріне жан бітірді. Әйгілі аграршы, елімізге танымал біртуар тұлғаның салып кеткен сара жолын бүгінде ұрпағы жалғастыруда. «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігі озық шаруашылық ретінде өңірге ғана емес, бүкіл елге танымал.
Бүгінгі таңда кәсіпорын ет және сүт өнімдерін өндіру мен сату, асыл тұқымды сиыр басын көбейту, жылқы фермаларын, өсімдік шар­уашылығын дамыту бойынша ауқымды да әртараптандырылған қызметті жүзеге асырып келеді. Серіктестік жұмысы жалпы аумағы 34500 гектарды құрайтын ауылшаруашылық жерлерімен байланысты, оның 25000 гектары егіндік алқабы, ал 9500 гектары жайылымға арналған. Бұдан бөлек, компания иелігінде 33000 тонна сыйымдылықпен 19 астық қоймасы, 4 мал шаруашылығы нысаны, 288 бірлік ауылшаруашылық техникалары, бірқатар фермалар, мұнай базасы бар. Жалпы мал басы – 7620, оның ішінде сауын сиыр саны – 2615. Жылдан жылға компания ет, астық және картоптың тауар өндірісін арттыруда. Сонымен қатар көп­теген жылдар бойы сүт өндіру – ферманың басты бағыты болып қалыптасқан. Жоғары сапалы сүт өнімдерінің арқасында «Зенченко және К» Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен танылды. Сүт, айран, майлы айран, ірімшік, май – республика тұрғындары күнделікті қабылдайтын өнімдердің толық тізімі мұнымен бітпейді. Сүтті қайта өңдеу және өз шикізатынан сүт өнімдерін өндіру Петропавл қаласында орналасқан жобалық қуаты тәулігіне – 50 тонна сүт зауытында жүргізіледі. Ал мұндағы сұрыптама сүт, сүт өнімдері, сүзбе өнімдері, сары майдың 35 атаулы түрін қамтиды. Барлық өндірілетін өнім өз елімізде және Ресейде сатылады. Бұл ретте ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтырумен қатар, экспорттық әлеуетті нығайту, бұл бағытта сүт өндірісінің көлемін ұлғайту мен сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру тұрақты жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ еңбекақы деңгейін көтеруге мүмкіндік туғызады. Компания ұсынған соңғы деректер бойынша, кәсіпорында 600-ден астам адам еңбек етеді және орташа еңбекақы 103 мың теңгені құрайды. Қазірде өмір сапасы оңалып, тіршілігі ширай түскен ауыл «жасыл» энергетикаға да ден қойып, желден қуат өндіріп отыр. Өткен жылы қуаттылығы 1 мВт құрайтын 2 ЖЭК және күн батареялары сатылып алынды. Жел электр станцияларын сатып алу мен іске қосу экономиканың электр энергиясына қажеттілігін толық өтейді. Сондай-ақ Трудовое ауылында 600 басқа арналған мал шаруашылығы іске қосылды.
Аграрлық салада қол жеткіз­ген мол жетістіктермен қоса, ком­пания әдеттегідей аймақтың әлеу­меттік дамуына үлес қосуын жалғастыруда. Табысының бір бөлігін елді мекеннің дамуына жұмсауды дәстүрге айналдырған шаруашылық соңғы жылдары, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, спорт кешені сынды маңызды әлеуметтік нысандарды тұрғызуға, жұмысшыларға арнап 1-2 бөлмелі пәтерлер салуға ұйытқы болды. Жыл сайын компания 3400000 теңге сомасына қайырымдылық көмек көрсетеді. Соның ішінде әлеуметтік-мәдени нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларға ұдайы материалдық көмек берілуде.
– Мемлекет бүгінде ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетуде. Кә­сіпкерлерге уақытылы субсидия беріледі. Осы қолдаудың арқасында біздің серіктестік үлкен кластерге айналды, – дейді, жетістіктің басты құпиясы – бірлікте, деп санайтын кәсіпорын басшысы, Г.Зенченконың ұлы Геннадий Зенченко.
– Жақсы кәсiпорын – барлығы үшiн үлгi. Геннадий Геннадьевич өндiрiстi қолдау мен дамыту үшiн қолдан келгеннiңӊ барлығын жасап отыр. Сүтке қажеттiлiк жоғары болғандықтан, бұл сала кеңейтiлуде. Мемлекет тарапынан даму үшiн барлық жағдайлар жасалады. Табиғи және таза өнiм әрқашан тұтынушысын жоғалтпайды, – деп, өңір басшысы Құмар Ақсақалов та кәсіпорын жұмысын жоғары бағалаған болатын.


Еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру жөніндегі міндеттерге сәйкес іске қосылған бірегей нысан – «Иван Зенченко» ЖШС-нің Рублевка ауылындағы сүт кешені. Жобаны жүзеге асыруға Аққайың ауданының әкімдігі, ауыл шар­уашылығы, ветеринария, сон­дай-ақ кәсіпкерлік бөлімдері тартылған. «Иван Зенченко» се­ріктестігінің сүт кешені жұмыс істегеннен бері Рублевка ауылында 50 жұмыс орны құрылды. Сүт кешені орта есеппен күніне 12 тонна сүт өндіреді. Мал шаруашылығы кешені Петропавловск-Астана тас жолының маңында, ауылдың оңтүстік-шығыс жағында орналасқан. Мұндағы заманауи ғимараттар, қоршалған аумақ, су мұнарасы ландшафпен лайықты үйлесім тапқан. Бұл «Зенченко және К» КС көпсалалы бас кәсіпорнының 6-шы мал шаруашылығы кешені болып отыр. Бүгінгі таңда мұндағы симменталь тұқымының 596 басы түгелдей төлдеп, күніне 11,5 тонна сүт алынуда. Кешен автоматты, цифрлық технологиялармен толық жабдықталған. Сиырлардың жағдайы, алынған өнім көлемі қазіргі заманғы жабдықтардың мониторында оңай байқалады. Сиырлар автоматты түрде сауылып, арнайы оператор мониторда сүтке қатысты барлық ақпаратты және өнімнің сапасын бақылап отырады. Жемшөп түрлі компоненттерден құралады. Сүт шикізаты күніне екі рет «Зенченко және К» сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі, зауыт өз кезегінде күн сайын 80 тонна сүт қабылдап, өңдейді.
Аққайың ауданындағы ша­ғын ауылда орын тепкен 600 бас ірі қара малға арналған сүт фермасының құрылысы ауылдағы мәдениет үйіндегі күрделі жөн­деу жұмыстарымен қатар жүрді. Сөйтіп, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасы аясында атқарылған ізгі шаралардың арқасында көптен бері қаражаттың жоқтығынан істен шыққан ескі мәдениет үйі қатарға қосылып, толыққанды жұмыс істей бастады. Өткен ғасырдың 60-жылдарында тұрғызылған ғимарат бүгінде адам танымастай өзгерген. Жаңартылған мәдениет үйінде 200 орынға арналған 2 зал, кітапхана, мамандар үшін бөлмелер жабдықталды. Игілігі мол істер шалғайдағы ауылды қайта түлетіп, айналадағы тірлікті жандандыра түсті. Турасын айтқанда, бұған дейін дамудан кенже қалып, тұрғындары лайықты тұрмыс үшін басқа өңір­лерге үдере көше бастаған елді мекеннің бүгінде екінші тынысы ашылғандай. Бұл ең алдымен осы ауылға ел тағдырын ойлайтын қамқор азаматтың, шаруаға мығым, еңбекқор кәсіп иесінің келуімен байланысты. Шаруаны қолға алған кәсіпкер тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, сапалы тұрмысты қамтамасыз ету үшін үзбей тер төгуде. Әйгілі атасы секілді Иван да ауылдастарының, қызметкерлерінің жағдайын түзеуді бір сәт естен шығарған емес. Жергілікті тұрғындар да өз кезегінде ауылды жаңғыртуға үзбей атсалысып келе жатқан ферма басшылығына алғыстарын айтып, жарқын болашаққа се­нетіндіктерін жеткізуде. Табыс пен тұрмысты көтерудің мақ­сатты стратегиясы мен кәсіби шеберлікті ұштастырудың бірегей үлгісі осындай болса керек.

Ботагөз Әбдірейқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру