Валюта бағамы: $ 378.56 424.44 5.91 ¥ 56.36

Ер еңбегімен озады

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін», деген болатын.

Ата-баба бойындағы игі қасиет­терді бағалау, туған елін, жерін сырт жаудан қорғаудағы ерлік істерін дәріптеу, олардың асқақ рухын қастерлеу –менің осы шағын ма­қаламның кейіпкері, техника ғы­лым­дарының докторы, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы Майлыбай Наятовтың бойы­нан көрініс тауып отыратын асыл қасиеттер.
Бұл інімізбен 2000 жылы Үстірт­тегі Сисем ата қорымындағы Шотан батырға арналған ескерткіш-кесененің салынуына орай өткен салтанатты шара кезінде кездесіп, әңгімелескен едік. Ұзын бойлы, қа­раторы, сом денелі жігіт амандасуға өзіме жақындағанда, алғаш келген ой: «Паһ, мына жігіттің үстіне Шотан батырдың сауытын кигізіп, қолына бес қаруын асындырып, өзін шұбар тұлпарының үстіне отырғызып, жекпе-жекке шақырған жауына қарсы қоя берсе, қарсыласының зәре-құтын қашырып, есеңгіретіп тастағандай екен». Шынымен-ақ, көріскенде оң қолым оның алақанының ортасында ойнап қалды. Сырт қарап тұрған көзге халық ертегісіндегі «Дәу мен Қаңбақ шал» болдық та қалдық.
Аман-түгел сұрасып, әңгімелесу барысында зиялы отбасынан шығып, қазақы, иманды тәрбие көрген, өмірдің ыстық-суығына төзіп, ысылған, жан-жақты білімдар азамат екендігі әрбір сөз саптауынан байқалып тұрды. Арғы аталары Бұхарада оқып, білім алған «шихы ахундар» Түрікменстандағы Қараған босағада мешіт-медресе салдырып, діни қызметтер атқарған, туған жерге оралғаннан кейін де сол қызметтерін жалғастырып, Мұхаммедин, Сәби молдалар Бесқала, Хорезм, Жаңаөзен қаласына, Теңге, Қызылсай кенттеріне белгілі діни қызметкерлер, абыройлы молдалар болған.
Майлыбай 1954 жылы Түрікмен­станда Көне Үргеніш ауданында дүниеге келген. Әкесі – Өтебай Наятұлы ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған, атажұртқа келгесін Өзен мұнай базасында, қазақ газ өңдеу заводында жауапты қызметтерде болды. Өзінің жүрген ортасында ұстамды, байсалды мінезімен, араласқан жолдастарына, тумаластарына қайырымдылығымен үлкен беделге ие болған сыйлы азамат. Теңге ауылында ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, тумаластарының ақыл сұрар ақсақалы, кез келген шаруаларының ұйымдастырушысы болды. 2003 жылы дүниеден өткен соң бұл қызметтердің барлығын баласы Майлыбай адал­дықпен атқарып жүр. Анасы – Мамық Тоқтабайқызы тігінші болды. Батыр ана он бала тәр­биелеп өсірді.
Адай халқының абыз ақсақал­дарының бірі, бағзы заманда, 1723 жылғы тарихта Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама деген атпен қалған астан-кестен кезде елді жоңғар қалмақтарының шабуылынан аман сақтап қалу үшін сонау Алатаудан батысқа көшу жөнінде алғаш ұсыныс жасаған Шотан батырдың әкесі Назар ата болыпты. Ол – Адайда қыдыр көрген үш Назардың бірі. Осы атаға Жем өзені бойындағы Беқашы қорымында 2013 жылы ескерткіш-мазар салынды. Сонымен қатар, Бозашының Қаратөбе жерінде бұрыннан жатқан ақын Тоқтамыс Абыл батыр, Дәулеталы Досан және Шотан батыр рухтарына арналған үлкен ас берілді. 2003 жылы Тұщықұдық орта мектебі алдында халық ақыны С.Жанғабылұлына ескерткіш орнатылды. Осы рухани-мәдени шараларға материалдық-қаржылай көмек ұйымдастырудың басы-қасында Майлыбай Өтебайұлы жүрді. Бұл істердің барлығы да – ұрпаққа үлгі боларлық, өнегелі, маңызы зор шаралар.
Ол 1970 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласын­дағы Қазақ политехникалық инсти­тутының мұнай факультетіне түсіп, мұнай және газ скважиналарын бұр­ғылау мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1975-1976 жылы «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында бұрғышының көмекшісі, бұрғышы болып жұмыс істеді. Жоғары білімді жас маман еңбек жолының басынан өзінің міндетті жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, тындырымды, төңірегіндегі тәжірибелі жұмысшылардан үйренуге ұмтылып тұратын, ізденімпаз маман ретінде жүрген ортасына таныла бастады. 1976-1984 жылдары «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында аға технолог, аудандық инженерлік техникалық қызметінде (орысша – РИТС) ауысым бастығы, 1984-89 жылдары «Мангышлакнефть» ӨБ өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында РИТС бастығының орынбасары, РИТС бастығы қызметтерін атқарды. 1989-1990 жылдары Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасында материалдық техникалық жабдықтау бөлімі (МТЖБ) бастығы, 1990-1995 жылдары Өзен бұрғылау жұмыстары басқарма басшысының орынбасары, 1995-1997 «Өзенмұнайгаз» ӨБ өндірістік-техникалық қамтамасыз ету мен жабдықтау жиынтығы (орысша – УПТОиКО) директорының бірінші орынбасары, 1997-2000 жылдары Ақтау қаласында «Экономика» ЖШС директорының орынбасары, 2000-2011 жылдары «ҚазМұнайГаз» БӨ «Круз» ЖШС атқарушы директоры, техникалық директоры, 2011-2014 жылдары «ҚазМұнайГаз» БӨ «Круз» ЖШС бас маман лауазымында қызмет атқарды. 2014-2017 жылдары «Круз», «Өзенмұнайсервис» ЖШС еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздік бөлімінің бастығы қызметінде болды.
Майлыбай Өтебайұлы 2008 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің аспирантурасының сырттай оқу бөліміне түсіп, 2008-2009 оқу жылдарында мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау мамандығы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-де, ал 2010-2013 жылдары Каспий қоғамдық университетінде мемлекеттік емтиханды және дипломдық жобаларды қорғауды қабылдау бойынша Мемлекеттік аттестациялық комиссия төрағасы болды. 2012 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық ғылыми және өнер академиясында докторлық диссертациясын қорғады. Ол 28 ғылы­ми еңбектің, ҚР 5 инновациялық патент­тің және жоғары оқу орындарына арналған ана тіліндегі «Күрделі жағдай­ларда ұңғыларды бұрғылау», «Күр­делі жағдайларда ұңғыларды бұрғы­лау және апаттық құралдар», «Гра­вийные фильтры буровых скважин на жидкие и газообразные полез­ные ископаемые» оқулықтарының авторы.
Сонымен қатар ол республикалық Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен және халықаралық София, Прага, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Донецк қалаларында өткен конференцияларға қатысты. Өндірістегі табыстары бағаланып, «Өзен кен орнына 40 жыл», «Маңғыстау мұнайына 50 жыл», «Маңғыстау облысына 40 жыл», «Айрықша еңбегі» үшін Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ «Үздік түлегі», «Бекет Ата 250 жылдығы», «ӨзенМұнайГазға 50 жыл», «Қазақ хандығына 550 жыл» мерейтойлық медальдарымен Ресей Федерациясынның «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» В.И.Вернадский орденімен, ҚР Энергетика министірлігі «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, Маңғыстау облысы әкімінің және «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ, «ҚазМұнайГаз ұлттық ком­паниясының» Құрмет грамоталарымен марапатталды. Өткен жылы Өзен кен орындарының ұңғыларды бұрғылау, күрделі жөндеу жұмыстарын атқарып, мұнай өндірісінің тиімділігін, өнімнің сапасын арттыруға, сондай-ақ ғылымның озық жаңалықтарын өндірісті игеруге енгізген және Жаңа­өзен қаласының экономикалық дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін Наяттегі Майлыбай Өтебайұлына Жа­ңаөзен қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Мәртебелі мұнайшы мамандығын абыройлы азаматтың балалары да таңдаған. Жары Наушамен ұзақ жылдар бойы ел игілігі үшін сіңірген еңбектері өз жемісін беріп, кейінгі ұрпаққа жұғысты болатынына сеніміміз кәміл.

Асқар Жұмақали,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Маңғыстау ауданының
құрметті азаматы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру