Валюта бағамы: $ 384.05 432.79 5.96 ¥ 55.46

Ұлттық мұрамыз мәңгілік болғай

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлттық мұрамызды ұлықтап, төл мәдениетімізді жаңғыртуға бағытталған «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтті.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Мақсат – Қазақ елін мекендейтін түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салт-дәстүрін насихаттау, ұлттық мәдениетті нығайту, өскелең ұрпақты отбасы құндылығын бағалай отырып құрметтеуге, мейірбандық пен ұлттық кодты сақтауға тәрбиелеу және талантты жастарды анықтау.
Өнер және мәдениет факуль­теті ұйытқы болған фестиваль­ға еліміздегі түрлі ұлт өкілдері­нің қоғамдық бірлестіктері мен жо­ғары және орта арнаулы оқу орын­дарының ұжымы мен мектеп оқушылары қатысты. Атап айт­қанда, байқауда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гумани­тарлық колледжінің оқыту­шылары мен студенттері өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар шарада Ұйғыр аналар одағы, Орыс мәдени орталығы, Неміс мәде­ни орталығы, Татар-башқұрт қо­ғамдық мәдени орталығы, Украин мәдени орталығының және Алматы облысы Жамбыл аудандық мәдениет үйінің, Жамбыл облысы Жуалы мен Қордай аудандарының өнерпаздары да сынға түсті.
Сан талантты тоғыстырған байқаудың ашылу рәсімінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Білім мен ғылымның қа­ра­шаңырағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық уни­верситетінің бастама танытуымен елімізде тұңғыш рет ұйым­дастырылып отырған «Киелі бесік» республикалық музыка фестивалі – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтап, мерейін таcытуға бағытталған бірегей шара. Бұл фестиваль – бабадан балаға мирас болып келе жат­қан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасы­лық құндылықтарды құрмет­теу­ге үндейді. Қазақ елінде тұратын түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салты мен төл мәдениетін насихаттауға бағытталған бұл байқау алдағы уақытта да дәстүрге айналатынына кәміл сенімдімін. Бұған себеп те жоқ емес.«Береке, қай­да барасың? Бірлігі мен ын­тымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатқа айналған ұлы сөз бар қазақта. Расымен де елдің табысты һәм ырысты болуы береке-бірліктің арқасында. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еге­мендіктің елең-алаң жылдарында, 1995 жылы Қазақ елін мекендейтін барлық этностардың басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бұл бірегей институттың бүгінде елімізде орнаған бейбітшілікке қосқан үлесі зор деп ойлаймын. Қазіргі күнде сан ұлтты ұйыстырған, талай тілекті тоғыстырған мерейлі мемлекетімізге өзге жұрт қызыға қарап, үлгі алушылар көп, – деді Гаухар Алдамбергенова.
Оқу орнының басшысы өз сөзінде бүгінгі Қазақстан тыныштық пен тұрақтылықтың мекеніне айналғандығын да атап өтті.
– Біз әлемнің көз алдында бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналдық. Біз бүгінгідей аумалы-төкпелі кезеңде Елба­сының саяси батылдығының арқасында тәуелсіз Қазақстанның әрбір даму кезеңі жетістіктердің, көпұлтты Отанымыздың бірлігі мен тұрақтылығын нығайтудың жылдарына айналғанын айқын сезініп отырмыз. Тарих толқынында «мың өліп, мың тірілген» ата-ба­ба­ларымыздың сан ғасырлар бойы асыл арманы шындыққа айналып, тұғырлы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ел бірлігін ту етіп, елімізде сан түрлі этностың баласы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Келісім мен бірлік, Отанымыздың тағдырына деген ортақ жауапкершілік – Қазақстанның табысты дамуының басты стратегиялық ресурсы, ертеңгі күнге деген біздің сеніміміз бен күшіміздің басты қайнар көзі. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Дос­тық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық, бесенеден белгілі. Баршаңызға бірлік пен ынтымақты ту еткен мәні зор, маңызы ауқымды шараға қолдау білдіріп, белсенділік та­ныт­қандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, – деді университет ректоры.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы турда қатысушылар бесік тақырыбында театрландырылған қойылымды көпшілік назарына ұсынса, екінші кезеңде «Киелі бесік» тақырыбындағы халық әндерін орындады. Олардың қа­тарында бесік жырлары, ана әлдиі мен бесік туралы әндер бар.
Қатысушылардың өнері театр қойылымының ақпараттық насихатталуы, бұрын зерттелмеген тың идеяны көрсету, декорация, костюм және актерлік шеберлік сынды бағыттар бойынша бағаланды. Ал музыкалық бағытта әннің сөзі мен әуені­нің сапалылығы, шығарманың күрделілігі, орындаушының сах­налық киім үлгісі мен мәдениеті назарға алынды. Қазылар алқа­сының құрамында мәдениет қайраткерлері, ақын, жазушылар мен танымал өнер жұлдыздары болды.
Фестиваль қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұжымы үздік атанып, бас жүлдеге ие болды.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекет­тік университетінің оқытушы­лары мен студенттерінің өнері қа­зылар алқасы тарапынан жо­ғары бағаланып, бірінші орынға ие болды. Ал екінші орын Украин мәдени орталығы мен Жамбыл облысы Жуалы ауданының өнер ұжымдарына бұйырды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Жамбыл облысы Қордай ауданының өнерпаздары үшінші орынға табан тіреді. Сонымен қатар арнайы ынталандыру сыйлығымен Орыс мәдени орталығы, Неміс мәдени орталығы және Алматы облысы Жамбыл аудандық мәдениет үйінің қатысушылары марапатталды. Фестиваль жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру